КОЛЛЕДЖДІҢ БАҒАЛЫ БАСТАМАСЫ
Шараның басты мақсаты – ҚР Президентінің «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын негізгі тапсырмаларды қолда бар мүмкіншіліктерді пайдалана отырып, жүзеге асыру жолдарын жан-жақты таразылау. Бас қосу барысында жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығын бірлесе арттыру, орта мектептер мен кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдары арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту, кәсіби-техникалық білімнің, ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын бірлескен іс-әрекеттер негізінде барынша қанағаттандыруына атсалысу, білім беру жүйесіне инновациялық әдістерді, жаңашылдықтарды енгізу мәселелері талқыланды.
Каспий өңірінің қазіргі замандағы колледжі бастамасымен ұйымдастырылған осы кездесуде оқу орындары басшылары өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту жөніндегі меморандумға қол қойды.
— Меморандумда колледж тарапынан ұйымдастырылатын халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі конференциялар, форумдар, семинар, курстарға мектеп мұғалімдері мен оқушыларының қатысуына жағдай жасау, мектеп оқушылары арасында бірлескен шаралар өткізу (мәдени-көпшілік, спорттық, танымдық, зияткерлік, т.б.), колледжде білімін жалғастыруға ниет білдірген оқушылардың әлеуметтік жағдайларын ескере отырып, колледж Жарғысы мен ішкі ережесіне сәйкес оқу ақысына 10-25% көлемінде жеңілдік көрсету, оқу үлгерімі жоғары мектеп оқушыларының колледждің әлеуметтік серіктестері ұсынған жұмыс орнымен қамтылуына мүмкіндік туғызу қарастырылған, — деді Каспий өңірінің қазіргі замандағы колледжінің директоры, Атырау қалалық мәслихатының депутаты Бақытгүл Хаменова. – Сондай-ақ, мектеп басшылары да өз тараптарынан бірқатар міндеттерді жауапкершіліктеріне алды.
Өзара ынтымақтастық Меморандумының заңды күші – бес жылға дейін. Егер Меморандум міндеттері межелеген мерзімде орындалып, нақты нәтижелерін берсе, мерзімін ұзарту білім беру ұйымдары басшыларының жазбаша келісімі арқылы жүзеге асырылады.
Өз тілшіміз.