ЕНДІГІ БАҒЫТ – КЕДЕРГІСІЗ ҚОҒАМ
«Ел Президенті, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев бұқараға Жолдауында мүгедек жандарға мейлінше кедергісіз жағдай жасауды тапсырды. Партия мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге қашан да дайын» деген ол жылына «Нұр Отанның» 800 мың адамды қабылдайтындығын жеткізді. Оның пікірінше, Жолдауда экономикалық даму көрсеткіштеріне ғана емес, азаматтардың жағдайын жыл сайын жақсартуға мейлінше көп көңіл бөлінген. Сондықтан да, барлық саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, тұтастай алғанда, қоғам Жолдау жүктеген міндеттерді мейлінше нәтижелі жүзеге асыруға жұмыстануы керек.
«Ел бойынша 600 мыңнан астам мүгедек болса, олардың 400 мыңға жуығы еңбекке қабілетті жандар екен. Алайда, бүгінде олардың 12,4 пайызы ғана еңбекпен қамтылған. Инватакси бір адамды айына 8 мәрте тасуға ғана жоспарланған екен. Адамның үйінен шығуы және келуі бар. Сонда ол бір айда төрт рет қана далаға шығып, тиісті құжаттарын жинақтай ала ма? Әрине, жоқ. Сондықтан, әлеуметтік такси қолға алынады» деген «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Бәйбек мүгедектерді жұмыспен қамтуға, олардың қоғамдық ортадағы қозғалысына кедергісіз жағдай жасауға күш салынатынын айтты. «Әлеуметтік нысандардың 80 пайызына мүгедек жандар емін-еркін кіріп-шыға алмайды. Олардың кедергісіз білім алуына да бар жағдай жасалатын болады» деп атап өтті ол.
Мүгедектер үшін кедергісіз қоғам құруда атқарылуы тиіс жұмыстарға тоқталған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова «Парыз» сыйлығына ұсынылатын «Үздік жұмыс беруші» бұдан былай қанша мүгедек жанды жұмыспен қамтығандығына қарай бағаланатын болса» деген ұсынысын білдірді. Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев бүгінде халыққа қызмет көрсету орталықтарының 80 пайызының пандуспен қамтамасыз етілгендігін жеткізді. «Мүгедек жандарға арналған 1414-саll орталығы жұмыс істейді. Орталыққа қоңырау шалу арқылы мүгедек жандар үйіне халыққа қызмет көрсету орталығының маманын шақыра алады» деп атап өтті министр. Мүгедектер конфедерациясының президенті Жанат Омарбекова «түрлі мемлекеттік конкурстарға қатысатын компанияларға мүгедек адамдарды мейлінше жұмысқа көбірек тарту талабы қойылса» деген ұсынысын айтты.
Астанамен арадағы тікелей желі аяқталған соң, облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан тиісті орындарға нақты тапсырмалар жүктеді. «Біріншіден, бізде мүгедектердің қаншасы жұмысқа жарамды, нешеуі жұмысқа орналасқандығы жөнінде нақты мониторинг жоқ. Екіншіден, кәсіпкерлер палатасымен бірігіп, мүгедектерге арналған жәрмеңке ұйымдастыру керек» деген ол мүгедектер ұйымдарын мемлекеттік тапсырыспен қамтамасыз етуді де тапсырды. Сондай-ақ, мұқтаж жандарды мүгедектерге лайықталған автобустармен, инватаксимен қамту жайы талқыланды.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.