КЕМЕЛ БОЛАШАҚ КЕПІЛІ

Облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы фракциясының  мүшесі, облыстық партия филиалының «Инновациялық экономика» бағыты бойынша партиялық тәлімгер ретінде Елбасының осы жолғы Жолдауында көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамытуға  мән берілгенін қуана қолдаймын.

Мысалы, біздер сонау 90-жылдардан күні бүгінге дейін іргемізде тұрған Ақтөбеге бүкіл Батыс Қазақстан облысын айналып барып жүрміз. Жол машақаты ғана емес, бұл – экономикалық тұрғыдан есептегенде де орасан шығын. Міне, осы күрделі мәселенің түйінін Ұлт Көшбасшысы осы Жолдауында шешіп берді. Сәтін салса,  «Астана-Ақтөбе-Атырау» тас жолы салынады. Күретамыр іспеттес бұл автомагистральдың  бойында жүздеген шағын және орта бизнес нысандары орын теуіп, мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Әрі бұл жол бізді өзге облыстармен байланыстырып қана қоймайды, Ресей Федерациясы арқылы өзге шет мемлекеттерге шығуға мүмкіндік беретін аса ауқымды жоба.

Әсіресе, партияның сайлауалды Тұғырнамасында көзделген «Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар автомобильдік жолдардың үлесін арттыру» мәселесі Жолдауда ерекше қозғалған. Елбасы бұл жөнінде жергілікті атқарушы органдарға  тиянақты тапсырма берді. Біздің өңірде Ұлттық мұнай-химия арнайы экономикалық аймағы құрылып жатыр. Мұнда салынатын шағын зауыттарда болашақта 20 мыңға жуық адам жұмыс істейтін болады. Яғни, біздің келешек жас мамандар үшін еңбек нарығы дайын деген сөз.

Елбасының тапсырмасымен «Жұмыспен қамту-2020», «Қолжетімді баспана-2020» секілді мемлекеттік бағдарламалары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келе жатыр. 2015 жылы облысымызда көптеген жаңа индустриалды-инновациялық жобалар, әлеуметтік маңызы бар нысандар: мектеп, емхана, спорттық және мәдени кешендер, инфрақұрылым жүйесі бойынша аудан, ауылдық елді  мекендерге су тазалау қондырғылары,  жүздеген шақырым кірме жолдар салынатын болады. Сонымен бірге, шағын және орта бизнес, кәсіпкерлердің  іскерлік белсенділіктерін қолдау жұмыстары жалғасын табады. Міне, мұның барлығы – Президент Жолдауында нақтыланып, сан мәрте сарапқа салынған, Ұлт Көшбасшысының тікелей қолдауы мен  жіті бақылауында тұрған іс-шаралар. Ендеше, біздің міндет – бір кісідей жұмылып, Елбасы тапсырмаларын мүлтіксіз орындау. Осы белеске  көтеріле алсақ, біз мақсат етіп қойған  30 елдің қатарына   жететіндігімізге мен кәміл сенімдімін. 

Сүйінішбек Абуғалиев,

«Адай Петролеум Компани» ЖШС Бас  директоры,

Атырау облыстық мәслихатының депутаты,

 «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз