
Каспий тағдыры: Экологиялық дағдарыс және депутаттық талап
Бүгін республика Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Мәжіліс депутаттары Сергей Пономарев, Еділ Жаңбыршин және Дүйсенбай Тұрғанов Үкімет басшысы Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады. Онда көтерілген мәселе – көп жылдан бері шешімін таппай, тығырыққа тірелген экологиялық тақырыбына қатысты. Өйткені, Каспий теңізінің Қазақстанға тиесілі ең үлкен және ең таяз бөлігінде ірі мұнай кеніштерін игеру және көмірсутегі шикізатын өндіру белсенділігі артып келе жатыр. Ал, Каспий теңізі жыл өткен сайын күрделі экологиялық проблемалармен бетпе-бет келіп отыр, оған басқалармен қатар, ірі мұнай өңдеуші компаниялардың қызметі де себепші.
Сауалда депутаттар халықаралық және қазақстандық экологтардың зерттеулерінен статистикалық мәліметтер келтірген. Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері құжатта тәмендегідей нақты деректер келтіре отырып, нақты ұсыныстарын атап көрсеткен:
2005-2023 жылдар аралығында Каспий теңізініңдеңгейі 185 сантиметрге төмендеді. Ал су беті 31 мың шаршы шақырымнан астам қысқарды, бұл Бельгия аумағына сәйкес келеді. Төмендеудің орташа қарқыны жылына 10, кейбір жылдары 25 сантиметрге дейін жетеді. NASA Жер обсерваториясының жер зондтау мәліметтеріне сәйкес, 2008-2023 жылдар аралығында Каспий теңізінің қазақстандық секторының акваториясы 7%-ға қысқарған. Ең көп тайыздау Атырау облысында байқалады. Мұндай қарқынмен Солтүстік Каспий 75 жыл ішінде жойылып кетуі мүмкін.
Теңіздің биоәртүрлілігі де терең дағдарыста. Улы химикаттардың тұрақты бөлінуі және мұнайдың төгілуі судың ластануына әкеліп соқтырады. Бұл теңіздегі жануарлардың да иммунитетін әлсіретіп, ауруға төзімділігін төмендетеді. Соның кесірінен Каспий итбалықтарының саны 1 миллионнан 100 мың басқа дейін кеміді.
Соңғы 40 жылда түрлі себептермен бекіре тұқымдас балықтың саны 90 пайызға азайған. Өндірістік балық аулау қарқыны, мұнайдың ағуы, сондай-ақ бұрғылау платформалары мен мұнай тасымалдайтын кемелердің жұмысы бекіре тұқымдас балықтың уылдырық шашатын жерлерде көбеюіне елеулі кедергі туғызады, бұл бағалы балық тұқымының өзіне де қауіп төндіреді.
Ақыры, адамдар зардап шегеді. Атырау және Маңғыстау облыстарында экологиялық жағдайдың нашарлауы нәтижесінде тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы қысқарып, онкологиялық аурулардың көрсеткіші артты. 2040 жылы 5 миллион экологиялық мигрантты қоныстандыру жоспарланған. Ал бұған мұнай өндірушілер қалай жауап берді?!
2014 жылы ЭКСПО-2017 көрмесіне 50 миллион АҚШ доллары көлеміндегі инвестицияның орнына NCOC компаниясына салынған 134 миллиард теңге көлеміндегі экологиялық айыппұл іс жүзінде есептен шығарылды. Жауапкершіліктен жалтарудың осындай тәжірибесі басқа компанияларда да байқалады.
Биыл ақпан айында «Теңізшевройл» компаниясы келісім-шарт негізінде мемлекет бюджетіне төленетін роялти төлемінен айыппұлды ұстап қалды. Баспасөз бен ресми дереккөздер компания бұдан басқа да әртүрлі ауырлықтағы төтенше жағдайларға жол беріп, экологиялық талаптарды бұзып отырғанын растайды. Бірақ компания қоршаған орта мен халықтың денсаулығына, жалпы Каспий теңізінің тағдырына немқұрайдылық танытып отыр.
Компаниялар қоршаған ортаны қорғау ережелерінеқұлақ аспайды. Оның үстіне қаржылық жауапкершілікті мемлекеттің өзіне арта салып, өз кінәсі үшін салынған айыппұлдарды ауырсынады немесе басқа төлемдер арқылы өтеуге мүдделілік танытады. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда мұнай-газ өндіріле бастауы қазір бізді ерекше алаңдатады. Каспий теңізі ластануының артуы флора мен фаунаның одан әрі нашарлауына душар етуі мүмкін.
Осындай экологиялық дағдарыс жағдайында біз мыналарды ұсынамыз:
1. Қоршаған ортаны қорғаудың талаптарын қатаңдатуды қамтамасыз ету үшін мұнай компанияларымен жасалған келісім-шарттардың экологиялық шарттарын қайта қарау;
2. Экологиялық нормаларды жүйелі түрде бұзатын компаниялардың лицензияларын уақытша тоқтату мүмкіндігін қарастыру;
3. Қоршаған ортаға әсерді объективті бағалау және экологияға келтірілген залалды барынша азайту бойынша ұсыныстар әзірлеу мақсатында Каспий теңізіндегі барлық мұнай жобаларына халықаралық экологиялық аудит жүргізу;
4. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ақтау қаласында жаңадан ашылған «Қазақ Каспий теңізін ғылыми-зерттеу институты» Коммерциялық емес акционерлік қоғамының құқықтық мәртебесін «Республикалық мемлекеттік кәсіпорын» етіп өзгертілгені жөн. Әзірге қазіргі құқықтық мәртебесіне байланысты бұл мекеменің қаржыландыру көздері шешілмегендіктен тиімді жұмыс істей алмайды.
Құрметті Олжас Абайұлы!
Дер кезінде қажетті шара қолданбасақ, Каспий теңізі балықтан да, жануарлар мен өсімдіктерден де, тіпті төңірегіндегі халықтан да айрылып, маң даладағы улы шалшыққа айналады.
Назарбек ҚОСШИЕВ