Елдігіміздің жемісі
Сұлтан САРТАЕВ, қоғам қайраткері, академик,заң ғылымдарының докторы:
Елдігіміздің жемісі
Әлем таныған Қазақстан Тәуелсіздік елең-алаңында күрделі сынақтарды бастан өткерді. Мемлекеттік басқару саясатын нақтылау, армия қалыптастыру, шекараны шегендеу сияқты мәселелердің сыртында ел Конституциясын қабылдау міндеті тұрған еді. Сол бір өткен күндер әлі күнге дейін санамда жаңғырып тұр.
Тәуелсіздік туралы конституциялық заңның жобасын мен, Еркеш Нұрпейісов, Талғат Донақов үшеуіміз өз бастамамызбен жасап, 1991 жылдың шілде айында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумына тапсырдық. Бірақ, бұл құжат көпке дейін қараусыз жата берді. Кейбіреулердің «онсыз да тәуелсізбіз ғой, осы заңның қажеті қанша» деген сөздері де айтылып жатты.
Тоталитарлық жүйенің темір шынжырлары үзілмей тұрған өліара тұста негізі қаланып, Қазақ елінің мақсат-мұрат, мүддесіне негізделу арқылы, мемлекетіміздің ішкі-сыртқы саясатын, бағыт-бағдарын, әлемдік қауымдастық алдындағы өзіндік мәртебесін белгілеген Конституция осылайша болашағымыздың бағдаршамы болып отыр.
Ендеше, елге ортақ мүддені ту еткен осынау Бас құжат қабылданған атаулы дата – жалпыхалықтық мереке ғана емес, ең ірі тарихи оқиға.
Ел өміріндегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік, рухани жаңарулар, тіпті бүгінгі даму деңгейіміздің өзі, сайып келгенде, Конституциямыздың нәтижелі жемісі. Күні кеше Рио төрінде ел намысын абыроймен қорғаған сайыпқырандарымыз да Ата Заңымызда жазылғанындай, адами капиталдың ең маңызды байлық екендігін дәлелдеп берді. Демек, Конституциямыз елімізбен бірге мәңгі жасай береді.
P.S. Біздің Конституциямыз бос жатқан жерде, ен далада қабылданған жоқ. Ол – өмір талабына сай келетін бағдаршам құжат. Сондықтан да, біз Конституцияны жасаған кезде азаматтардың ой-өрісіне, елдің алға қойған мақсат-міндеттеріне сүйендік. Ендеше, баршамыз игі мақсаттарға құрылған Ата Заңымыздың маңайына топтаса түсуіміз керек.