Жарнама
Саясат

ЕЛ СЕНІМІН АРҚАЛАҒАН ЕЛЕУЛІ КЕЗЕҢ

Мәслихаттардың негізгі мақсаты – бұқарамен тығыз байланыса отырып, ел арасындағы өзекті проблемаларды облыстың атқарушы органдарына жеткізу және мәселенің оң шешімін табуға жұмыстану екендігін ерекше атап өткім келеді.
Облыстық мәслихаттың алғашқы сессиясы 1994 жылдың 25 наурызы күні өтті. Осынау тарихи сәтте мәслихат корпусына 36 депутат сайланған еді. Бірінші шақырылған облыстық мәслихат (1994-1999 ж.ж. аралығында) еліміздің егемендік алып, еңсесін тіктеген сын сағатта қызмет атқарғандықтан, орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуға ерекше назар аударуға тура келді. Осылайша, 1997 жылы «Кіші өнеркәсіпті дамыту және қолдаудың өңірлік бағдарламасы» қабылданды.
Бұдан басқа облыстық мәслихат сессияларындағы депутаттардың бастамаларымен өңірдегі телекоммуникация жүйелерін оңтайландыру, Индер тұз комбинатында тұз комбайнын жабдықтау, аудандардағы электр желілерін қайта жаңғырту, оралмандарға арнап тұрғын үй салу сынды жұмыстар жүзеге асырылды. Сол кездегі облысқа қарасты Балықшы ауданының таратылып, Атырау қаласының құрамына енгізілу ісінде де облыстық мәслихат депутаттарының қолтаңбасы жатыр. Бұл шешім басқару құрылымын оңтайландыра отырып, бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында жүзеге асырылған еді. Нәтижесінде баға және монополияға қарсы күрес саясатын, жергілікті салықтар мен алымдар, көліктік, тұрмыстық, медициналық қызмет көрсету мәселелерін бірыңғай шешуге мүмкіндік туды. Егемендіктің елең-алаңында тұрғын үй қатынастары мәселесі де өте күрделі жағдайда болған еді. Өйткені, бұрынғы кеңестік дәуірдегі жүйе толығымен жойылып, «жеке меншік» ұғымы пайда болған тұста, тұрғын үй саясаты мен коммуналдық қызмет көрсету саласындағы құқықтық қатынастар түбегейлі өзгеруді қажет етті. Осылайша, тұрғын үй қатынастарында жаңа жүйе қалыптасып, ПИК-тер (пәтер иелері кооперативтері) қызметі жандана бастады, «Атырау облысы тұрғындары үшін тұрғын үй-коммуналдық қызметтерінің реттелген бағасы мен тарифтерін өзгерту кестесі» жасақталынды.
Жергілікті мәслихат қабылдаған 2000-2003 жылдарды қамтыған «Кедейлікпен және жұмыссыздықпен күресу бағдарламасының» сол кезде маңызы өте зор болды. Өйткені, бағдарлама атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің нысандары мен әдістерін жетілдіруге, қайырымдылық акциялар жүйесін кеңейту арқылы аз қамтылған отбасылар санын азайтуға, экономика саласында бар жұмыс орындарын сақтай отырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берген еді. Сонымен бірге, бағдарлама облысқа шеттен жұмыс күшін тартуды азайту, біріккен кәсіпорындар мен шетелдік фирмаларда жаңа жұмыс орнын құру, жергілікті кадрлардың біліктілігін арттыра отырып, шетелдік мамандарды ауыстыруға бағытталған болатын. Осылайша, шетелдік компаниялардың, облыстық бюджеттің және басқа да қаржыландыру көздері есебінен 20 ірі инвестициялық жоба іске асырылып, 5390 жұмыс орнын ашу көзделді.
Үшінші шақырылған облыстық мәслихат (2003-2007 ж.ж.) өңірдің даму динамикасы өте шапшаң, экономикалық, әлеуметтік, саяси реформалардың жүзеге асуы кезінде жұмыс жасады. Бұл кезеңде мәслихат тарапынан 456 шешім мен 40 түрлі сипаттағы өңірдің даму бағыттарын белгілейтін бағдарламалар қабылданды. Жергілікті мәслихаттың 2005 жылғы 25 мамырдағы шешіміне сәйкес, облыста құқық бұзушылықтың алдын алу мен қылмысқа қарсы күрестің 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасы іске асырылды. Бағдарламаға сәйкес, Атырау қаласында он екі учаскелік және үш аумақтық полиция пункті жасақталып, іске қосылды. Барлығы арнайы қызметтік жиһазбен, байланыс құралдарымен жабдықталды. Сондай-ақ, облыс орталығындағы «Жедел басқару орталығының» құрылысы аяқталды. Орталықтандырылған сыртқы бейнебақылау жүйесі жасақталды.
Төртінші шақырылған облыстық мәслихат (2007-2012 ж.ж.) қызмет еткен кезең дүние жүзін шарпыған қаржылық дағдарыс кезінде тұйықтан жол тауып, экономикамыз бен халықтың әл-ауқатын төмендетпей, қалыпты тіршілікті қамтамасыз етуді талап еткен сын жылдармен сәйкес келді. Облыста бұдан басқа қордаланған проблемалар да жеткілікті еді. Осылайша, орталықтан қашықтағы елді мекендерге де табиғи газ жеткізіліп, ауыз су құбыры тартылды. Шалғайдағы ауылдар байланыс желісімен толықтай қамтылып, шетелдік инвесторлармен арада жүйелі жұмыс қалыптасты.
