КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУҒА НЕ КЕДЕРГІ?

c57d0a46 5d35 42be 8590 01fd3092ebc1 Саясат

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында атап өткеніндей, қуатты Қазақстанның қашан да қуатты өңірден басталатыны белгілі. Бұған ел экономикасының негізі, қозғаушы күші саналатын шағын және орта бизнесті дамытып, кәсіпкерліктің көкжиегін кеңіту, сол мақсатта оған жан-жақты қолдау көрсету арқылы ғана жетуге болатынын уақыттың өзі көрсетіп отыр. Бұл – республикалық «AMANAT» партиясының да сайлауалды бағдалармасының жол картасына енгізіліп, басымдық берілген бағыттарының бірі болып табылады. 

Жақында болып өткен партияның Атырау облыстық филиалы жанындағы экономика, кәсіпкерлік және аграрлық мәселелер жөніндегі өңірлік кеңесі мәжілісінің күн тәртібінде қаралып, талқыланған басты мәселе де осы еді.

Мәжіліске «AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев, Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиев, мәселеге мүдделі салалық министрліктердің басшылары, жергілікті атқарушы билік құрылымдарының өкілдері, халық қалаулылары, партия қоғам белсенділері қатысты. Жиынды   өңірлік кеңестің төрағасы Жеңіс Әбілқарес ашып, жүргізіп отырды. Аймақта шағын және орта бизнесті қолдаудың «Жол картасы» бойынша қабылданған іс-шаралардың орындалысы туралы «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының хатшысы Абдолла Идресов баяндады. 

Күні бүгінде облыста барлығы 67 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс жасайды. Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы шеңберінде 2023 жылы  шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдауға қазынадан жалпы сомасы 11,4 млрд. теңге (оның 9,2 млрд. теңгесі республикалық, 2,2 млрд. теңгесі жергілікті бюджеттен) қаражат қаралған. Талдап айтсақ, бұл қаржының  басым бөлігі – кәсіпкерлерге берілетін несиенің жылдық пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға, сондай-ақ несиені кепілдендіру мен мемлекеттік грантқа бағытталған.

Бұдан бөлек, ауыл кәсіпкерлерін қолдауға арналған «Бизнес аймақ» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл жергілікті бюжеттен 1 млрд. теңге бөлініп, жыл басынан бері несие сомасы 463,4 млн.теңгені құрайтын 33 жоба кепілдендірілген. Сонымен бірге, мал шаруашылығымен шұғылданатын кәсіпкерлерді қаржылай қолдауға 3,6 млрд. теңге бөлініп, ол – аналық мал басына қажетті азық сатып алу, асыл тұқымды түліктің өнімділігі мен өнім сапасын арттыру, тұтастай алғанда атакәсіпті дамытуға бағытталған шығындарды өтеу үшін субсидия түрінде беріліпті.

Соған қарамастан, бұл салада шұғыл шешімін табуды қажетсінетін мәселелер де жеткілікті. 

Тоқтала кетсек, қазіргі таңда екінші деңгейлі банктердің жергілікті филиалдарында ұлттық жоба аясында несие сомасы 23,2 млрд. теңгені құрайтын өтінімдер тіркелген. Соның ішінен мақұлданған жобаларды субсидиялауға 1,3 млрд. теңге қажет екен. Одан бөлек, «Ауыл аианаты» жобасы бойынша өтінімдерді қабылдау басталған. Мұндағы өзекті мәселенің бірі ауыл кәсіпкерлерінің өндірген өнмдерін сатудың оңтайлы жүйесін қалыптастыруға қатысты туындап отыр. 

«Осы орайда, ауыл кәсіпкерін қинайтын жайдың бірі – бизнес нысанға инфрақұрылым тарту. Өйткені, бұл қызметтің бағасы кәсіпкер үшін өте қымбатқа шығып тұр. Оның үстіне, инженерлік коммуникациялар мен инфрақұрылымды жүргізу үшін, әлгі кәсіпкердің ұсынған жобасының құны 200 млн. теңгеден кем болмауы тиіс. Ал, шынында ауыл кәсіпкерлерінің алып отырған жобасының бағасы 50 млн. теңгеден аспайды. Осыны ескере отырып, ауылдық жерлерге инфрақұрылым тарту жөнінде бөлек критерий қарастыру керек. Және де бұл жұмыстың құны 5 млн. теңге көлемінде болғаны дұрыс» деп түйіндеді ойын Абдолла Хамиұлы.

Өз кезегінде, кәсіпкеплер тарапынан қойылған сауалдарға кеңес мәжілісіне онлайн режимде қатысқан Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин, Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Азамат Бейсеуов, Экология және табиғи ресурстар министрлігі балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Аян Бақиянов және басқа республикалық ведомстволардың жетекшілері жауап қайтарды. 

Сұрақтар негізінен шағын және орта бизнес субъектілеріне ауыл шаруашылығы жерлерін беру, оларға жер ресурстары мен жылжымайтын мүлікті пайдалану құқығын беретін бірыңғай жер кадастрын енгізу және оны құқықтық реттеу, агроөнеркәсіп кешенінде өндірілетін тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қосымша құнын, ішкі жалпы өнімді нарық талабына сай жүйелеу, несиелеу мен субсидиялау желісіндегі кедергілерді жою, ауыл шаруашылығы техникаларына салынатын утильдік алым, оларды жаңарту және лизинг ережесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, т.б. мәселелер төңірегінде өрбіді. 

Сөйтіп, кәсіпкерлер көкейлерінде жүрген сауалдарына жауап алумен бірге ұсыныс-пікірлерімен де ортақтасты. Ең бастысы, олар ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға кеселін тигізіп, бөгет болып тұрған жайттарды ашық айтып, сол төңіректе еркін әңгімелесуге мүмкіндік алды. 

Келелі кеңесті республикалық “АMANAT” партиясының хатшысы Эльдар Жұмағалиев қорытындылап, басқосуға қатысқан барша әріптестеріне белсенділік танытқандары үшін ризашылығын білдірді.

Дәулетқали АРУЕВ,

Суреттерді түсірген: Әнуар Әбілғазиев 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз