Жарнама
Саясат

ЕЛ ЕРТЕҢІН АЙҚЫНДАҒАН ҚҰЖАТ

 

Жасыратыны жоқ, бүгінде тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы саласының проблемасы жетерлік. Мәселен, республикадағы жылу жүйелерінің тең жартысынан астамы жарамсыз күйге түскен. 9,6 мың шақырымды құрайтын желі жедел ауыстыруды қажет етеді. Осындай жағдайдан жыл сайын орташа алғанда 10,7 млн. Гкал жылу энергиясы текке кетіп жатыр. Бұл – тез арада тегеурінді шаралар алуды қажет ететін тұс.

Әлемдегі дамыған мемлекеттерде халықты сумен қамту жүйесі толық жетілген, бұрыннан жолға қойылған десе болады. Яғни, көрсеткішке шаққанда 90-95 пайызды құрайды. Озық 30 елдің қатарына ұмтылып отырған Қазақстан үшін аталған жүйені дамыту өте маңызды. Ұлттық экономика министрлігінің бағалауынша, республикадағы жылу және сумен қамту жүйесін қайта құрылымдау жұмысы 2 трлн. теңге көлемінде инвестиция тартуды қажет етеді. Әрине, бүгінгі нарық жағдайында мұндай үлкен қаражат мемлекеттің қалтасына аз салмақ түсірмейтіні рас. Әйткенмен, Жолдауды жүзеге асыру бағытында Ұлттық экономика министрлігі саланы дамыту, оған қажетті қаражат тарту мақсатында жаңа бағыттарды жасақтауда. Атап айтқанда, бұл үлкен жұмыс халықаралық қаржы институттарын тарта отырып жүзеге аспақ. Сонымен қатар, тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы саласына жеке капиталды тарту үшін инвестициялық тарифтерді енгізу жоспарлануда.

Жаңа бағыт мемлекет қаражатын тиімді әрі үнемді пайдалануға мүмкіндік беретіні анық. Соның негізінде 2020 жылға қарай жылу, су жүйесі желілерінің тозуы 65 пайыздан 53-ке кемиді. Шығын азайып, тұрғындарды су, жылумен қамтамасыз ету көрсеткіші артады.

Табиғи монополиялар нысандарының іркіліссіз жұмыс жасауы, олардың қызметіне белгіленетін бағаның қолайлы болуы еліміздің алдағы жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету міндеттерімен астасады. Осы тұста жергілікті жердегі жағдайға кеңірек тоқталсақ деп едім. Бүгінде Атырау облысында 53 табиғи монополиялы субъекті 73 қызмет түрін көрсетеді. Қазіргі күнге дейін департаментке аталған нысандардан 23 сұраным түссе, соның 13-і ғана қанағаттандырылып отыр. 2014 жыл бойынша 7 табиғи монополиялы субъектінің 4 238,6 млн. теңгені құрайтын инвестициялық бағдарламасы бекітілді. Ол – арғы жылмен салыстырғанда 41 пайызға артық көрсеткіш. Былтыр біздің департаментке базар нысандарынан жеті хабарлама түскен болатын, соның бесеуі бойынша келісім жасалды.

Биылғы 1 ақпан айына дейін Атырау облысында жеке тұлғалар 109 478 дана  салқын су есептегішін қондырды. Ал, ыссы суға орнатылған жабдықтың саны 49 283-ті құрайды.

«Нұрлы Жол — болашаққа бастар жол» Жолдауы мемлекетіміздің алдағы күндердегі дамуын айқындайды. Ендеше, оны жүйелі жүзеге асыру, тыңғылықты орындау бүгінгі күннің маңызды мәселесі.

 

Асылбек АЛАМАН,

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті Атырау облысындағы департаментінің басшысы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button