ҚҰЛАШЫН ЖАЙҒАН ҚҰЛСАРЫ
Келешегі шырайлы шаһар
Осыдан он төрт жыл бұрын қала мәртебесін алған шаһардың аумағы 35802 гектар, тұрғындарының саны 55920 адамды, үй саны 12985 бірлікті құрайды. Халқының басым бөлігі (98,9%-ы) қазақтар, қалған 1,1%-ы өзге ұлттың өкілдері болып табылады. Инженерлік-әлеуметтік инфрақұрылымдарына тоқталсақ, мұндағы автокөлік жолдарының ұзындығы – 386, соның ішінде асфальтталғаны – 132 және асфальтталмағаны – 254 шақырым. Аудандық орталық аурухана, өкпе аурулары ауруханасы мен орталық емхана халыққа қызмет көрсетеді. Жалпы білім беретін 13 орта мектепте 10363 оқушы білім алса, 11 балабақшада 2500 балдырған тәрбиеленеді. Мұның сыртында, мектептер жанынан ашылған сегіз шағын орталыққа 635 бала қамтылған. Екі саз мектебінде 755 және бір өнер мектебінде 500-ге тарта өрен тәрбиеленуде. Сондай-ақ, екі бірдей мәдениет үйі мен тоғыз кітапхана жұмыс жасайды. Қалада екі базар, 330 сауда нүктесі, 50-ге жуық кафе-бар, 16 мейрамхана мен 12 наубайхана халықтың қажетін қанағаттандырып, тұтынушыларға сервистік қызметтерін ұсынуда.
Жылқы жылы тарих парағына айналып, жаңа Қой жылы жерімізге қадам басқан шақта моноқаланы дамыту мақсатында қабылданған бағдарламаның қалай орындалып жатқандығына зер салып көргенбіз.
Бірінші кезекте жергілікті бюджеттен қаралған 45 млн. теңге қаражатқа Құлсары қаласының бас жоспары жасақталған. «Каспий Сервис-Е» ЖШС-нің бастамасымен жобалық құны 552,0 млн. теңгені, жылдық өнім өндіру қуаттылығы 84 мың тоннаны құрайтын, бір мезгілде 40 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін әк (известь) шығару зауытының құрылысы қолға алынған. Кәсіпорынға қажетті құрал-жабдықтар сатып алынып, инженерлік инфрақұрылымдары (электр қуатын жеткізу, сумен және газбен жабдықтау желілері) тартылып қойылған зауыт 2015 жылдың маусым айында пайдалануға беріледі.
Өміршең жобаның өрісі де кең
«Эко-Техникс» ЖШС бастаушысы болып табылатын мұнай қалдықтарын қайта өңдеу өндірісін жаңғыртуға арналған келесі бір жобаның сметалық құны 508,0 млн. теңгені құраса, жылына 12 мың текше метр шлам өңдеуден өткізіледі, 101 адам жұмысқа тартылады деп есептелінген. Өткен жылдың өзінде кәсіпорында жоспарланған 3000,0 текше метрдің орнына 4000,0 текше метр мұнай қалдықтары (мұнай, топырақ, суды айыру) өңделді. Ағымдағы жылы кәсіпорын толық жобалық қуаттылығына шығады.
Сол сияқты, «РВ-32» маркалы арматура, швеллер (Р100-140), бұрыштама (Р45-75), т.б. металл бұйымдары дайындалатын комбинатта (жоба бастаушысы «МеталлПродукт» ЖШС, құны 1493,0 млн. теңгеге бағаланған) жылына 30,0 мың тонна көлемінде өнім өндіріледі. Жобаны қаржыландыру мақсатында «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 365,0 млн. теңге қаржы қаралған. Кәсіпорында 130 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Былтыр осында жоспарланған 600-дің орнына 2500 тонна металл жаймалары шығарылған.
Қажетті кәсіпке қолдау бар
Шаһарда ел экономикасының негізі саналатын шағын және орта бизнесті дамытуға да айрықша назар аударылған. Мәселен, жұмсақ кеңсе жиһаздары мен тұрмыстық бұйымдар сатылатын сауда үйін ашқан «Амандықова» жеке кәсіпкерлігіне қолдау көрсету мақсатында 30,0 млн. теңге төмендетілген пайызбен несие және 2458,2 млн. теңге субсидия берілген. Сол секілді «EPS System компаниялар тобы» және «Теңізавтокөлік» ЖШС-теріне мұнай қалдықтарын және жолаушылар тасымалдауға арналған «КамАЗ», автобус көліктерін сатып алуы, кәсіпкерлер О.Тауманов пен Ж.Ағыбаеваға тойхана құрылыстарын аяқтауы үшін де қомақты мөлшерде несие мен субсидия бағытталған. Осындай мемлекеттік қолдау мен нақты көмек өзге де кәсіпкерлік субъектілеріне көрсетілген болып шықты. Жергілікті кәсіпкерлер қолға алған жобалардың қатарында құрылыс дүкеніне қажетті материалдар қоймасы, заманауи үлгідегі шағын кинозал тәрізді нысандарды, тұрғындарға коммуналдық қызмет көрсететін арнаулы көлік-техника түрлерін атағанымыз артық емес.
