Жарнама
Саясат

Мұхит ИЗБАНОВ, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Атырау облысы бойынша департамент басшысы, Тәртіптік кеңес төрағасы: «ЕЛ СЕНІМІ – ЕҢ ҮЛКЕН МӘРТЕБЕ»

— Алдымен, мемлекеттік қызмет саласындағы соңғы өзгерістер туралы айта отырсаңыз? Ол өзгерістер салада бар мәселелердің шешілуіне қаншалықты әсер етуде?

— «Кадр бәрін шешеді» деген сөз бар ғой. Расымен де кадр мемлекет дамуының басты негізі, тіпті тетігі деуге болады. Осы орайда еліміздің мемлекеттік қызмет саласын ұдайы дамытып отыруды қашанда негізгі саясат етіп ұстанып отырғандығын атап өткім келеді. Өйткені, білікті кадр – еліміздің дамуы, мемлекетіміздің өркениетті елдер қатарынан орын алуының негізгі тетігі деген сөз. Әлемнің ең дамыған үздік отыз елінің қатарынан көрінуге ұмтылып отырған Қазақ елі үшін білікті кадр саясатын табысты жүргізу маңызды дейтініміз де осыдан.

Ал, мемлекеттік қызмет саласындағы басты жаңалық – меніңше, «А» және «Б» корпустарының өмірге келуі. Бұл жаңалық саладағы барлық проблемаларды шешіп тастады дей алмаймыз. Өйткені, жаңалықтың өмірге енуі бар, оның әрі қарай қолданыста жүруі бар, бәрі уақытты қажет етеді. Дейтұрғанмен, бұл корпустардың салаға енуі мемлекеттік қызметкерлердің іріктелуіне, былайша айтқанда, салаға өз ісінің кәсіби шеберлерінің ғана енуіне жол ашты. Осы орайда тағы бір қосарым, елімізде мемлекеттік қызметтің жаңа моделі қолданысқа енді. Қоғам алдында есеп беру, ашықтық және меритократия қағидаттарына сүйенетін бұл модель біраз жетістіктерге жол ашты. Көптеген елдердің мемлекеттік қызмет саласында тәжірибе мен білім, ақпарат алмасып, ынтымақтасатын бірегей алаңы —  мем­ле­кеттік қызмет бойынша аймақтық хабтың Қазақстанда құрылғаны – өз алдына үлкен жаңалық.

— «А» корпусының құрылғанына да біраз уақыт өтті. Жаңа реформаның алғашқы нәтижелеріне берер бағаңыз қандай?

— Бұл сұраққа менен гөрі қоғамдық сарапшылардың жауап бергені әлдеқайда объективтірек болар еді. Дейтұрғанмен, өз тарапымнан мынаны қосқым келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «А» корпусы ешқандай элиталық кадр емес, ол – халықтың қызметшісі. Халықтың тілегі қашанда маңызды.  Оған немқұрайлы қарауға болмайды. Сондықтан да, бұл корпустың алдында азаматтардың проблемаларын біліп, оны шешумен күні-түні айналысу міндеті тұр. Адамдарды сендіре білу, әділ әрі ашық сұхбат жүргізу маңызды. «А» корпусындағылар осы талап үдесінен шығып жатса, әрине, бұл мақсаттың орындалғаны.

Бүгінде еліміз үшін жаңа бір бетбұрыс кезеңі басталды ғой. Біз жаңа саяси бағытты, «Қазақстан – 2050» стратегиясын сеніммен қолға алдық. Бұл мемлекет пен қоғамның алдында жаңа міндеттердің тұрғанын көрсетеді. Енді оларды жаңаша, креативтік тұрғыдан ойластырып, табандылықпен шеше білу сіз бен біз әңгімелеп отырған корпустың кәсіби шеберлігіне байланысты. 

— Жергілікті өзін-өзі басқару саясаты елімізде қаншалықты өз деңгейінде жүріп жатыр? Осы орайда қай мемлекеттерден үлгі алғанымыз жөн?

— Жергілікті өзін-өзі басқару саясаты мемлекетті түбі гүлденген экономикаға, өркениет көшіне, азаматтық қоғамға алып барады. Біздің елімізде бұл саясат толыққанды жүзеге асып жатыр деуге әлі ертерек. Дейтұрғанмен, алғышарттар бар. Соның бірі ауыл әкімдерінің сайланбалылығын енгізу еді. Бұл-ұзақ жылдық дайындықпен келетін, сонда ғана жемісін беретін саясат. Бізге бұл саясатты табысты жүзеге асыруда АҚШ, Ұлыбритания, Польша, Бельгия елдері үлгі бола алады. 

— Тәртіптік кеңес отырыстарында айтылған ұсыныстар мен қабылданған шешімдер қаншалықты нәтижесін беруде?

