Жарнама
Саясат

Әлем бірігуі тиіс

Астана әлемді ынтымаққа бастаушы саяси күш ретінде қала береді. Орта Азия кеңістігінде Біріккен Ұлттар Ұйымының ролін атқарып отырған Қазақ елінің жаһанды біріктіру жолындағы батыл қадамдары жалғаса бермек. Елордада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі осы ақиқатты тағы бір мәрте дәлелдеді.

1531445756_article_b_1500_

Өркениет алдындағы мәселе

Съездің пленарлық отырысына арнайы қатысқан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бітімгершілік, толеранттылық идеяларын жаһандық деңгейде ілгерілету мәселесін көтерді. «Ғылыми-технологиялық прогрестің дамуы барысында өркениетаралық қақтығыстардың жөнсіздігі айқын көрінеді. Дәл қазір болашақ адамзаттың бет-бейнесі қалыптасуда. Келер ұрпаққа ортақ планетамызды қандай күйде тапсыра аламыз – өркениетіміздің басты проблемасы осы. Біздің үшінші мыңжылдықта өмір сүріп жатқанымызға 18 жыл болды, алайда бейбітшілік, бақ-береке мен молшылық адамзат дамуының негізгі үрдісіне айнала алмады» деген Президент әлемдік қауымдастықтың өзара сенімсіздіктің, жек көрушілік пен қақтығыс иірімінен шыға алмай келе жатқанын мәселе етіп көтерді. Сондай-ақ, геосаяси шиеленістің және санкциялық текетірестің өршіп келе жатқанына жаһандық қауымдастықтың назарын аударды.

Геосаяси блоктар

«Елдердің геосаяси блоктарының арасында жаңа дуалдар мен «темір перделі» кедергілер бой көтеруде. Бірақ, ең қауіптісі, адамдардың ой-санасы мен жүректерінде бір-бірімен араздық сезімі күшейіп келеді. Көп күш-жігер ынтымақтастықтың негізін қалауға емес, бәсеке үшін сылтау іздеуге, халықтың өсіп-өркендеуіне жол ашатын бірлескен жобаларға емес, бірін-бірі қырып-жоятын құрал жасауға бағытталып отыр» деп атап өтті Мемлекет басшысы. Осы жерде арғысы Солтүстік Корея, бергісі Украинадан бастап талай елдің тізбесін жасақтай беруге де болар еді. Десе де, бір ғана Сирия жеріндегі бірнеше жылға созылған қақтығыс соғыс өртінің даламен бірге, адамдардың санасын да жаулап алғанын көрсетіп отыр. Дәл осы мәселемен тыңғылықты түрде нақты бір ұйым айналысып отыр деу қиындау. Десе де, соңғы мәліметтер соғыс өрті тұтанғалы бері Сирия даласында қаза тапқандардың саны 354 мың адамға жуықтағанын көрсетіп отыр. Оның өзінде бұл биылғы жылдың наурыз айындағы мәлімет қана. Сирияның адам құқығы жөніндегі обсервоториясының мәліметінше, қаза тапқандардың негізгі бөлігін бейбіт халық құрайды. Мәселен, соғыс даласында көз жұмған бейбіт тұрғындардың саны — 106 мың 390 адам. Оның ішінде, 19 мың 811-і балалар екен. Бұл тіркеуге алынғандары ғана. Ал, ресми ақпарат тараған наурыздан бері бүгінде талай уақыт өткенін ескерсек, өмірімен қоштасқандар санының арта түспесе, кемімегенін бағамдау қиын емес.

Әлеуметтік кеселден келер қауіп

Халықаралық диалог барысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев назар аударған күрделі мәселенің бірі —  әлемдік деңгейде тараған әлеуметтік кесел жайы болды. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне сәйкес, жер шары халқының 14 пайызы бүгінгі таңда аштықтың азабын тартып отыр. «Жұмыссыздардың жалпы саны 190 миллион адамнан асты. Бұл радикализмнің өріс алуына негіз болатын әлеуметтік теңсіздікті күшейте түседі. Сондықтан, қауіпсіз әрі әділетті әлем қалыптастыру негізгі мәселе болып саналады» деді Қазақстан Президенті. Дамыған елдерде экономикалық өсімдердің тіркелуіне қарамастан, жаһанның кей түкпірінде аштық жағдайлары неліктен күшейіп отыр? Күллі адамзатты сүюге шақыратын ізгілік философиясын тұншықтырып отырған қандай күш? Әлем қауіптеніп отырған террористік оқиғалардың, радикалдық идеялардың ендігі кезекте  жұмыссыздар қатарына іліккен 190 миллион адамның арасында тіркелмесіне кім кепілдік бере алады? Осындайда, жетекші мемлекеттер не істеуі керек? Діни қайраткерлердің, рухани лидерлердің алдында қандай міндеттер тұр? Осындай келелі мәселелерге дүниежүзілік қауымдастықтың назарын аударған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемді ізгілік жолында бірігуге үндеді.

Қайролла КӨШҚАЛИЕВ, Атырау облысы дін істері басқармасының басшысы:

Нәтижелі қадамдар керек

Әлемнің көптеген елдерінен діни, рухани қайраткерлер және саяси лидерлер қатысқан съезде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев түрлі мәдениет, дін және мемлекет көшбасшылары арасында өзара сыйластық, сындарлы ынтымақтастық идеяларын нығайту ісіндегі Қазақстанның тәжірибесіне орынды тоқталып өтті.  Қазіргі таңда елімізде 18 түрлі конфессияның 3,5 мыңнан астам діни субъектілері тіркелген. Осыншама алуан түрлілікке қарамастан, еліміз ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және дін бостандығын қорғаудың тепе-теңдігін сақтай білді. Ендігі міндет — әлемді рухани, діни тұрғыда ағарту жолында біріктіру. Және дін атын жамылған халықаралық терроризммен күресте нәтижелі қадамдарды іске қосу. Бұл ретте дүниежүзінің жетекші мемлекеттері күштік құрылымдардың оң тәжірибесін біріктіруі тиіс.

P.S: Сәт санап құбылып жатқан жаһандағы геосаяси ахуал бәрібір рухани біріктірушіге мұқтаж. Осымен алтыншы мәрте шақырылып отырған съезд кезінде әлем саяси аппокалипсис алдында тұрған күрделі кезеңде дүниеге келген еді. Олай дейтініміз, ғасыр басындағы қырғи-қабақ соғыс пен 11 қыркүйек күні дүниені дүр сілкіндірген АҚШ-тағы атышулы террористік шабуыл оқиғаларынан кейін туындаған күрделі жаһандық ахуалдың ақыры  өркениеттер қақтығысына ұласуы да мүмкін еді. Осындай өліара кезеңде Қазақ елінің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен дүниеге келген съезд идеясы Шығыс пен Батыстың ұлттық, діни құндылықтар тұрғысында өзара диалог құруына мүмкіндік берді. Көпұлтты және көпконфессиялы еліміздің өзіндік тәжірибесін әлем «ізгілік формуласы» ретінде пайдалануы тиіс.

 

Баян Жанұзақова

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button