Жарнама
Саясат

КӨКЖИЕГІ КЕҢ «КЕДЕРГІСІЗ КЕЛЕШЕК»

 

Елбасының тапсырмаларын тиянақты орындау үшін «Нұр Отан» партиясы бірқатар жобаны жүзеге асыруда. Соның ішінде мүгедектерге арналған «Кедергісіз келешек» деп аталатын жобаны іске қосқаны белгілі. Жоба мүмкіндігі шектеулі жандардың тұрмысын жақсартуда төрт бағытты көздейді. Бірінші мәселе — мүгедектерді тұрақты еңбек орнына жұмысқа тұрғызу. Екінші бағыт — мүмкіндігі шектеулі жандарға еш кедергісіз жағдай жасау. Үшінші шарт — мүгедектердің мәселесіне қоғам мен бизнестің назарын аударатындай дәрежеде  ақпараттандыру жұмысын күшейту болса, соңғы мәселе — мүгедектердің құқығын қорғауды жақсартатын ықпалды шаралар алу.

Мәліметтерге сүйенсек, қазір Қазақстандағы 630 мың адамның мүмкіндігі шектеулі. Олардың 400 мыңы еңбекке қабілетті. Десек те, мүмкіндігі шектеулі жандардың 51 мыңы ғана жұмыспен қамтылып отыр.

Ал, Атырау облысы бойынша 18 000-ның үстінде мүмкіндігі шектеулі жан болса, оның ішінде еңбекке жарамдылары қол қусырып қарап отырған жоқ. Себебі, бүгінгі күні оларды жұмыспен қамтуда көрсетіліп жатқан қолдау аз емес.

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Гүлболат Аманғалиеваның айтуынша, жыл басынан бері басқармаға 554 мүмкіндігі шектеулі жан хабарласса, оның 543-і әлеуметтік көмек түрлерімен қамтылған. Ал, 172-сі тұрақты қызметке орналасса, 293-і уақытша жұмыс орындарына орналастырылған.

Сондай-ақ, «Жұмыспен қамту — 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында  оларды кәсіпкерлікке бағыттауға кең мүмкіндік ашылды. Мәселен, биыл 17 мүмкіндігі шектеулі жанға шағын және орта бизнеспен айналысуға несие беріліп, олар әртүрлі бағытта өз істерін бастады. Өткен жылы 20 адам шағын несие алып, кәсіптерін дөңгелентуде. Соның бірі біз тілдескен ІІ топ мүгедегі Ақмарал Байлауова Атырау қаласында қағаз пакеттерін жасап шығаратын шағын цех ашып, өз жұмысын жандандыруда. Салмағы жеті-сегіз килограмға шақталған тағам салуға арналған пакеттер бүгінгі күні супермаркеттер желісінің сұранысына ие болып тұр. Қажетті қағаздарды Ресейден алдырып отырған кәсіп иесі алдағы уақытта оны жергілікті жерде өндіріп, өз ісін кеңейткісі келеді.

«Елбасының сарабдал саясаты негізінде біз осындай мүмкіндікке қол жеткіздік. Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірге құлшынысын арттыруда бұл үлкен мүмкіндік болды. Ендігі уақытта мұндай қолдау жалғаса берсе екен» дейді кәсіп иесі.  

Сондай-ақ, мүгедектерді жұмыспен қамту дегенде оларды қарапайым қызметтен бастап, ұлттық компаниялар, мемлекеттік органдарға дейін тарту көзделген. Өйткені, мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында қабілеттілері көп. Сондықтан, олардың мемлекеттік органдарға және ұлттық компанияларға жұмысқа орналасу үлесін әлі де арттырған жөн.

Қалай десек те, Елбасының тапсырмасы негізінде мүгедектерге көрсетіліп жатқан мұндай қолдаулар артпаса, кемімеуі тиіс. Бұл ретте әр істің орындалысын «Нұр Отан» партиясының жергілікті филиалдары жіті назарда ұстап келеді.

«Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Бектеміровтің айтуынша, «Кедергісіз келешек» жобасы қолға алынғалы бері облыстық филиалға 386 мүгедек хабарласып, қоғамдық қабылдау арқылы оның 316-сы жұмысқа орналасқан.

— Аталған жоба аясында партияның саяси доктринасында көрсетілгендей, мүгедек жандар 2015 жылға дейін — 50 пайыз, ал, 2020 жылға дейін 100 пайыз жұмыспен қамтылуы қажет. Қазіргі таңда мүгедек жандардың тізімдері анықталып, әр бос жұмыс орнына қызметке орналастыру жайлы жұмыстар жалғасуда, — деген Е.Бектеміров кедергісіз қоғам құрудағы жұмыстар  үздіксіз жалғаса беретінін айтты.