Бұдан бөлек, «Жұмыспен қамту – 2020» (жол картасы) бағдарламасы бойынша 2013-2014 жылдары жұмыссыздар есебінен 60-қа жуық адам қайта даярлау, 13 адам кәсіби дайындық және 15 адам біліктілігін көтеру курстарынан өтіп, барлығы 86 адам жұмысқа орналастырылған. Мұның сыртында «Жастар тәжірибесі» жобасына 244 адам тартылып, олардың 138-і тұрақты жұмыс тапқан. Әлеуметтік жұмыс орындарымен 156 адам қамтылған.
Инфрақұрылымның жақсаруы – игіліктің бастауы
Қаланың сәулеттік кескін-келбетін келісті, өнегелі істерді өрісті етуге кепілдік беретін инженерлік-әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын уақыт талабына сәйкестендіре жаңғыртып, жетілдіру де бағдарламаның басты бағыт-ұстанымы болып табылады. Осы орайда да Құлсарыда тілге тиек етерліктей игі бастамалардың аз еместігі аңғарылады. Міне, осылайша 2013-2015 жылдары қалада жалпы ұзындығы 30 шақырым көше-көлік жолдары жаңғыртылады.
Елді мекенді қосымша электр қуаттарымен, түнгі жарықтандыру шамдарымен қамту жөнінде де жоспарлы да жүйелі жұмыстардың атқарылғанын білдік. Сөйтіп, өткен жылдары қаланың жекелеген мөлтекаудандары («Бірлік», «Шұғыла», «Барлаушы», «Жадырасын-1», «Жадырасын-2», т.с.с.) мен көшелеріне жаңадан ток тасымалдайтын желілер мен бағаналар тартылып, қуаттылығы жоғары «КТПН-400» және «КТПН-630» трансформаторлары (шағын стансалар) орнатылған.
«Саламатты Қазақстан – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру, дене тәрбиесі мен спорттың бұқаралық сипатын арттыру мақсатында тек соңғы екі жылда мектептер жанынан сегіз бірдей шағын спорт алаңы игілікке берілсе, үстіміздегі жылы тағы да төрт футбол алаңы салынады. Жылдан-жылға мөлтекаудандардағы балаларға арналған ойын алаңшаларының саны да көбейе түскен.
Жол-көлік инфрақұрылымын дамытып, қозғалысқа қолайлы жағдайлар туғызып, қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағы да ойластырылып, үш жылда жаңадан 45 автобус аялдамасын тұрғызу көзделген. Оның 19-ы салынып, іске қосылған.
Көгалдандыру жолға қойылды
Құлсарыда бұрын-соңды болмаған сәнді саябақтар мен көздің жауын алар гүлзарлар пайда болып, жыл санап жас ағаш көшеттерін отырғызу, гүлдер өсіру жұмыстары қанатын кеңге жайып, игі дәстүрге айналуда. Соның айғағындай, 2013-2014 жылдары бірнеше мыңдаған түп талшыбық егілсе, 4400 шаршы метрдей алаңға сәндік гүлдер өсірілген. Орталық көшелердің бірінен саналатын Махамбет даңғылының бойына жалпы ауданы 1900 шаршы метрге жуық жаяу жүргінші жолы төселген. Былтыр «Теміржолшылар» мен бұрынғы «Орталық» мөлтекаудандары арқылы өтетін, ұзындығы 6,8 шақырымды құрайтын кәріз жүйелері күрделі жөндеуден өткізілген. Оған қоса, екі жылда қаладағы тоғыз орта мектеп те күрделі жөндеумен қамтылып, су, кәріз, жылу және электр желілері жаңғыртылған.
Осыларды саралап қарағанда, бағдарлама шеңберінде жобаланып-жоспарланған шаралардың ілгеріде де ілкімді істермен жалғасатындығы даусыз.
Дәулетқали АРУЕВ.