ЕРТЕҢГІ КҮНГЕ ДЕГЕН СЕНІМ
Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 2002 жылы алғаш рет облыстық тірек-қозғалыс жүйесі бұзылған мүгедектер үшін «Дене тәрбиесі және спорт федерациясы» қоғамдық бірлестігі ашылды. Оның басты мақсаты – дене шынықтыру және спорт түрлері арқылы мүгедектерді дене-күш жағынан оңалтуды жүзеге асыру және барлық санаттағы мүгедектерді спортпен жүйелі айналысуға тарту, әртүрлі деңгейдегі халықаралық және республикалық жарыстарға қатысуға жол ашу. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының, мемлекеттің жан-жақты қолдауының нәтижесінде кедергілер еңсеріліп, қиыншылықтар артта қалды. Қазір мүгедек спортшылар талай жарыстарда топ жарып, тамаша жетістіктерімен көзге түсіп жүр.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әр Жолдауында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көбірек көңіл бөлу керектігін баса айтады. Оларды белсенді өмірге тарту, өздерін қоғамның белсенді мүшесі ретінде санауға ықпал ету бағытында нақты тапсырмалар жүктеп келеді.
Күні кеше барша қазақстандықтарға жол тартқан Президентіміздің жаңа Жолдауы да әр азаматқа келелі міндеттер жүктеп отыр. Ертеңгі күнге деген сенімге, тұрақтылық пен келісімге, ұрпақ бақыты – бейбітшілікке апарар «нұрлы жолды» айқын көрсетті. Мемлекетіміздің әрбір азаматына елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығы аманатталды. Мүмкіндігіміз шектеулі болса да, Елбасы міндеттеген межеге жету жолында аямай күш-жігерімізді жұмсап, құлаш сермеуге дайынбыз. Өйткені, «Нұрлы Жол» «Мәңгілік ел» болудағы адастырмас басты сүрлеуіміз болмақ.
Манас ҚОЖАСОВ,
«Мүгедектер» спорт клубының
«Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымының төрағасы.