ІСКЕРЛІК КӨЗІ – ІЗДЕНІСТЕ
«Қазіргі XXI ғасыр мұғалімі — жай мұғалім емес, жаңа форматты мұғалім болуы тиіс. Жаңа формация мұғалімі — бұл рухани дамыған, әрі әлеуметтік тұрғыдан есейген, педагогикалық құралдардың барлық түрлерін шебер меңгерген білікті маман, өзін-өзі әрдайым жетілдіруге ұмтылатын шығармашыл тұлға. Ол жоғары білімді шығармашыл тұлғаны қалыптастырып, дамыту үшін жауапты», -деген еді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің білім беру жүйесі жаңғыртылып, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы уақыт талабымен жаңаша бағытын айқындап, облыс педагогтарымен қоян-қолтық еңбек етуде. Ұлттық орталықтың барлық филиалдары Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі жүргізіп отырған реформаның әлемдік даму тенденцияларының талаптарына сай біліктілікті арттырудың көп бағдарлы модульдік бағдарламаларын, оқу-әдістемелік құралдар мен цифрлық форматтағы білім ресурстарын жасауға жұмылдыруда. Ұстаз деген мәртебелі мамандық иелерінің әлеуеті мен біліктілігін арттыра отырып, қоғамның дамуына, өркениет пен рухани мәдениеттің жоғары талабына лайық ізденісті еңбекпен танылуда. Біз даму бағытындағы сатылы жолдармен жүре отырып, өзгермелі өмір үдесінен шығудамыз.
Орталық жұмысының ғылыми және инновациялық бағыттылығының нәтижесінде атқарылып жатқан игі істер сан алуан. Институт ұжымы «Заманауи білім беру жүйесіне кірігу мақсатында оқытудың инновациялық нысандары мен әдістерін енгізу арқылы педагогтардың кәсіби құзыреттілігін жоғары деңгейге көтеру» мәселесімен айналыса отырып, ұлттық білім беру моделін жаңғырту жағдайында біліктілікті арттырудың мазмұнын айқындап, кәсіби дамуын қамтамасыз етуде. Жеке тұлғаның қалыптасуы ұстаздан басталады, қоғамдағы өзгерістер ұстаздардың кәсіби біліміндегі жаңашылдықты талап етеді. Ұлттың бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімділік деңгейімен айқындалады. «Әркім өзі талпынбақ, басына бітер бағы үшін» деп Ақтамберді жырау жырлағандай, мұғалімнің мәртебесі, ең алдымен, мұғалімнің өзіне байланысты. Қазіргі мұғалім білім беру мазмұнын жаңарту талабын жан-жүрегімен түсінетін жаңашылдығымен, шығармашылығымен танылады. Ұстаздың абырой-беделі бүгінгі талап үдесінен шыға білуімен, бәсекеге қабілеттілігімен, еңбекқорлығымен айқындалмақ. Мұғалімдеріміздің бойынан табылар басты байлығы — білігі мен білімі, өмірлік рухани байлығы, ұлттық құндылықтарды қастерлей білуі.
«Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» «Педагог мәртебесі» деп аталатын бөлімінде мұғалім мәртебесін көтерудің негізгі факторларының бірі ретінде біліктілікті арттыру мәселесі қарастырылған. Себебі, педагогтардың біліктілігін арттыру мәселесі оқу-тәрбие үрдісінің сапасын көтеру, өз қызметіне аса жауапкершілікпен және шығармашылықпен қарауға қолайлы жағдай туғызу болып табылады. Бағдарламаның жергілікті жерлерде жүзеге асуына ықпал жасайтын негізгі тұлға — білім беру саласының қызметкерлері. Қазақстанның білім беру жүйесі санға ғана емес, сапаға негізделуі — бүгінгі күн талабы. Мұғалімдер мен оқытушылардың біліктілігін көтеру жұмыстарын жандандыру және білім сапасын тексеруде тәуелсіз сарапшылар рөлін күшейту жұмыстары жүргізілуде. Бұл еліміздің болашағының бүгінгіден де нұрлы болуына ықпал етіп, алға апаратын күш білімде екенін көрсетуде. Білім мен ғылымның дамуы — адамзат өркениетінің өлшемі. Біз өмір сүріп отырған қазіргі кезең — жаңа көзқарасты, жаңашылдықты талап ететін кезең. Сондықтан да, білім саласында болып жатқан жаңа өзгерістердің біз үшін мәні мен маңызы зор бола бермек.
