ҚАМҚОРЛЫҚ ҚАНАТ БІТІРЕДІ
Делегация құрамында Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың Республикалық қоғамдық штабының жетекшісі Мұхтар Құл—Мұхаммед, Қазақстанның «Ауыл» социал—демократиялық партиясының төрағасы Ғани Қалиев, Парламент Мәжілісінің депутаттары, ҮЕҰ өкілдері, ғылыми және шығармашыл зиялылар, белгілі қоғам қайраткерлері, әйгілі спортшылар болды.
Шымкенттегі кардиологиялық орталықтың дәрігері Спандияр Бекжігітов кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жүргізіліп жатқан сапалы өзгерістердің өмірдің барлық саласы, соның ішінде, әсіресе, медицинаға да шарапатын тигізгенін атап өтті.
Оңтүстік Қазақстан орыс драма театрының жетекшісі Игорь Вербицкий Мемлекет басшысының мәдениет пен халық рухының дамуына зор көңіл бөлетініне, тәуелсіздік жылдары елімізде жүздеген мәдени нысандардың салынғанына ерекше тоқталды.
Түстен кейін Республикалық қоғамдық штаб мүшелері Шымкент қаласының индустриялық аймағында орналасқан кәсіпорын қызметкерлерімен жүздесті. Мемлекет басшысының арқасында оның аумағында 74 миллиард теңгенің 60 жобасы іске асырылуда.
Кездесу барысында жергілікті кәсіпкерлер біздің елімізде Президенттің бизнесті дамыту үшін барлық қажетті жағдайды жасағанын атап өтті. Тек Оңтүстік Қазақстан облысында ғана кәсіпкерлік саласы 1 миллион 300 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
«Фирма «Дана» ЖШС директоры Мамадияр Қадырбеков қысқа мерзімнің ішінде индустриялды аймақтың аумағында шыны зауытын салып шыққанын әңгімелеп берді.
Өз кезегінде «Туран Скин» компаниясының қызметкері Татьяна Летуновская еңбек адамына көрсеткен қамқорлығы үшін Президентке шын жүректен алғысын білдірді.
* * *
Кеше Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшелері Қызылорда облысында болды. Олар мұнда облыс активімен, теміржолшылармен және фермерлермен кездесті.
Делегация құрамында ҚР Президенттігіне кандидат Н.Назарбаевтың Республикалық қоғамдық штабының жетекшісі Мұхтар Құл-Мұхаммед, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, ғылыми және шығармашылық зиялылар, белгілі мәдениет және спорт қайраткерлері болды.
Қызылорда облысында өткен актив жиналысында қызылордалықтар аймақты дамытудағы Елбасының рөлін жоғары бағалады. Мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов Президенттің Арал теңізін құтқарудағы еңбегін жоғары бағалады. «Аралбалық» зауытының жұмысшысы Айшабақ Байтимова Арал бойына жаңа өмір әкелгені үшін Елбасына зор алғыс сезімін білдірді.
Жас теміржолшы Нұрлан Өрекешов «Жезқазған-Сексеуіл-Бейнеу» стратегиялық жобасының жүзеге асуы біздің арманымыздың іске асуына жол ашты. Тек қана Сексеуіл-Қоскөл арасындағы темір жол 363 адамды жұмыспен қамтыды» деп атап көрсетті. «Каздорпроект» ЖШС жұмысшысы Юрий Немченко «Батыс Европа – Батыс Қытай» мега жобасының тарихи маңызын және оған Елбасының қосқан үлесін үлкен тебіреніспен жеткізді.
Қызылорда облысының тұрғындары 26 сәуірде Ұлт Көшбасшысы үшін бір кісідей дауыс беретіндерін айтты.