ЕЛ МҮДДЕСІ БАСТЫ ОРЫНДА
Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысты бейнеүндеу жасаған болатын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бейнеүндеуінде: «Жолдауда айтылған бастамалардың негізгі мақсаты – саяси жүйемізді түбірімен өзгерту. Бұл халықтың көп жылғы талап-тілегінен туындап отыр. Азаматтарымыз мемлекетті басқару ісіне қатысуға кең мүмкіндік берілгенін қалайды. Сондай-ақ саяси үдерісті түбегейлі демократияландыру қажет деп санайды. Мұны тиімді жүзеге асыру үшін Ата заңымызға өзгерістер енгізу қажет» — деген болатын.
Мемлекет басшысы 2022 жылғы 5 маусымда республикалық референдум өткiзу туралы Жарлыққа қол қойды.
Конституциялық реформа қоғам мүддесі үшін жүргізіледі. Еліміз түбегейлі өзгерістердің алдында тұр. Оның негізгі қозғаушы күші – осы Конституциялық реформалар болмақ. Еліміздегі демократияны нығайту, қарапайым халықтың мемлекет ісіне араласу мүмкіндігін арттыру бағытындағы жаңа мәнге ие болады деп сенеміз.
Халықтың Ата Заңымызға енгізілетін өзгерістерді таразылап, дауыс беру арқылы азаматтық позициясын білдіруіне толық мүмкіндік беріліп отыр.
Саяси қадамдардың бірі – Президенттің саяси бейтараптылығы, мемлекет басшысының ешбір саяси партияның мүшесінде болмауы. Бұл сайлау жүйесін өзгертуге ықпал ететіндігі сөзсіз. Тәуелсіз еліміздің әр азаматының өз болашағын айқындауына, өзіндік көзқарасын білдіруіне жол ашады, яғни, халық пен биліктің арасы жақындай түседі. Мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігінің артуына және «еститін мемлекет» тұжырымдасын нақты іске асыруға негізгі қадам болады.
Президент конституциялық реформа биліктің өкілді тармағын айтарлықтай күшейтетінін, сондай-ақ үйлесімді және теңгерімді жүйені нығайтып, мәслихаттардың ықпалын арттыратынын айтты.
«Мәжіліс пен облыстық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың аралас мажоритарлы-пропорционалды моделі енгізіледі. Бұл қадам сайлаушылардың көзқарастары мен пікірлерін барынша толық қамтуға мүмкіндік береді», деді Президент.
Конституцияға енгізілетін өзгерістер елдің болашағын айқындайды. Жаңа Қазақстанды құру үшін маңызды саяси қадамға әр азаматтың өз үлесін қосуға шақырамын.
Еліміз аман, бірлігіміз бекем болсын!
Әлібек Нәутиев,
Атырау облыстық мәслихатының хатшысы