Жарнама
Саясат

ЕЛДІКТІҢ ЕҢСЕЛІ АРҚАУЫ

Осы жолы да Президент жаңа жаһандық нақты ахуалда дамудың басты бағыттарын айқындайтын Жолдауында елдiң бүгiнгi жетiстiгiн саралап, келер күннiң негiзгi мiндеттерін айқындап, әлемдік дағдарыс жағдайындағы іс-қимылдарымызды белгілеп берді.

Елбасының әр сөзінен жігер алған мемлекеттік қызметкерлердің ертеңгі күнге деген сенімдері арта түсті және қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін өздеріне жауапкершілікпен қарап, мемлекеттік биліктің беделін нығайтатындарын жеткізді. Жолдауды тыңдап болған соң біз бірқатар тыңдармандардың пікірлерін жазып алған едік. 

Жауапкершілік арта түседі

Аманбек ЖҰМЫРОВ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

— Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында тәуелсіз республика тарихында алғаш рет орташа өмір сүру ұзақтығы 72 жастан асқанын атап өтті. Бұл – өте қуанышты жағдай. Атырау облысында да бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соңғы бес жылда облыс халқының өмір сүру ұзақтығы 68,4-тен 71,8-ге артып, елімізде алдыңғы қатарлы аймақтар қатарына еніп отырмыз.

 Иә, жаһандық дағдарыстың салқыны Қазақстанға да тиюде. Алайда, мемлекетіміз медициналық қызмет сапасын жақсартуға, бала мен ана өлімін азайтуға барлық жағдай жасауда. Осы орайда біздің өңірде де оң өзгерістер орын алып, соңғы үш жылда 23 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді. Оның ішінде «350 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт және емханалар салу» бағдарламасы бойынша 19 нысан бой көтерді. Ал, былтыр облыстық балалар ауруханасы толық қайта жарақтандырылудан өтіп, жаңа хирургиялық корпус салынды. Республика бойынша алғашқы типтік жобаға жататын ЖИТС орталығының да жаңа ғимараты бой көтерді.

Биылғы жылы Индер ауданында және Геолог поселкесінде ауысымына 100 келушіге арналған емханалардың құрылысы аяқталып пайдалануға берілмекші. Атырау қаласының Нұрсая мөлтекауданында салынып жатқан 180 керуеттік облыстық инфекциялық аурухананың құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар, саланың материалдық-техникалық базасы жыл сайын жаңартылуда.

Келер жылдың басты жаңалығы — еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аяқталып, оның жалғасы саналатын 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасы қабылданғалы жатыр. 

Еңселі ертеңіміз үшін

Қатимолла Ризуанов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

— Президент кезекті Жолдауында көкейіміздегі көп ойды дөп басты. Себебі, бүкіл жаһанда, экономикалық дағдарыс  қиындап, кейбір мемлекеттердің саяси қатынастары ушығып тұр. Қазіргі таңда «өзгелер не істесе, оны істесін, менің шаруам түгел» деп отыра беру мүмкін емес.

Елбасының бүгінгі Жолдауын мұқият тыңдап, ертеңгі күнге, еліміздің жарқын болашағына, халықтың бірлігіне, азаматтардың іскерлігіне деген сенім одан сайын арта түсті.

Жазып алған:

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button