ХАЛЫҚТЫҢ ШЫНАЙЫ ҮНІ
Дегенмен де, сол егемендік туралы декларацияның нәтижесінде Қазақ елінің тағдыры үшін маңызы зор бірнеше заң актілері қабылданды. Яғни, Қазақ ССР-і өзінің мемлекеттік басқару жүйелеріне дербес жүргізе бастаған реформаларын нормативтік құқықтық актілермен қамтуға мүмкіндік алды. 1993 жылдың 10 желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республикасының жергілікті өкілді және атқарушы органдары туралы» және «Сайлау туралы» заңдарына сай, Махамбет ауданы бойынша 15 сайлау округі, 35 сайлау учаскесі құрылды. Нәтижесінде, аудандық мәслихатқа 15 халық қалаулысы сайланды.
Аудандық мәслихат депутаттары жиналысының 1994 жылдың қыркүйегінде өткен ІІІ сессиясының күн тәртібінде қаралған мәселелер тізбесі депутаттардың әу бастан-ақ белсенді жағдайда жұмысқа кіріскендігін көрсетеді. Сол сессияда депутат М.Оңдағановтың су тасқыны кезінде үзілген электр желілерін қалпына келтіру жайлы сауалы, депутаттар К.Бералиева, М.Кенжеғалиев, С.Сатаевтың Махамбет ауылы халқын нанмен қамтамасыз ету және аудандық орталық аурухана мен Сарытоғай ауылындағы өкпе аурулар ауруханасын көшіріп, оларды жаңа ғимараттармен қамтамасыз ету жөніндегі депутаттық сауалдары бұл сөзімізге толық дәлел бола алады. Ерекше айта кетерлігі, аталған депутаттық сауалдардың барлығы да шешімін тапты. Бір ғана мысал, орталық аурухана мен өкпе аурулары ауруханасы жаңа жобамен салынған зәулім ғимараттарға көшірілді.
«Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жергілікті өкілді органның және атқарушы органның міндеттерін айқындай түсті. Осынау зор саяси өрлеу үстінде, яғни тамыз айында өткен Парламент пен Мәслихаттардың 4-ші сайлауында Махамбет аудандық мәслихатының 12 округінде сайлау өтіп, сол жылғы тамыз айының 27 жұлдызында өткен бірінші сессиясында мәслихат хатшылығына Асқар Құрманбаев, мәслихат тексеру комиссиясының төрағалығына Гүлмаш Қайырғалиева сайланды. Айта кетерлігі, бұл жолы мәслихаттар бес жылға сайланды. Сол сайланымда «Нұр Отан» партиясынан шығып қалған депутаттар орнына ауыл азаматтары Шолпан Торбаева, Бейбіт Бисалиевтар сайланды. Бұл депутаттар мәслихаттың кейінгі сайланымында да халық қалаулысы атанып, ауданымыздың экономикасы мен әлеуметтік жағдайын, мәдениетін дамыту істеріне өз үлестерін қосып келеді.
2012 жылдың 15 қаңтарында Парламент Мәжілісі мен Мәслихаттар депутаттарының бесінші сайлауы өтті. Мұнда елдің кәсіби заң шығару органы Парламент пен мәслихаттар сайланып, іске кірісті. Жергілікті жердегі мәслихаттар да қуатты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құруды мұрат еткен стратегиялық бағдарламаны іске асыруға жұмылды. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Мен жергілікті басқаруды дамыту тұжырымдамасын бекіттім… Біз селолық әкімдіктерге қосымша өкілдіктер береміз және олардың ауылдағы ахуалға ықпалын күшейтеміз. Бірақ, сонымен бірге, бізге қоғамдық бақылауды, жергілікті жерлердегі ахуалға азаматтардың ықпалын күшейту керек. Сондықтан, мен мәслихат арқылы ауыл әкімдерінің сайланбалылығын енгізу туралы шешім қабылдадым. Сайлауды біз 2013 жылдың өзінде-ақ бастаймыз» деген сөзімен негіздей түсіп бекітті. Бұл азаматтардың жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді шешуге, жергілікті билік органдарының жұмысын бақылауға белсене араласа алатын тетігі болды. Бұл әрі өкілетті органдарға жүктеліп жатқан жаңа жауапты міндеттер болатын.
