Елдің берік іргетасы
Халықаралық қатынастардың қазіргі дамуының жаңа жағдайында сыртқы және ішкі саясат мүдделерінің өзара тәуелділігі мен байланысы артып келеді. Жаһандану мен аймақтық интеграциялық үдерістер қарқынды дамуда. Бұл үрдістерде мемлекеттік басқару мен партиялық-саяси жүйенің әртүрлі әлеуметтік ішкі жүйелерге ықпалын зерттеу басты рөл атқарады. Партиялық жүйені қайта құру мен саяси жүйені жаңғыртудың көпжақты тетіктерін жетілдіру қажеттілігі өткір сезіліп отыр. Қазіргі Қазақстан үшін саяси жаңғырту және партиялық жүйені жетілдіру мәселелері маңызды.
Посткеңестік жүйесіндегі геосаяси өзгерістер жағдайында нарықтық экономикасы бар демократиялық, құқықтық, әлеуметтік мемлекетті құру белгілі жағдайда трансформациялануда.
Бұл тұрғыда әлемдік дамудағы интеграциялық және дезинтеграциялық процестердің күшеюі, партиялық-саяси жүйені қайта құру маңызды рөл атқарады.
Әлемдегі қазіргі саяси және экономикалық тұрақсыздықтар демократиялық идеяның ымыраға келуіне және оның тартымдылығын жоғалту қаупін күшейтуде. Осыған байланысты саяси үрдістердегі демократиялық парадигманың ғылыми-практикалық өзектілігі артып келеді.
Қазақстан үшін тәуелсіздік жылдарында егемендік пен мемлекеттік тәуелсіздік әрқашан маңызды болды. Өйткені ол Қазақстанның халықаралық мемлекеттер жүйесінде лайықты орнын табуға мүмкіндік берді.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында 1990 жылғы 25 қазандағы Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздерін айқындаған тәуелсіздікке жасалған алғашқы қадам болды.
Көпшілікке белгілі, 1980 жылдарға қарай КСРО жүйелі дағдарыс жағдайына тап болды. Кеңес халқының едәуір бөлігі ресми түрде жарияланған коммунистік идеологияның догмаларына сенімін жоғалтты. Батыс елдерінен Кеңес Одағының экономикалық және технологиялық артта қалуы айқын байқалды.
1985-1991 жылдардағы қайта құру саясаты КСРО-ның саяси жүйесін реформалау әрекеті елдегі қайшылықтардың шиеленісуіне әкелді.
Осындай қиын жағдайда «Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация» қабылданды. Бұл тарихи құжат мемлекетіміздің мынадай негізгі ережелері мен саяси-құқықтық негіздерін айқындады:
1. Қазақстан унитарлы мемлекет;
2. Мемлекеттің тұтастығы;
3. Қазақстанның территориялық тұтастығы мен бөлінбейтіндігі;
4. Қазақ халқының төл мәдениетін, салт-дәстүрін, тілін жаңғырту және дамыту;
5. Президент Республиканың басшысы, әкiмшiлiк-атқарушы жоғары билiктiң басшысы болып танылады.
6. Жер, оның қойнауы, суы, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар, халықтың мәдени және тарихи құндылықтары, барлық экономикалық және ғылыми-техникалық әлеует Республика егемендігінің негізі болды және оның меншігінде;
7. Қазақ КСР-нің Республикаға сәйкес келетін жалпыодақтық меншіктегі үлесі, оның ішінде алмаз, валюта және алтын қорларындағы тиісті үлесі бар;
8. Қазақстан аумағында ядролық қару мен жаппай қырып-жоюдың басқа да түрлерін (химиялық, бактериологиялық, биологиялық және т.б.) сынауға тыйым салынады;
9. Қазақ КСР-і Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі мен Президентіне бағынатын және бақылайтын өзінің ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құруға құқылы (осы ережеден Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің (Парламентінің) өкілеттіктерінің Президент өкілеттілігінен жоғары тұрғандығын байқаймыз. Алайда, 1990 жылдардағы Қазақстандағы саяси партиялар жүйесінің әлі қалыптаса қоймағандығы, БАҚ ықпалының төмендегі, демократиялық саяси дәстүрлерінің жоқтығы – Президент билігінің кең конституциялық өкілеттілігі іс жүзінде Президент институтының сипатында авторитарлық тенденциялардың пайда болуына әкелді).
Осылайша, Қазақстанның егемендігі туралы Декларация Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне жасалған алғашқы қадам болды. Сондай-ақ, 1991 жылы 16 желтоқсанда «Егемендік туралы Декларация» негізінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заң қабылданды.
Ал, 2001 жылы Республика күні мемлекеттік мерекелер тізіміне енді. 2009 жылы мереке ресми күндер күнтізбесінен алынып тасталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың I отырысында сөйлеген сөзінде Республика күнін мемлекеттік мереке мәртебесіне қайтаруды ұсынған болатын.
– Біз – тарихтан тағылым ала білген халықпыз. Бүгін қайта жалғасын тапқан Құрылтайды төл тарихымызға тағзым деуге болады. Осы Құрылтай да ертең ұлт шежіресінің бір белесіне айналатыны анық.
Елдің тарихи жадын жаңғырту үшін үйлесімді саясаттың болуы ерекше маңызды. Осы орайда, біз ел дамуының жаңа басымдықтарын белгілеп алуымыз керек. Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн.
Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек…
Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек, — деп Президент атап көрсеткен болатын.
Бұдан кейін Қазақстан Парламенті «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға өзгерістер енгізіп, ұлттық мереке – 25 қазан –Республика күні және мемлекеттік мереке болып белгіленді.
Сайполла САПАНОВ,
тарих ғылымдарының докторы,
«Х.Табылдиев атындағы Каспий өңірінің тарихы, археологиясы және этнологиясы» ҒЗИ директоры