КӘСІПКЕРГЕ ТАЛАП КӨП, КӨМЕК АЗ
«Атырау облысы кәсіпкерлері мен жұмыс берушілер одағы» бірлестігінің заңгері Әйгерім Қырымқызының айтуынша, облыстың, соның ішінде Индер ауданының шаруа қожалықтары «Казсушар» мекемесі арасында келіспеушіліктер туындап, бірлестік кәсіпкерлер атынан сотқа арызданып, нәтижесінде кәсіпкерлердің құқығын қорғап шығыпты. Сонымен қатар, Мақат ауданында Байшонас елді мекені облыс орталығына көшірілгенімен ондағы кәсіпкерлердің бизнесі ескерілмей қалған. Сот қорытындысы да кәсіпкерлердің пайдасына шешілмеген. Сондықтан да кәсіпкерлердің талап-тілектеріне орай бұл іс бойынша апелляция дайындалуда екен.
Жергілікті кәсіпкерлер Керімбай Сабырғалиев пен Әлия Қарашина газбен қамту мекемесінің қызметіне көңілі толмайтындықтарын білдірді. Мысалға, күнделікті тарифтен бөлек, газды көктемде пломбылап, күзде қайта ашу сынды қызмет түрлерін көбейтіп, кәсіпкерлерден қомақты төлемақыларды талап ететіндіктерін айтты.
Бөденеден Айгүл Иманғазиева ауылдағы дүкенде алкогольді өнімдерді сатуға арнайы лицензия алып жұмыс істеп келгенімен, кейбіреулер заңды белден басып, көлікпен келіп, алкоголь өнімдерімен кедергісіз сауда жасай беретіндігіне шағымданды.
Сонымен қатар, кәсіпкер Ә.Қарашина бұрын санитарлық минимумды облыс орталығына өткізіп, сабылып келгендерін, бүгінде бұл қиындық жағдайдың қалыпқа келгенін айтты. Жеке кәсіпкер Сүндет Байгенжиев құзырлы органдардың кәсіпкерлерді тексергенде кемшілік тапса, бірден айыппұл салуға ұмтылмай, алдымен ескерту жайына көбірек көңіл бөлсе екі жаққа да тиімді болар еді деген ойын ортаға салды.
Кездесуде санитарлық және төтенше жағдайлар бойынша қойылатын міндеттер мен талаптарды орындауда, салыққа байланысты бірқатар сауалдар қойылып оған облыстық МСЭҚ департаментінің бас маманы Парасат Сағадат және облыстық салық департаментінің бас маманы Тыныштық Қуандырова, облыстық ТЖД өрт бақылау басқармасының бас маманы Дәурен Дәулетов жауап қайтарды. Аудандық бөлімдер басшыларына да сұрақтар аз қойылмады.
Кездесуді қорытындылаған аудан прокурорының міндетін атқарушы Е.Еділбаев бұдан былай да кәсіпкерлердің заңды мүддесін қорғау прокуратураның басым бағытының бірі болатындығын атап көрсетті.
Сүйеу ХАЛЫҚОВ,
Индер ауданы.