Бесінші шақырылған Атырау облыстық мәслихатында 27 депутат бар. Олар төрт тұрақты комиссияға бөлініп жұмыс жасайды. Облыстық мәслихат депутаттарының 25-і «Нұр Отан» партиясының мүшелері болса, екі депутат — «Ақ Жол» партиясының мүшесі. Олардың көпшілігі — мұнай-газ өндіру және энергетика саласының мамандары. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласының мамандары, заңгерлер, мұғалімдер мен дәрігерлер де бар. Бесінші шақырылған облыстық мәслихаттың депутаттық корпус қызметі негізінен атқарушы органдармен бірлесе отырып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелерін шешуге, халықтың мүддесі мен талап-тілектерінің орындалуына арналған шараларды бақылауға бағытталды.
Мәслихат депутаттары облыс көлемінде өтетін мәдени-көпшілік, спорттық шаралар мен қайырымдылық акцияларына үнемі қатысып, әрдайым белсенділік танытып келеді. Атап айтқанда, Ә.Бекқожиева, Д.Құлжанов, Ә.Жұбанов, М.Қаражігітова, С.Әбуғалиев, Т.Мұқатанов, Ө.Жанбала сынды депутаттар «Мектепке жол», «Қамқорлық» және тағы да басқа қайырымдылық акцияларына ұдайы қатысып, өңірдің қоғамдық өміріне араласып отырады.
Мәслихат депутаттары Парламент Сенатының депутаттарымен де тығыз байланыста жұмыс атқарып келеді. Атап айтқанда, Сенат төрағасының орынбасары Қ.Ищановтың, Экономикалық даму және кәсіпкерлік комитетінің хатшысы С.Еңсегеновтің ұйымдастыруымен өткен жылдың 18-20 маусым күндері Атыраудың облыс, қала, аудандық мәслихат хатшыларының, облыстық, кейбір аудандық Мәслихат аппараты басшыларының, жекелеген депутаттары – тұрақты комиссия төрағаларының Астана қаласына іскерлік сапары ұйымдастырылды. Сапар барысында депутаттар «Жайық-Балық» мекемесінің мүліктерін республикалық меншікке қабылдап, оның базасы негізінде жаңа кәсіпорын құру, жалақы берешектерін өтеу мәселесін шешу, Тайсойған полигонының пайдаланылмай отырған 900 гектарға жуық жерін Ресей Үкіметінен кері қайтарып алу, Жайық және Қиғаш өзенінің, басқа да балық жүру каналдарының түбін тереңдету, каналдарды жөндеу, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және өңдеу, Ақтөбе – Атырау — Астрахан және Атырау — Индер автомобиль жолдарын күрделі жөндеуден өткізу, Махамбет селосынан Жайық арқылы көпір салу мәселелерін көтерді. Осы аталған және басқа да мәселелер қабылдаулар кезінде толықтай айтылып, өз шешімін табуда.
Қиғаш, Жайық өзендерін тереңдету облыстың өзекті проблемаларының бірі десек, Қоршаған ортаны қорғау министрімен өткен аталмыш сапар барысындағы кездесуде министр Нұрлан Қаппаров облыстағы 9 каналды тереңдетіп қазу, Жайық өзенінен шығатын 11 каналға су айдайтын 13 жүзбелі насосты толықтай жөндеп, жаңарту жұмыстарының келер жылы қаржыландырылатындығын мәлімдеді. Сондай-ақ, тамыз айында барлық қалаларда қалдықтарды өңдеу, полигондар салу бағдарламаларының қабылданатыны, ол бойынша бірінші кезекте облыс орталықтарында салынатын тоғыз полигонның бірі Атырау қаласында екені айтылды. Және Исатай ауданынан үш полигон салу жоспарланып отырғаны белгілі болды. Мұның барлығы аталмыш сапардың мәслихат жұмысының нәтижелілігін арттыруға ықпал еткендігін көрсетсе керек.
Бүгінде жергілікті мәслихаттардың өкілеттігі кеңейтіліп, қолданыстағы заңға көптеген өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.Осы жерде жергілікті өзін-өзі басқару міндетінің мәслихаттарға тапсырылуы, ауыл, кент әкімдерін мәслихат депутаттары арқылы сайлаудың да жаңа сипаттағы өкілетті органның саяси рөлін одан әрі арттырғандығын баса айтқым келеді.
Мәслихат халық сайлайтын, халықтың еркін білдіретін, Қазақстан Республикасының заңдарын іске асыру үшін қажетті шараларды айқындайтын және олардың жүзеге асырылуын бақылайтын сайланбалы орган болғандықтан, оның негізгі міндеті ел игілігіне қызмет ету болып табылады. Демек, осы мақсатты іске асыруда Атырау облыстық мәслихатының депутаттары нақты жұмыстарымен биіктен көрініп келеді.

Сағындық ЛҰҚПАНОВ,
Атырау облыстық
мәслихатының хатшысы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button