Жарнама
Саясат

Мәжіліс бүгін рақымшылық туралы заңды талқыға салады

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысы өтеді. Онда депутаттар ел Конституциясының 30 жылдығына орай рақымшылық жасау туралы заң жобасын талқыға салып, қаржы нарығын дамыту мәселелеріне қатысты заңдағы Сенат жаңа редакцияда ұсынған баптарды пысықтайды, — деп хабарлайды kaz.inform.kz.

9 маусымда Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен палатаның отырысында бүгінгі жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланған еді. Соған сәйкес, алдымен депутаттардың талқылауына Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері ұсынылуы тиіс-ті. Бірақ, кеше Мәжілістің баспасөз қызметі ұсынған күн тәртібінде Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есебі ұсынылатындығы туралы мәлімет болмады.

Сонымен бүгінгі отырыста қаралатын басты құжаттың бірі – «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасы болмақ.

Құжат Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатымен депутаттар тарапынан әзірленіп, қылмыстық саясатты ізгілендіруге бағытталған. Заң жобасы азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндірмейтін қылмыстар жасаған адамдарды қылмыстық жауапкершіліктен немесе жазадан босатуды көздейді.

Рақымшылық қылмыстық құқық бұзушылықтар мен аса ауыр емес қылмыс, сондай-ақ ауырлығы орташа қылмыс жасаған адамдарға залал келмеген немесе ол толық өтелген жағдайда ұсынылады.

Сонымен қатар залалдың немесе азаматтық талаптың болуына қарамастан ауырлығы орташа қылмыс жасаған азаматтардың әлеуметтік осал санаттарына қолданылуы мүмкін. Негізгі баяндамашы — Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Абзал Құспан.

Заң жобасы Мәжіліс қарауына 4 маусымда түскен еді.

Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Снежанна Имашеваның сөзіне қарағанда, заң жобасы Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты гуманизм қағидасы негізінде қылмыстық саясатты ізгілендіру мақсатында депутаттардың бастамасымен әзірленді.

– Құжатта азаматтармен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар жасағаны үшін сотталғандарды, оның ішінде азаматтардың әлеуметтік осал санаттарын, кәмелетке толмағандарды, кәмелетке толмаған балалары бар әйелдерді, жүкті әйелдерді, ҰОС қатысушылары мен мүгедектерді және оларға теңестірілген адамдарды, зейнеткерлерді, мүгедектерді және басқаларды босату ұсынылады, — деді С.Имашева.

Ал Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ тілшілерге берген сұхбатында нақты босатылуы мүмкін адамдардың санын атады.

– 4,1 мың адам босатылады. Алдын ала есептеулерге тоқталсақ, қылмыстық атқару мекемелерінен шамамен 632 сотталған, пробация қызметінің тізімінде тұрған 3,5 мың адам босайды. Ал бас бостандығынан айыру орындарындағы 5,4 мың сотталғанға және пробация қызметінің есебінде тұрған 5,5 адамға жазаның өтелмеген мерзімін саралап қысқарту қолданылады. Сонда, барлық мерзім қысқарту 11 мың адамды қамтиды, — деді Ү.Шапақ.

Жалпы отырыстың күн тәртібі жобасында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту, қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, байланыс және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының Сенат жаңа редакцияда ұсынған жекелеген баптары бар.

Есте болса, 29 мамырда өткен Сенаттың жалпы отырысында депутаттар осы заңды қараған еді. Талқылау барысында сенаторлар заңды концептуалды түрде қолдап, оған бірқатар түзету енгізді. Нақты айтқанда, мемлекеттік органдар мен кредиттік бюролардың ақпараттық жүйелері арасында мерзімді әскери қызметке шақыру туралы ақпарат алмасуға қатысты өзгерістер бар. Одан бөлек, депутаттар банк құпиясы мен микрокредит беру құпиясын құрайтын ақпаратқа заңсыз қол жеткізудің салдарын жою жөнінде шаралар қабылдау мерзімдерін нақтылауды ұсынды. Сенаторлар ұсынған түзетулер аясында Ұлттық банктің Антифрод-орталығының дерекқорларын ұялы байланыс операторларының базаларымен интеграциялау регламенттеледі, алмасуға жататын мәліметтердің тізбесі нақтыланады және алаяқтық белгілері бар қоңырау анықталған жағдайда ұялы байланыс операторларының іс-әрекеттері айқындалады.

4 маусымда өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Денсаулық сақтау министрлігінің, оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының халықты және денсаулық сақтау объектілерін дәрілік заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз ету бойынша қызметінің тиімділігіне жүргізілген аудит нәтижелері туралы Жоғары аудиторлық палатаның есебін тыңдады.