 

Үміт алға жетелейді

Бүгінгі күні мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік төлемдеріне, жәрдемақыларға, тегін жол жүруге, коммуналдық қызметтерді өтеуге,  дәрі-дәрмек алуға, өзге де қарастырылған жеңілдіктерге қомақты қаржы берілуде. Алдағы уақытта да солай бола бермек. Заңнамалық өзгерістерге қарамастан өткен жылы мүгедектер мен Ұлы Отан соғысына қатысушыларға қарастырылған жеңілдіктердің бәрі толық сақталды. Тіпті кейбір төлем түрлерінің көлемі ұлғайды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалған қамқорлықтың мұндай мысалдары айта берсек баршылық. Алайда, бұл — аталған салада проблемалар мен ойлантатын  мәселелер жоқ дегендік емес. Бұл жөнінде бізге «Шуақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Яда Кабаканова айтып берді.

— Ең бірінші ретте мүмкіндігі шектеулі жандардың мекемелерге, дүкендерге еркін-кіріп шығуы үшін пандустарды реттеген жөн. Осы орайда бірлестік тарапынан жергілікті билікке бірнеше ұсыныстар жасалды. Десек те, бұрын салынған ғимараттардың пандустары қайта жасалмаған немесе жөнделмеген күйінде қалып отыр. Бұдан бөлек, жергілікті ірі компаниялар мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетсе дейміз. Осы тұста айта кету керек, біз ұсынған әлеуметтік жобаларға қолдау көрсететіндер табыла қоймайды. Егер қолдау күшейсе, біз түрлі шеберлік сыныптары мен тігін цехтарын, жаттығу залдарын, жеке оңалтуға арналған орындарды ашар едік. Бір айта кетерлігі, Қазақстанда  жұлыннан зақым алғандарға арналған емдеу-сауықтыру орны ашылса игі болар еді, — дейді Я. Кабаканова.           

Сондай-ақ, ол өз сөзінде Атырау қаласындағы мүгедектерге арналған үш таксидің аздық ететінін жеткізіп, көлік санын арттырса деген ұсыныс айтты.

Расымен де, жоғарыда айтқандай, кейбір ғимараттардың пандустары жүріп-тұруға мүлдем жарамсыз екені жасырын емес. Сондықтан, олардың ғимараттарға еркін кіріп-шығатындай жағдай туғызылып, бұрынғы салынған нысандар да мүгедектердің еркін қозғалысына мүмкіндік беретіндей етіп қайта жарақтандырылуы тиіс. Ал, кейінгі салынып жатқан құрылыстарда мүгедектердің жағдайы жобалық құжаттау сәтінен бастап қатаң ескерілуі қажет.

«Нұр Отан» партиясының сайлауалды тұғырнамасында кедергісіз білім алу мәселесі көтерілген. Бұл да уақыт оздырмай шешімін табуды қажет етеді. Біле білсек, мүмкіндігі шектеулі жандар әлеуметтік кедергілермен күреспеулері керек. Олар өздерінің мүмкіндіктерін Қазақстанның гүлденуіне жұмсауы тиіс. Бұл үшін оларға тиісті жағдай жасалуы қажет. Елбасы өз сөзінде 2015 жылы мүгедектерге берілетін жәрдемақының 25 пайызға көбейетіндігін айтты. Бұл жарқын өмірдің нышанын білдіреді. Ендігі уақытта, оның орындалысын қадағалап,  «Кедергісіз келешек» жобасын жүйелі жүзеге асырсақ, үлкен нәтижеге жетеріміз анық.

Мүгедектің мұңын қанша айтсақ та артық емес. Себебі, бұл — жеке мәселе емес, мемлекеттік саясаттың бір бөлігі. Сондықтан, бұған атүсті қарамай, кедергісіз қоғам құруда көп болып жұмылу қажет. Ең алдымен, еңбек әлеуетін арттыруда мүгедектерді оңалтудың бірыңғай жүйесін енгізіп, оның аясында медициналық, әлеуметтік және кәсіби сипаттағы шараларға баса ден қойған жөн. Мұның бәрі көкжиегі кең деп көпшіліктің үмітпен қарайтын «Кедергісіз келешек» жобасы аясында қолдау табады деп сенеміз.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button