«Елге қызмет ету – мақсатым»

izobrazhenie 2022 06 14 191702404 Саясат

КӨПШІЛІККЕ МӘЛІМ, МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ ҒЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ БОЙЫНША БЕРГЕН ТАПСЫРМАСЫ АЯСЫНДА 500 ОТАНДЫҚ МАМАН ӘЛЕМНІҢ ҮЗДІК ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҚТАРЫНДА «БОЛАШАҚ» БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША ҒЫЛЫМИ ТАҒЫЛЫМДАМАДАН ӨТУГЕ МҮМКІНДІК АЛҒАН БОЛАТЫН.

Ұлыбританиядағы Линкольн университетінде (University of Lincoln) «Білім жəне ғылымдағы менеджмент» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өтіп жатқан Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай жəне газ университетінің оқытушысы Еламан Абежанов та ел өміріндегі маңызды оқиғадан қалыс қалмады. Елден жырақта жүрсе де жуырда өткен референдумда өз таңдауын жасап, оң өзгерістерге өз үлесін қосты. Лондон қаласында орналасқан Қазақстан елшілігіне барып, дауыс берді. Ол «өзгерістер елдің дамуы үшін маңызды» деген пікірде.

– Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жалпы халықтық референдумда өз таңдауымды жасадым. Менімен бірге келген 11 «болашақтық» та мемлекетіміздің тағдыры, болашағы үшін дауыс беруге асықтық. Біз елдегі өзгерістерге сеніммен қараймыз. Қазір жаңа Қазақстанды құру жолында жаңа өзгерулер болып жатыр. Мұндай саяси науқаннан тыс қалу азаматығыма сын. Бұл күнді асыға күттік, дауыс беруге ертелетіп келдік. Өзге де отандастарымызды көріп, қуанып қалдық. Жалпы Қазақстанның болашағы жастардың қолында, сондықтан үлкен өзгерістер болады деген ойдамын, – дейді Еламан Абежанов.

Саяси науқанның ел тарихындағы мəні мен маңызы ерекше. Шетелде жүрсе де шеттемей, елдегі оқиғаларға жауапкершілікпен қараған халық қарасының көптігі – ел келешегіне деген сенімнің кепілі.

– Конституцияда ненің өзгергенін қаладыңыз? – дедік біз оған.

– Мемлекеттік басқару жүйесі мен қоғам қарым-қатынасының жаңа моделі қалыптасып, өмірімізге жаңа бір серпін береді деген үлкен үмітім бар. Ата заңға енгізілген өзгерістер күшіне енген соң азаматтарымыз құқықтық тұрғыдан барынша қорғауға ие болады. Референдум кезінде саяси науқаннан сырт қалмай, бірауыздан қолдауы халықтың жаңа өмірге деген сенімі мен үмітін көрсетеді. Реформа аясында Қазақстан басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен бас тартпақ. Заман талабына сай, Парламентке басымдық берілгенін қолдаймын. Яғни, мықты Парламентке сүйенген президенттік республикаға көшу – заман талабы. Бұл – дамыған мемлекеттерде бар тəжірибе. Алдыңғы қатарлы мемлекеттерде Парламенттің құзыры мен ролі жоғары. Елімізде өлім жазасына мораторий жарияланғанына жиырма жылдай болды. Ата Заңға енгізілетін өзгерістерді халықтың қолдауы нəтижесінде елде бұл жаза түрі жойылады. Аталған мəселе Конституцияда түпкілікті шешілетін болады. Қалай дегенмен қылмыскер болса да олар – Қазақстан Республикасының азаматтары.

– Алдағы жоспарыңыз қандай?

– Əрбір «болашақтық» студенттің оқу бітіргеннен кейінгі жоспары – елге қызмет ету ғой. Ел президентінің қолдауымен шетелде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алдық. Бұл – ел аманаты. Расында, ел дамуы едəуір көшілгері жатқан шет мемлекеттердің бізге үйретері аз емес. Білім беру тəсілдері де өзгеше. Жат жерде біліміңді тереңдету арқылы мол мүмкіндікке ие боласың. Отаныңа оралған соң алған білім-білігіңді кəдеге жарату – басты мақсат. Ел аманатына жауапкершілікпен қарап, алған біліміміз мен білігімізді ел игілігіне жұмсамақ ниеттеміз.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз