ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚЫТУ
Биылдан бастап 5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам», яғни, Ұлт Жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталғаны бәрімізге белгілі. Мемлекет басшысы «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласында баршамызды Ұлт Жоспарын жүзеге асыруға және реформаларды жүргізуге барынша белсенді қатысуға, оларды жүзеге асыратын мүмкіндіктерді пайдалануға шақырды.
Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Назарбаевтың партияның кезектен тыс XVII съезінде сөйлеген сөзінде «Біз ақпараттандыру ғасырында өмір сүрудеміз. Соған сәйкес болашақ ұрпағымыз өз бойына заманның талабына сай біліктілік пен дағдыларды қалыптастырып, ертеңгі күні тек қана елімізде емес, шетелде де еңбек етуге қабілетті болып, атқарған қызметінің биік шыңына жететіндей білім алуы керек», — деп нақты атап айтты.
Бүгінгі таңда еліміздегі жоғары оқу орындарының білім беру үдерісінің негізгі даму бағыттары – білім беру әдісінің жеке тұлғаға бағытталуы, үздіксіз білім беру технологияларына көшу және ақпараттық технологияларды білім беру үдерісінде қолдану болып табылады. Ал, білім беруде қашықтықтан оқыту технологияларын қолдану, «E-learning» бағдарламалары, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды білім беру жүйесінде тиімді қолдану, аралас оқыту модельдері және оларды енгізу, жалпы онлайн ашық курстары, ашық білім беру көздері мәселелерінің оқытуға жаппай енуі білім беру үдерісін ұйымдастыру туралы түсінікті түпкілікті өзгертті.
Аталған бағыттарды іске асыруда, білім берудің инновациялық технологияларын енгізуде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде көптеген іс-шаралар атқарылуда. Соның бірі – қашықтықтан оқыту технологиясы арқылы білім беру 2012-2013 оқу жылынан бастап енгізілді.
Университеттің ақпараттық сайтындаhttp://www.atgu.kz қашықтықтан оқыту факультеті туралы, оқу кестесі, хабарландырулар, оқу үдерісін ұйымдастыру ережелері және т.б. мәліметтер орналасқан.
Университеттің http://edu-atgu.kz білім беру порталы жұмыс жасауда. Бұл арқылы кез-келген білім алушы өндірістен қол үзбей білім беру порталына кіріп, өзіне қажетті ақпаратты, білім бағдарламаларын, білім беру ресурстарын пайдаланады.
Қашықтықтан білім беру технологияларының негізгі талабы – білім беретін оқытушылардың білімін жетілдіру, АКТ оқу үдерісінде пайдалану бойынша сертификаттарының болуы. Осы бағытта университеттің 150-ге тарта оқытушысы 2012-2015 жылдар аралығында білімін жетілдіріп, сертификатқа ие болса, үстіміздегі жылдың ақпан айында 72 оқытушымыз «Білім берудегі қашықтықтан оқыту технологиясы» курсынан өтеді.
Қашықтықтан білім беру технологиясына қатысты көзқарасымызды тұжырымдай келіп, егеменді еліміздің білім беру жүйесінің ұстанған бүгінгі стратегиясы білім сапасын халықаралық деңгейге көтеріп, оның болашақта әлемдік білім нарығының бәсекесінде дамыған мемлекеттермен қатар тұруына мүмкіндік береді деуге болады.
Саламат ИДИРИСОВ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің қашықтықтан оқыту факультеті деканы, педагогика ғылымдарының кандидаты.
Қазіргі таңда факультеттегі сырттай және кешкі оқыту бөлімдерінде 46 бакалавриат мамандықтары бойынша мамандар дайындалады.
Факультет студенттері білім алу барысында 10 интерактивті, 3 мультимедиялық қашықтықтан оқыту кабинеті, 2 мультимедиялық лектік зал, арнайы 2 компьютерлік сынып, электрондық кітапхана, оқу залын пайдаланады.
Университетте қашықтықтан оқытуға арналған 25 компьютерлік сынып, 5 электрондық киоск, т.б. техникалық құрылғылармен жабдықталған, 7 мультимедиялық кабинет жабдықталды. Бұл арқылы университет оқытушы-профессорлары мен қашықтықтан білім алушының арасында онлайн және оффлайн түрінде оқу сабақтарын ұйымдастыру технологиялары қолданылады.