Қазақ зиялысы Мағжан Жұмабаевтың сөзімен айтқанда: «Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы — мұғалім. Еліміздің аз ғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың баласы бас қосса, төр — мұғалімдердікі». Олай болса, мұғалімнің осы құрметке лайық мәртебесін ешқашан аласартпауымыз керек. Мемлекет те, қоғам да, Қазақстанның әрбір азаматы мұғалімге құрметпен қарап, абыройын төмендетпей, мүддесі мен мәртебесін қорғап, ынтымақтасты еңбекпен, ұрпақ алдында беделді етуіміз қажет. Кез келген ұжымдық ортада тәртіп пенен тәлім-тәрбие, рухани келісім, сыйластық қатар болмаса, ол жұмыс нәтижелі жемісін бермесі анық. Сондықтан да, білікті де білімді басшы педагог еңбегін елеп, қызметкерлерін ынталандырып отырса, қорытындысында біз күткеннен де нәтижелі жұмыс болады. Өз дәуірінде Улиям Уорд «Жай ұстаз хабарлайды, жақсы ұстаз түсіндіреді, керемет ұстаз қалай жасау керектігін көрсетеді, ал ұлы ұстаз шабыттандырады» деген екен.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» бүгінгі таңда педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру жүйесіндегі негізгі ұйым болып табылады. Облыстағы филиал педагогтардың сапалық құрамын арттыруға және кәсіптік шеберлігін жетілдіруге бағытталған жұмыстар атқарады. Институт өз жұмысында қоғамға бағытталу, ғылымилық және инновациялық, жаңа технологиялар, ғылыми білім мен ақпаратты қолдану, педагогтардың өмір бойы үздіксіз білім алуын қамтамасыз ету, білім сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған қызметтің жаңа түрлерін меңгеру, ақпараттың ашықтығы және қолжетімдігі, әрбір адамның жеке жауапкершілігі барлық құқықтық нормаларды сақтау және педагогтардың біліктілігін арттыруда көшбасшылық пен жаңашылдықты енгізу принциптерін басшылыққа алады.
Кәсіптік деңгейдің сапалық өсуін қамтамасыз ету үшін бізде мына жұмыстар белгіленді. Олар — жаңартылған қысқа мерзімді біліктілікті арттыру курстары; жаңа жүйе бойынша үш айлық біліктілікті арттыру курстары; e-learning электрондық оқытуды енгізу бойынша біліктілікті арттыру курстары; қазіргі білім беруді дамытудың бағыттарына сәйкес біліктілікті арттыру курстарының мазмұнын жаңарту; ақпараттық коммуникациялық технологияларды қолдануды енгізу.
Иә, өзгермелі өмір талабына сай жеке тұлғаның қалыптасуы ұстаздан басталады. Қоғамдағы өзгерістер ұстаздардың кәсіби біліміндегі жаңашылдықты талап етеді. Ең бастысы — ұстаздардың еркі, күш-жігері, табандылығы мен білімі. Олай болса, ғылым мен ақыл-ой бәсекесінің ғасырында ғылым мен техниканың озық үлгілерін меңгере отырып, Елбасының: «Елімізге бойына ата-бабамыздың ел мен жерге деген сүйіспеншілік қасиеті дарыған, егеменді елімізге аянбай қызмет ететін, ой-өрісі кең, алғыр да жүректі, сауатты да салауатты азаматтар қажет», — деген биігінен көріне берейік.
Маржан ҒАЛЫМЖАНОВА,
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Атырау облысы бойынша педагогикалық
қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі.