Жарнама
Саясат

«Кім көрінген келмесін!..»

Атырау облысындағы 2600-ге жуық мемлекеттік қызметшінің 830-ға жуығы – ер, 1600-ден астамы – әйел адам. Олардың орта жасы – 28 бен 35 жастың аралығында. Жастарды мемлекеттік қызметке көбірек жұмылдыру мақсатында бес жыл бұрын Президенттік кадр резерві құрылғаннан бері мемлекеттік басқару жүйесіне креативті және бастамашыл жастарды тартуға бағытталған жобада облыс бойынша 2019 жылы – 5, 2021 жылы 2 адам резервке алынған.

Мемлекеттік қызмет атқарудағы басты мақсат – қоғам мен мемлекет тарапынан сенімге ие болу. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадр резервінің форумында басқару ісіне ойы ұшқыр, білімі озық, сана-сезімі терең, нағыз отаншыл азаматтардың көбірек келуі тиістігін айтқан еді.

– Президенттік жастар кадр резерві дәл осындай талапты жастарға бірегей мүмкіндік береді. Бүгінде резервте 400 маман бар. Соның 280-і, яғни 70 пайызы орталық және жергілікті атқарушы органдарда жауапты лауазымдарға тағайындалды. Бірқатары квазимемлекеттік секторда және бизнес саласында еңбек етіп жүр. Қазіргі таңда елімізде ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатыр. Мемлекетімізді өркендету үшін жаңа, батыл қадамдар жасалуда. Сондықтан өздеріңіз сияқты еліміздің жалынды жастары осы өзгерістердің қозғаушы күшіне, мықты тірегіне айналуы керек деп санаймын. Экономикада, мемлекеттік қызметте немесе басқа секторда жұмыс істеп жүрген жастарымызға қолдау білдіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын, — деді Қ.Тоқаев.

Республика Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Шолпан Қайненова мемлекеттік қызметшінің бойында отансүйгіштік сезімнің басым болуы керектігін айтады.

– Шын мәнінде, мемлекеттік қызмет – халыққа қызмет көрсету. Халықтың игілігіне жұмыс істеп, жұртқа қолайлы жағдай туғызу – басты міндет. Бұл саланың мамандары парасатты әрі нағыз патриот болса, ұтарымыз көп. Әрбір мемлекеттік қызметші өз жұмысының мән-маңызын сезінуі және елдің ұлтжанды азаматы болуы тиіс. Бүгінде мемлекеттік қызметшінің мансаптық өсуі меритократия қағидасы арқылы жүзеге асып келеді. Мемлекеттік қызметті жаңғырту және дамыту – қоғамның өркениеттілігінің ғана емес, саяси тұрақтылықтың да көрсеткіші. Сондықтан тәуелсіз мемлекеттің тарихи мақсатына қол жеткізуінің маңызды шарты – жас қызметшілердің жан-жақты білімділігі, отансүйгіштігі мен айқын азаматтық ұстанымы, — деді Шолпан Айдынғалиқызы.

«Жастар рухы» жастар қанаты» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Абылай Құрметұлының айтуынша, әділетті де жаңа ел құру үшін басқарушылардың жаңа буыны келуі керек.

– Қазір бізге жоғары және орта буындағы басшы мамандардың құрамын жаңарту қажет. Меніңше, мемлекеттік қызметті реформалау үшін мәселені мықты мамандар жасақтаудан бастау қажет. Ол үшін Президенттің жастар кадрлық резервін қалыптастыру жөніндегі саясатын ел болып қолдаған жөн. Жаңа құрамға бұрынғыдай кім көрінген кіріп кетпеуі тиіс. Бір сөзбен айтқанда, мансап қуатын емес, елдің ертеңі жолында асқақ арман қуатын білімді де, көзі ашық жастар басқару ісіне келгенін құптаймын. Нағыз әділетті де жаңа мемлекетті құратын да солар, — деді Абылай Құрметұлы.

Мемлекет басшысының көздегені де сол, Президенттік жастар кадр резервіне өткен мамандарға жүктелетіні қашан да зор жауапкершілік, олардың негізгі мақсаты мемлекет мүддесі болуға тиіс екендігі.

Алмас БАУЫРЖАН

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button