— Тәртіптік кеңес мемлекеттік қызмет саласындағы түрлі келеңсіз жайттарды болдырмас үшін керек. Сондықтан, өз басым облыстағы Тәртіптік кеңес төрағасы ретінде, кеңестің әр отырысындағы мәселеге мейлінше сақтықпен, тереңірек үңіліп қараймын. Кеңес отырысында түрлі мәселелер қаралып жүр ғой. Осы үстіміздегі жылдың алғашқы бес айында еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасы мен «Ар-намыс кодексінің» нормаларын бұзуға жол берген 26 мемлекеттік қызметкерге байланысты нақты шара алу жөнінде ұсыныс жіберген екенбіз. Оның ішінде екі адам лауазымынан төмендетіліп, он бір адам атқаратын қызметінен босатылды. Тәртіптік жазаға тартылғандардың ішінде үш бірдей селолық округ әкімі де бар. Олар сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылықты жасағандары үшін жұмыстан босатылды. Түрлі деңгейдегі жазаға тартылғандардың ішінде жиырма мемлекеттік әкімшілік қызметшілер де болды. Осы жерде мынаны айтқым келеді. Заң міндетті түрде орындалуы керек. Заң жалпақшешейлікті көтермейді.  «Білмей қалдым» деген сөз де ешкімді заң алдындағы жауапкершіліктен құтқармайды. Біздің мемлекеттік қызметкерлер осыны есте ұстауы керек.

— Жеке азаматтардың өтінішіне  қаншалықты құлақ астыңыздар?

— Осы жолы сізге статистика тілімен жауап берейін:  Департаментке үстіміздегі жылдың алғашқы бес айында жеке және заңды тұлғалардан барлығы 58 өтініш келіп түсті. Жеке тұлғалар көп жағдайда еліміздің қолданыстағы заңнама талаптарына түсінік беруді талап етеді. Дейтұрғанмен, жеке тұрғын үй салу үшін жер телімін беру, пәтер алу сынды мәселелер бойынша да өтініштер түсіп жатады.  Мұндайда, әрине, олардың шағымдарын тиісті орындарға жолдап отырамыз.

— Кезінде үлкен-үлкен мемлекеттік құрылымдардың құлағын ұстаған экс -шенеуніктердің жемқорлық фактісімен темір тордың артына тоғытылып жатқандығы жөн-інде жиі еститін болдық. Тіпті, бұл факт бүгінде елді аса бір елеңдете қоятын жаңалық болмай да қалды. Мұндай оқиғалардың көбеюі мемлекеттік қызметтің беделін түсірмей ме?

— Осындайда «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген қазақтың тауып айтқан даналық сөзі еріксіз еске түседі екен. Меніңше, бұл мәселенің екі жағы да бар. Шенеуніктер арасындағы жемқорлық фактілердің көбеюі, әрине, белгілі бір дәрежеде мемлекеттік қызметтің беделіне салқынын келтіреді. Дейтұрғанмен, жемқор әріптестеріміздің темір тордың артына тоғытылуы бір жағынан елдің заңы бар екенін, оны белден басудың соңы бәрі-бір жауап берумен аяқталатынын қоғамның есіне қайта-қайта салып отыр. Осындай сұрақты дәл қазір сіз бен біз талқылап отырмас үшін де елімізге жемқорлықпен күрестің жаңа тетіктерін іске қосу керек-ақ.

— Мемлекеттік қызмет – өз алдына үлкен сала.  Осы орайда, саланы жетілдіруде тағы нендей тетіктерді іске қосқан жөн деп ойлайсыз?

Қазақ елі тәуелсіздік жылдарында жеке бастамаларды қолдайтын және тұрғындардың әлсіз жіктерін тиімді қорғауды қамтамасыз ететін институттар құра алды. Осы уақыт ішінде табиғи ресурстарымызды дамуымызды қолдайтындай етіп пайдаландық. Біздің экономикалық табысымыздың үлкен бөлігіне жедел индустрияландыру мен қызмет көрсету салаларын дамытудың арқасында қол жетті. «Жасыл экономикаға» өту мәселесі жүзеге асырыла бастады. Қазақстан еңбек ресурстары базасын дамытуда зор табыстарға жетті.

Енді біздің алдымызда білім экономикасына көшу міндеті тұр. Ол үшін энергетикалық ресурстарды басқару, қайталама қуат көздерін дамыту мен қуат тиімділігін, индустриялық дамуды қамтамасыз ету саласында өзіміздің стратегияларымызды теңдестіру және үйлестіру міндеті тұр. Мұның барлығын не себепті санамалап отырмын? Осы қыруар істерді атқаруда Президент Әкімшілігінен бастап ел Үкіметі, министрліктер, түрлі деңгейдегі ведомстволар тарапынан шешуші істерді қолға алуға тура келеді. Сондықтан, алда әкімшілік кедергілерді жою,   қағазбастылықтан арылу, мемлекеттік қызметкерлерге әлеуметтік пакет жасақтау сынды мәселелерді реттеу міндеті тұр. Біздің саламыз, яғни мемлекеттік қызмет әлде де болса ашықтықты, жариялылықты қажет етеді.

—    Әңгімеңізге рахмет! Мереке құтты болсын!

Сұхбаттасқан

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button