Түпкі мақсат — Қазақ елін, Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету стратегиясын орындау болса, осы орайда депутаттардың сайлаушылар аманатын орындаудағы жұмыс әдістері мен түрлерін жетілдіруде бірқатар шаралардың жүзеге асырылып жатқандығын атап өткім келеді. Айталық, аудандық мәслихаттың соңғы төртінші, бесінші сессияларында мәслихат сессиясының көшпелі сессиялары Сарайшық, Сарытоғай, Ақжайық, Бейбарыс селолық округтерінде, ал тұрақты комиссияларының көшпелі біріккен отырысы Сарайшық селолық округінде, Бақсай селолық округіне қарасты Көздіқара елді мекенінде өткізіліп, онда сонымен қатар, депутаттардың сайлаушыларды қабылдауы, депутаттардың сайлауалды бағдарламаларының орындалу барысынан хабарлама берулері үйлестірілді. Әсіресе, аудан әкімінің аудандық мәслихаттың Сарайшық селолық округінде 2013 жылдың 16 шілде күні өткен кезекті 5-көшпелі сессиясында «Ауданның 2013 жылдың бірінші жарты жылдығындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және алда тұрған міндеттері туралы» мәселесімен сессия мінберіне көтерілуін округ тұрғындары іскерлік тұрғыда қабылдады.
Мұндай тәжірибелер екі жылда бір рет ұйымдастырылып келеді. Оның жергілікті өкілді және атқарушы органдардың бірлескен жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарына сай мемлекет саясатының жергілікті жерде атқарылуын қамтамасыз етуге бағытталған шешімдерінің айқын, әрі ықпалды болуына тиер септігі мол.
Күні бүгінге дейін депутаттар 238 түрлі мәселемен қабылдауда болған 119 сайлаушыға мүмкіндігінше көмек шараларын ұйымдастырды. Мәселелердің шешілу барысы жөнінде «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы арқылы облысқа ай сайын мәліметтер беріліп отырады. Ең бастысы, мәслихат азаматтар тарапынан айтылған өтініш-талаптар мен ұсыныстарды, аманаттарды орындаудағы әрбір депутаттың белсенділігін, олардың сайлаушылармен байланыс нәтижелілігін арттыру мақсатында жұмыс істеп келеді.
Cондай-ақ, тұрақты комиссиялардың отырыстарында аудандық мәслихат депутаттарының сайлауалды бағдарламаларының орындалысы, сайлаушылардың қабылдауда, кездесу жиналыстарында айтқан ұсыныстары мен өтініштерінің орындалу барысы қаралып келеді. Мәселен, Махамбет селолық округінің әкіміне «Село аумағындағы құрылыс нысандары салынған мөлтекаудандарға электр желісін тарту туралы» мәселе көтерген депутат Ш.Торбаеваның сауалы, «Махамбет селосындағы су қондырғыларын жаңғырту, құбырлар жүйелерін тарту жұмыстарының сапалы жүргізілуін қадағалау, жалпы аудан орталығын таза ауыз сумен қамтуды түбегейлі шешу» жөніндегі аудан әкіміне депутат Н.Ерғалиевтың сауалы және «Атыраусушар» ашық акционерлік қоғамының аудандық филиалына, аудан әкімдігіне депутат Мақаш Бисенованың Тереңөзек каналына қажетті су мөлшерін шығару үшін Есбол ауылының тұсындағы канал қапталдарының топырағын көтеру туралы» депутаттық сауалдарына орай атқарылып жатқан жұмыстары жөнінде жауаптары алынды.
Депутат, «Дастан» шаруа қожалығының жетекшісі Ақтұрлан Ерманов өзі басқаратын шаруашылықты кезек күттірмейтін көктемгі егіске әзірлеу жұмысынан уақыт тауып, депутат-фермер өз округінде жүйке-талма ауруымен ауыратын азаматты емдеу мекемесіне орналастырып, оны тұрақты қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесін тиісті құзырлы органдар алдына қою арқылы шешті. Сонымен бірге, аудан орталығынан шалғайырақ тұратын Ақжайық селосының емханасына жаңа жедел жәрдем автокөлігін бөлгізуге ықпал етіп, ауылдың ақ халатты абзал жандарын бір қуантқаны бар. Мұндай игі істерді келтіре беруге болады.
Қазақта «Әлемнің әміршісі — еңбек» деген сөз бар. Ендеше, баршамызды ел игілігі жолындағы еңбекке шақырған, бүгінде еңбектің ең шешуші ұлттық фактор екендігін ұғындырған Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам», сондай-ақ Еуропадан бастау алған жаһандық дағдарыс қаупін еңсере отырып, ел экономикасын индустриялық-инновациялық даму жолына салу мақсатындағы істерді барлық деңгейдегі мәслихаттар біріге отырып орындайтындығын баса айтқым келеді. Өйткені, біз халықтың шынайы үніміз, біз тұрғындардың алдында жауаптымыз. Сондықтан, мемлекет дамуына мейлінше үлес қосу мәслихаттың ең басты міндеті болып табылады.
Аcқар ҚҰРМАНБАЕВ,
Махамбет аудандық
мәслихатының хатшысы.