Жарнама
Саясат

Әлеуетті елмен әріптестік

Әлемдік экономикада Германия өндірістік және технологиялық сектордың көшбасшысы аталып жүр. Еуропалық Одақ, НАТО халықаралық ұйымдарының негізін қалаған Германиядай алпауыт елмен арадағы дипломатиялық қатынас 1992 жылдың 11 ақпанында орнады.

Әлеуетті елмен әріптестік-2

Осы уақытқа дейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Германияға жеті мәрте ресми сапар жасады. Ашық дерек көздеріндегі мәліметтер ең жоғары деңгейдегі сапарлардың 1992 жылдың өзінде басталғанын айтады.

Қазіргі таңда екі ел арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық жоғары деңгейде орнаған. Германия Қазақстан экономикасына автокөлік, машина жабдықтарын, электртауарларды, дәрі-дәрмектерді импорттап отыр. Қазақстан көмірсутектерді, металдарды, химиялық шикізаттарды, ферроқорытпаларды жеткізеді.

Соңғы кездері екі ел өндіріс және технологиялар трансферті саласындағы ынтымақтастыққа ден қойып келеді. Қазақстан Республикасының Германия Федеративті Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Болат Нүсіповтің мәліметінше, бүгінде неміс инвестицияларының 90 пайызы отандық экономиканың шикізаттық емес секторына бағытталып отыр. Яғни, инвестицияның дені қайта өңдеу өнеркәсібі, химия саласы, құрылыс заттары өндірісі, машина жасау, аграрлық-өнеркәсіп кешені мен ауыл шаруашылығына негізделуде.

Осыдан тура бір жыл бұрын Астанада халықаралық ЕХРО – 2017 мамандандырылған көрмесі өткені белгілі. «Болашақтың энергиясы» тақырыбын таңдаған еліміз бүгінде «жасыл экономика» бағытындағы бірқатар инновациялық жобаларды енгізуге кірісті. Осы ретте Астана халықаралық қаржы орталығымен әріптестік орнатуға Германияның айрықша қызығушылық танытып отырғанын атап өткен жөн. Себебі, Астана халықаралық қаржы орталығы өндіруші, өңдеуші елдер үшін жоғары мүмкіндік алаңы бола алады. Германиядағы Қазақстан Елшілігі сайтының хабарлауынша, Астана қаржы орталығымен байланыс соңғы кездері неміс елінен қазақ жеріне сапарлайтындар санының күрт өсуіне ықпал еткен. Германиядан келетін туристер санының артуы сарапшылардың айтуынша, неміс іскер топтарымен арада бірлескен жобалардың көбейіп, соның ішінде, қонақ үй бизнесінің артуына ықпал етуде.

Қос мемлекет арасында экономикадан бөлек, мәдени, гуманитарлық байланыс жақсы дамыған. Мәселен, Германия дуалды кәсіби-техникалық білім беруді дамыту бойынша еліміздің жетекші әріптесі болып отыр. Қазіргі уақытта кәсіпорындардың қатысуымен 400-ден аса қазақстандық колледж 80 мамандық және 160 біліктілік бойынша дуалды білім беру жүйесін енгізді.

Өндірістік және технологиялық секторда Германия тауар экспорты бойынша әлем көшбасшысы атанды. Осы ел экономикасы әлеуметтік-нарықтық жүйеге негізделуімен ерекшеленеді. Экономиканың бұл моделі нарықтық қатынастарға еркіндік береді. Десе де, негізгі күш әлеуметтік қамсыздандыруға жұмсалады.

Германияда шағын және орта бизнес өте қарқынды дамыған. Сонымен қатар, неміс елінің экономикасы жоғары деңгейде индустриялануымен де назар аудартады. Соңғы кезде Германия мен Қазақстан арасында индустрияландыру бағытындағы біріккен жобалар қолға алынуда.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Біздің анықтама:

 –  Өткен жылы Қазақстанға Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер ресми сапармен келді. Жоғары деңгейдегі сапар аясында екі ел арасында жалпы құны 1 млрд. долларды құрайтын жиырмадан астам құжатқа қол қойылды;

 –  Неміс елі тарапынан Қазақстан экономикасына салынған тікелей инвестиция 4 млрд. доллардан астам қаражатты құрады;

 – 1992 жылы желтоқсанда Алматы қаласында Германия Федеративті Республикасының Елшілігі ашылды;

– 1993 жылы қыркүйекте Германияның Бонн қаласында ҚР Елшілігі ашылып, 1999 жылы Берлин қаласына көшірілді.

Қазақстанда неміс капиталының қатысуымен 1500-ге жуық экономикалық құрылым. Соның ішінде бірлескен кәсіпорындар, неміс компаниялары мен банктерінің өкілдіктері тіркелген. Олардың арасында  900-ден аса неміс кәсіпорны белсенді жұмыс істеуде. Өңдеуші өнеркәсіп, құрылыс, көлік пен байланыс, ауыл шаруашылығы, басқа да коммуналдық, әлеуметтік және жеке қызметтер мен экономиканың басқа да секторларында ынтымақтастық орнатылған. Қазақстанда «Даймлер», «Фольксваген», «Ман», «РВЕ», «Кнауф», «ЕАДС», «Байер», «БАСФ», «Бош», «МЕТРО» сынды танымал неміс концерндері жұмыс істейді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button