Жарнама
Саясат

КӘСІПКЕРЛІК КОДЕКСІ – БИЗНЕСТІҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАЙТЫН ҚҰЖАТ

Өткен жылдың соңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік реттеу және кәсіпкерлікті қолдау мәселелерін кешенді шешуге бағытталған Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне қол қойды. Бұл – бизнес саласындағы қоғамдық қатынастарға, оның ішінде, кәсіпкерлер мен мемлекеттің өзара іс-қимылына байланысты туындаған қажеттілік.

Кәсіпкерлік кодексі енді жеті бөлім, 31 тарау және 324 баптан тұрады. Яғни, бір ізге топтастырылып, жинақталған заң біраз ықшамдалған. Осы орайда мамандар пікірі қандай?

 

Мақсот  Қалдығұлов, облыстық  кәсіпкерлік  палатасының  заңгері:

Нарықтық  қатынасты  реттеу  тетігі

— Мұндағы оңды өзгеріс сол, кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі мен мемлекеттік құрылымдармен байланысының жаңа тәртібі белгіленген. Кодексте бизнес пен мемлекеттің өзара қарым-қатынасы саласында заңнамалық нормалар жүйеге келтірілген. Ол жеке құқық пен нормалар бәсекелестігінің дуализмін туындатпайды. Керісінше, енді мемлекеттік реттеу мен кәсіпкерлікті қолдауға байланысты туындайтын қоғамдық қарым-қатынастарды үйлестіруге жол ашылады. Демек, осы қағидаттардың негізінде кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекет өзара әрекет ете алады.

Тағы бір жаңалық, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап бағалық реттеу алынып тасталады. Оның орнына монополияға қарсы реттеу мен бақылау құралдары ғана пайдаланылады. Монополияға қарсы қызмет жанынан жаңа институт – монополияға қарсы заңнаманы бұзушылықтар қорытындылары бойынша қабылданатын шешімдердің объективтілігі мен мөлдірлігін қамтамасыз ететін келісім комиссиясы құрылатын болады.

 

Кодекстің 24-бабы, 2-тармағының төртінші бөлігіне орай, кәсіпкерлік субъектілері жұмыскерлерінің саны мен табысын есептеу, барысында мына деректер қамтылуы тиіс:

— Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің деректер базасындағы негізгі көрсеткіштер;

— салық есептілігінде көрсетілетін кәсіпкерлік субъектілері жұмыскерлерінің саны туралы ақпарат.

 

Бексұлтан  МҰХАНОВ, жеке  кәсіпкер:

Құқықтық  көмек  орталығы

— Бірқатар өзгерістердің енгізілуі  кәсіпкерлік қарым-қатынастағы кемшіліктерді құқықтық реттеу саласын жетілдіру мен дамытуға жол ашады деп ойлаймын. Шағын кәсіпкерлікті, агроөнеркәсіп кешенін және ауылдық жерлердегі кәсіпкерлік қызметтің ауыл шаруашылығына жатпайтын түрлерін, инвестициялық қызметтегі, отандық тауар өндірушілер жүзеге асыратын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың негізгі бағыттары жүйелі түрде бекітілген.

Президент өз мақаласында бизнесті қорғау мен кәсіпкерлерге құқықтық көмек көрсетудің орталық тетігі болуы тиіс бизнес-омбудсмен институты нығайып келе жатқанын айтты. Оның қызметінің заңнамалық негізі де Кәсіпкерлік кодексінде бекітілген. Мемлекеттің кәсіпкерлікпен өзара іс-қимылы мен әріптестігінің жаңа қағидаттары «Мемлекеттік сатып алулар туралы» Заңның жаңартылған редакциясында көрініс тапқан. Олар өнімді сату үшін ұзақ мерзімді келісім-шарттар жасасу арқылы тікелей инвестициялар тартуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл, сондай-ақ, Қазақстанда жаңа жоғары технологиялы өндірістер құруға қызмет ететін болады.

 

Кәсіпкерлік кодексінің артықшылықтары:

— Жаңа заңдылықта «функционалдық», яғни, кәсіпкерлік қызметті реттейтін заңдар;

— Өнеркәсіп, жер қойнауын игеру, көлік, сауда, акциздік өніммен байланысты мемлекеттік реттеудің жекелеген түрлері туралы арнайы заңдар;

— Кодексте кәсіпкерлік және мемлекет субъектілері өзара әрекет ететін бірыңғай ұстанымдар бекітілді.

 

Айгүл  РЗАҒҰЛОВА, облыстық  мемлекеттік  кірістер  департаменті басшысының  орынбасары:

Салықтық  режИмдерді оңтайландыру  жолы

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында салықтық әкімшілік жүргізуді оңайлату мақсатында қосымша құн салығының орнына сатуға салық енгізудің орынды екенін айтты. Соған орай, қолданыстағы салықтық режимдерді оңтайландыру жоспарланып отыр. Онда 2017 жылдан салықтық кірістер мен шығыстардың есебі міндетті түрде енгізілетін болады. Бұл көлеңкелі экономиканың деңгейін төмендетуге мүмкіндік бермек.

Жалпы, жаңа кодекс мақсаты – Қазақстандағы кәсіпкерлік қатынастарды құқықтық реттеудегі олқылықтар мен қайшылықтарды жою. Сондай-ақ, еліміздегі кәсіпкерлік еркіндігін қамтамасыз ететін құқықтық, экономикалық және әлеуметтік шарттар мен кепілдіктерді жүйелеуге бағытталады. Кәсіпкерлік кодексінде жалпы қолданыстағы бизнестік қызметті реттейтін заңдар шоғырландырылған. Негізінен, мұнда қолданыстағы заңдар жинақталып отыр. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлер мен коммерциялық заңды тұлғалар, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы секілді бірлестіктердің жұмыс істеу жағдайлары туралы да жалпылама нормалар қалыс қалмаған.

 

Ұлт жоспары «100 нақты қадам» жобасын жүзеге асыру мақсатында Кәсіпкерлік кодексіне енгізілген түзетулер:

1. Монополияға қарсы органның қызметі халықаралық стандарттарға сәйкес келтіруге бағытталған;

2. Кәсіпкерлердің мүдделерін қорғау мақсатында бизнес-омбудсмен институтын нығайтуды көздейді;

3.Мониторинг бағалау және бақылаудың стандартталған немесе ең төменгі рәсімдері шеңберінде нақты нәтижелер бойынша мемлекеттік басқаруға көшуге, статистика жөніндегі уәкілетті органның қызметін жетілдіруге негізделген.

 

Лаура  Әмірова, «Даму»  АҚ  облыстық  кәсіпкерлікті  дамыту  қорының  менеджері:

Еркін  бәсекелестік  кепілі

— Елбасы «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласында атап көрсеткендей, табысты жұмыс істеп тұрған экономиканың маңызды қағидаты мемлекеттің шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауы болып табылады. Енді оны қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр. Міне, осы жайлар бизнестің оңалтылуы мен банкроттығының жаңғыртылған құқықтық қырлары бар Кәсіпкерлік кодексінде көрініс тапқан.

Жаңа кодексте мемлекеттік монополияға қарсы қызметтің құқықтық шеңберлері егжей-тегжейлі баян етілген. Жаңартылған монополияға қарсы қызмет еркін бәсекелестікті жан-жақты дамытуға бағдарлануы тиіс. Президент осыған ерекше назар аударуды міндеттеді. Енді биылдан бастап доминанттар тізілімі тек реттелетін рынок бойынша жүргізіле бастады. Ал, 2017 жылдан бастап толықтай алынып тасталады.

Жазып  алған:  Амандық  САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button