ЕЛ МҮДДЕСІ БӘРІМІЗГЕ ОРТАҚ
Батыс филиалы Атырау мұнай құбыры басқармасының басшысы Саркис Снхчян қонақтарға қош келдіңіз айтып, кіріспе сөзін арнады.
— Өздеріңізге белгілі, Самараға мұнай тасымалдау көлемі азайды, осының салдарынан биыл көп жұмысшы қысқаруы керек болды. Алайда, бұған жол берілмей, жұмысқа қабілетсіз және зейнет жасына шыққандарды ғана босату жүзеге асырылады. Өкінішке орай, мұнай бағасының төмендеуі мұнайлы өлкеміздің экономикасына да кері әсерін тигізуде.
Соған қарамастан, бұл мәселелер Елбасының сарабдал саясатының арқасында шешімін тауып жатыр деп есептеймін. Біз партия өкілдерімен біргеміз, ендеше, Елбасы қойған ортақ міндеттерді бірге жүзеге асырайық, — деді Саркис Седракович.
Кәсіпорын Қытайға мұнай тасымалдайтын жаңа құбыр құрылысына кірісіп те кеткен екен. Келер жылдың желтоқсан айында Ақтөбе арқылы Қытайға мұнай құбыр жолы ашылатын болады. Үкімет тапсырмасы бойынша Павлодар мұнай өңдеу зауытын шикізатпен қамтамасыз ету ісі қолға алынуда. Жаңа жылдан бастап мұнда жаңа төлем тарифі бекітіліп, жұмысшылардың жалақысы өспекші.
Жолдау жүктеген жаңа міндеттерді партия филиалы саяси кеңесінің мүшесі Нұрлы Әйтиева егжей-тегжейлі түсіндірді.
— Еліміздің тәуелсіздік алғанына биыл 23 жыл толып отыр. Жиырма үш жаста бала ержетіп, қыз бойжетеді, өмірлік мақсатына қол жеткізуге алғашқы қадамын жасайды. Ал, бұл мезгілде біздің жас мемлекетіміз бір ғасырлық жолды өткеріп тастады. Бұл дегенің — ғажап жол. Біздің осындай даму жылдамдығымызға қарап өзге елдер қызығады, айрықша сыйлайды. Елімізбен сауда, экономикалық қатынастар орнатқысы келеді. Қандай қиын жағдай болмасын, тығырықтан шығар жол табу, келер күнге мол сенім арту елін сүйген әрбір азаматқа тән қасиет болуы тиіс. Бұл мекемеде менің де шәкірттерім бар, орта және жас буын өкілдері Жолдау мазмұнымен түгелдей қанықты деп ойлаймын. Мемлекеттік маңызы бар құжатта еңбек адамының мүддесі қамтылды, бастысы – осы, — деді Нұрлы Тельманқызы.
Ал, Жолдауда көрсетілген инфрақұрылымдық бағдарламалар жөнінде облыстық мәслихат депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясы мүшесі Гүлнар Сәдуақасова баяндап берді. «Елбасының осыған дейінгі Жолдауларында дәстүрлі түрде білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселесі сөз болып келсе, биылғы экономикалық саясаттың жаңалығы сол, аймақтардың инфрақұрылымдық даму стратегиясы белгіленді. Шалғай аудандар мен аймақтарды байланыстыратын жаңа темір және автокөлік жолдарын салу, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне дайындық сияқты алдағы үлкен міндеттер нақты қойылды. Көрші елдермен арадағы байланыста халықаралық жолдардың маңызы жоғары» — деді ол.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.
Суретті түсірген автор.