Жарнама
Саясат

КӘСІПКЕРЛІККЕ – КЕҢ ӨРІС

Бірінші мәселе бойынша Өңірлік даму министрінің бірінші орынбасары Қайырбек Өскенбаевтың хабарламасы тыңдалды. 2012 жылдың өзінде бизнес субъектілерінің қатысуымен өндірілген өнім, көрсетілген қызмет көлемі 2,3 триллион теңгеге жетіп, 2008 жылғы көрсеткіштен 1,5 есеге көбейген, яғни бес жылда осыншалықты өскен. Соған сай кәсіпкерлік субъектілері мен оларға жұмысқа тартылғандардың саны да біраз артқан. Бизнес-жобаларды қаржыландыруға мейлінше жіті көңіл бөлініп, несие мен субсидия берудің жайы да тым-тәуір шешімін тапқан. Нақтырақ тоқталсақ, есепті мерзімде жалпы саны 2800-ден астам бизнес-жоба мақұлданып, оған 7,8 млрд.теңге қаражат жұмсалған, 136 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Республикамыздың көптеген өңірлерінде кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталықтары құрылған. Халықаралық сараптау ұйымдарының жүргізген мониторингілік зерттеу қорытындылары, қамтылған 190-ға тарта мемлекеттің ішінен бизнесті дамыту көрсеткіштері бойынша біздің еліміздің алғашқы елулікке енгенін дәлелдеген.
Осы жерде Атырау облысындағы ахуалды айтсақ, бизнес саласында аймақта да ауыз толтырып айтарлықтай қадамдардың барын аңғарамыз. Өнеркәсіп және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының мәліметтеріне қарағанда, үстіміздегі жылдың басында облыстағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 29767 бірлікті, жұмыспен қамтылғандар саны 89,2 мың адамды құраған. Өндірілген өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 445,2 млрд.теңгеге жеткен.
Мәжілістің күн тәртібіне енгізілген екінші өзекті мәселе — кедендік бақылау қызметіндегі құрылымдық өзгерістерге байланысты атқарылуы межеленген іс-шаралардың жоспар-жобасы төңірегінде ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішев түсінік берді. Ол әсіресе, аталған саладағы жұмысты әкімшіліктендіру жүйесін жетілдіруге қатысты жайттарға кеңірек тоқталды.
Бас қаржыгердің айтуынша, мұның өзі төмендегідей бірнеше кезеңнен тұрады. Олар: қолданыстағы кедендік тарифтерді бірдейлендіру; декларацияларды электронды тәсілмен толтыру; рұқсат беру жүйесін оңтайландыру; шағын және орта бизнестегі, сондай-ақ сыртқы сауда қызметіндегі кәсіпкерлердің мәртебесін белгілеу; өзге де кеден органдары арқылы алынып-берілетін құжаттардың ресімделуін жеңілдету, яғни автоматтандыру; төлемдер жүйесін өзгерту, т.б.
Онлайн режиміндегі Үкіметтің селекторлық мәжілісіне Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысып отырды. Өз кезегінде аймақ басшысы министрлер кабинетінде қаралған мәселенің біздің облысқа да қатыстылығын айта келіп, жоғарыдан жүктелген міндеттер мен берілген тапсырмалардың мүлтіксіз орындалуына өзінің орынбасарларынан бастап, басқарма, департамент басшыларының, қала, аудан әкімдерінің, қала берді, салалық құрылымдар жетекшілерінің жауапты болып табылатындығын тағы мәрте еске салды.

Дәулетқали АРУЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button