ҚОЙМА МЕН ЖЫЛЫЖАЙ КӨБЕЙЕДІ

бұл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кепілдік береді

Бас-аяғы сегіз жыл мерзімді қамтитын «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жоспарланған жұмыстардың санатында халық тұтынатын ауылшаруашылық өнімдері мен азық-түлік тауарларының сапалы күйінде сақталуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын алу жағы да қарастырылған.

Осы орайда, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі таратқан ресми мәліметтерге назар аударсақ, тек 2014 жылдың өзінде еліміз бойынша жаңадан салынып, пайдалануға берілетін көкөніс дақылдары мен жеміс-жидек қоймаларының жалпы сыйымдылығын 300 мың тоннаға, ал, жылыжайлардың ауданын 120 гектарға жеткізу межеленген. Бұдан бөлек, агроөнеркәсіп кешенінде өндірілетін ет, сүт, жүн-тері, т.б. өнімдердің сапалы күйінде жинақталып, сақталуына кепілдік беретін 100-ден астам сервистік дайындау бекетін құрып, қатарға қосу жоспарға енгізілген.
Және бір жаңалық, әңгімемізге арқау болып отырған «Агробизнес-2020» бағдарламасы шеңберінде болашақта ауыл кәсіпкерлері тарапынан ұсынылған, келешегі бар деп бағаланған жобаларды қаржылай қолдау үшін өңірлік мамандандыру картасы жасақталады. Онда әр аймақтың табиғи-климаттық ерекшеліктері, басқа да жағдайлары қатаң ескеріліп, қаперге алынып отыратын болады.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз