
Индер ауданының әкімі тағайындалды
Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов Индер аудандық мәслихатының депутаттарына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігімен келісілген жаңа әкімнің кандидатурасын ұсынды, ол – Шамұратов Дарын Дүйсембайұлы.
Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Айта кетейік, Дарын Шамұратов М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін «география» мамандығы бойынша, Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университеті «қаржы» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек өтіліне келсек, Бөдене ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманның міндетін уақытша атқарушы (02.2009-05.2009), Бөдене ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы (05.2009-12.2009), Индер ауданы әкімі аппаратының жалпы бөлімінің бас маманы (12.2009-09.2012), Индер ауданы әкімі аппаратының жалпы бөлімінің меңгерушісі (09.2012-25.10.2012), Индер ауданы әкімі аппаратының басшысы (10.2012-08.2017), Индер ауданы әкімінің аппараты, аудан әкімінің орынбасары (08.2017-04.2021) болды.
Тағайындалғанға дейін Атырау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары болып жұмыс істеді.
Аймақ басшысы Серік Шапкенов Индер ауданының жаңа әкіміне ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына және Мемлекет Басшысының жолдауын жүзеге асыруға қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Амандық АБДОЛ
