Халық пен биліктің алтын көпірі
Референдум — халық пен биліктің арасындағы алтын көпір.
Референдум мемлекеттік маңызы бар мәселені халықтық дауысқа салу. Референдум демократиялық институт алғаш рет Швейцарияда қолданылды. Қазақстанда референдум өткізу туралы шешімді Қазақстан Республикасының Президенті қабылдайды. Оған 18 жасқа толған Қазақстан азаматы қатыса алады.Тәуілсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы референдум 1995 жылы өткізіліп, халық бір ауыздан Ата заңды қабылдады. Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХI сессиясы 29 сәуір 2022 жылы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының төрағалығымен «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның негізі» атты тақырыпта өтті. Осы сессияда Конституциялықреформалар жобасы бойынша елде референдум өткізуді ұсынды. Елімізде Ата заңға өзгерістер енгізу туралы 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарлығы шықты.Барлығы 33 бапқа, яғни Ата заңның үштен біріне өзгеріс енгізу көзделіп отыр. Референдум арқылы «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласынан тұратын мемлекеттік басқарудың моделін қалыптастыру халықтың талқысына ұсынылады.
Жаңа өзгерістер бойынша Үкіметтің Парламент алдындағы жауапкершілігі артады. Заң шығарушы орган Мәжіліс болады. Аудандық, қалалық мәслихаттар толығымен мажориторлық, облыстық мәслихаттар аралас жүйе бойынша сайланады. Бұл өз кезегінде мәслихаттар ролінің күшеюіне алып келеді.
Енді саяси партия құрамын дейтін азаматтар үшін бес мың азаматтың қолын жинау жеткілікті. Партиялардың Парламентке өту шегі 7-ден 5 пайызға дейін түсірілді. Облыс, қала, аудан әкімдері мен оның орынбасарлары саяси партия филиалдарының төрағасы болмайды. Бұл өзгерістер барлық партияларға тең мүмкіндіктер береді.
Осы секілді еліміздің даму барысын айқындайтын Ата заңның 33 бабына өзгерістер енгізіледі. Әрбір азаматқа тікелей қатысы бар мұндай мемлекеттік істерді референдум арқылы халықтың пікірімен санаса отырып жүргізу оң бастама деп санаймын.
Рафхат Мұқышев,
Құрманғазы ауданы, М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі