«МӘҢГІЛІК ЕЛ» – «Қазақстан – 2050» стратегиясының түпқазығы
Әлемнің озық дамыған отыз елінің ортасынан ойып орын алудың нақты міндеттерін Жолдаудың басты бағытына біріктірген Елбасымыз келешектің керегі мен болашақтың берерін бедерлеп, сан саланың табысты тұстарын тапсырмалармен түйіндеді. Инновациялық индустрияландырудың, агроөнеркәсіп пен ғылыми экономиканың, инфрақұрылым мен шағын және орта бизнестің жетістіктерін саралап, жетімсіз тетіктерін де айқындап берді.
ХХІ ғасырдағы дамыған елдің белсенді, білімді және денсаулығы мықты ұрпақтың сапалы білім алып, үлгерімі жақсы студенттер мен оқушыларға қолдау көрсетілетінін, денсаулықты сақтау саласында алғашқы медициналық-санитарлық көмекке көңіл бөлінетінін, жалпықазақстандық мәдениеттің дамуында мәдени саясаттың тұжырымдамасы әзірленетінін және ана тіліміздің мемлекеттік тұрақты тұғырға айналатынын, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау қызметкерлерінің еңбекақылары пайыздап артатынын, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көбірек көңіл мен қаржылай қамқорлықтар қаралатынын көздеген Елбасы Жолдауы – жарқын болашақтың бастауы екенін тағы бір мәрте даусыз мойындатты.
Елбасымыздың «Әсіресе, жастарға айтамын. Бұл Стратегия сіздерге арналған. Оны жүзеге асыратын да, жемісін көретін де – сіздер!» деуі – өскелең жастарға артқан сенімінің шынайы көрінісі. Сондықтан, біз, жастар, Мәңгілік елдің мәртебесін асырып, дамудың даңғыл жолына күш-қайратымызды салып, Елбасы Жолдауының жүзеге асуына жұдырықтай жұмылып қызмет етуге шақырамыз.
Серік Қойшығұлов,
Махамбет аудандық «Жастар ресурстық
орталығы»
ММ басшысы.