Аудит нәтижесімен Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов таныстырды. Ол елімізде өндірілетін дәрі-дәрмектер саны екі есе азайып кеткенін айтты.

–Отандық тауар өндірушілерден сатып алудың жалпы көлемінің өсуіне қарамастан, отандық компаниялар жеткізетін дәрі-дәрмектер ассортименті 968-ден 507-ге дейін, яғни 2 есеге жуық азайған. Басқаша айтқанда, отандық тауар өндірушілер өндірісі жеңіл медициналық бұйымдар шығаруды ұлғайтқанымен, елімізде өндірілетін дәрі-дәрмектер саны қысқарып жатыр, — деді ол.

Талқылау қорытындысы бойынша Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы отандық фармацевтика өнеркәсібін дамытудың маңыздылығын үнемі атап келетінін, осыған орай депутаттық корпус салаға заңнамалық тұрғыдан қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Бұл ретте Палата спикері Мемлекет басшысының 2025 жылға қарай отандық өндірістегі дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың үлесін 50 пайызға дейін жеткізу жөніндегі мақсат орындалмағанын атап өтті.

– Көріп отырғанымыздай, дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету деңгейін арттыру бойынша міндеттер әлі де жеткілікті. Сала жүйеленген тәсіл мен неғұрлым озық көзқарасты талап етеді. Есепті тыңдау қорытындысы бойынша біз Үкіметке, уәкілетті органдар мен әкімдіктерге ұсынымдар дайындадық. Депутаттар саладағы жағдайды жақсарту бойынша нақты шаралар ұсынды. Үкімет бүгінгі талқылау қорытындысы бойынша депутаттардың барлық ұсынысын ескеруі қажет. Өз тарапымыздан қажетті көмек көрсетуге дайынбыз, – деді Е. Қошанов.

Сонымен қатар депутаттар орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері туралы заңды екінші оқылымда қабылдады.

Заң жобасының негізгі нормалары:

–ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыс жайларын және селден, қар көшкіндерінен, көшкіндерден қорғау құрылыс жайларын салу, сондай-ақ олардың жұмыс істеуі үшін суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарын, ауыл шаруашылығы, биологиялық және ирригациялық-мелиорациялық, балық шаруашылығы бейініндегі ғылыми-зерттеу және оқу орындарының тәжірибелік алқаптарының жерлерін, орман және су қорын алып қоюға рұқсат беру;
–ауылды елді мекендердің немесе әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылым объектілерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерін ауыстыруға;
–қарауында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бар мемлекеттік органдардың құзыретін белгілеу;
Алакөл мемлекеттік табиғи қорығының арнайы бөлінген учаскелерінде жергілікті халықтың мұқтажы үшін шөп шабу мүмкіндігі мәселесін уәкілетті органның белгілеген тәртіппен шешуі.

Заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында депутаттар келесідей түзетулер енгізді:

–ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылғанға немесе кеңейтілгенге дейін салынған денсаулық сақтау, білім беру объектілерінің, зираттардың, тазарту құрылыс жайларының, электр беру желілерінің жұмыс істеуі үшін олардың нысаналы мақсатын өзгертпей, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін ауыстыруға рұқсат беру мүмкіндігін қарастыру. Бұл ретте олардың нысаналы мақсаты өзгертілмейді;
–ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристік объектілердің қызметін қамтамасыз ету үшін жол, көпір, байланыс және өзге де инженерлік инфрақұрылымды жобалау, салу және пайдаланудың тәртібін белгілеу;
–орман шаруашылығы саласының мамандарына шөп шабуға және мал жаюға жер телімдерін беру;
табиғи өрттерді сөндіру үшін жанар-жағармай материалдары мен авиаотын резервін құру.
Астана қаласының орман саябақ аймағы жерлерін басқару және пайдалану тәртібін белгілеу.

Мұнан бөлек, Мәжіліс «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін құру туралы Қазақстан-Ресей келісіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялады. Хаттама арқылы ұшу сынақтарының басталу күнін 2025 жылдың желтоқсанына ауыстыру туралы түзету енгізіледі. Сондай-ақ Ресей тарапының 2028-2039 жылдар аралығы кезеңінде «Бәйтерек» кешенінен жылына кепілдендірілген ұшу саны екіден үшке дейін ұлғайтылады. Бұл жобаның өтелуіне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Өзгерістер салықтық преференцияларға да қатысты. «Бәйтерек» кешенін уақтылы пайдалануға беру Қазақстанға ғарыш аппараттарын әзірлеу мен жасаудан бастап оларды «Бәйтерек» кешенінен ұшыруға дейін тиімді коммерциялық құрылымы бар толыққанды ғарыш саласын құруға мүмкіндік береді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button