«ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫ БӘСЕКЕЛЕСТІКТЕ ҒАНА ДАМИДЫ»

«Мәңгілік Ел» жолындағы алғашқы қадамдарымыз қалай болуы керек? Елбасы Жолдауынан туындайтын осы мәселеден басталған Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Бекеновпен арадағы әңгімеміз «кедергісіз қоғам» құру, ұлттық экономиканы бәсекелестік жағдайында дамыту, ұлт саулығы жайына қарай ойысқан еді.

– Біз «Мәңгілік Ел» болуды басты мақсат етіп қойдық. Осы мұратқа жетудің алғашқы қадамын сіздіңше неден бастағанымыз жөн?

– Ең алдымен, мемлекетіміздің тұғыры мықты болуы қажет. Мемлекеттің бірден-бір тұғыры ол – экономика. Сондықтан да, біздің еліміз ендігі жағдайда экономикалық даму деңгейі жоғары, әлеуметтік ахуалы көтеріңкі,  әскери әлеуеті мықты, білімі мен ғылымы озық, қай саласы да бәсекеге қабілетті болып қалыптасуы қажет. Ел бола алмай жүрген қаншама ұлттар бар?! Мәселен, күрдтер Түркияда жыл сайын көтеріліс жасап, дербес автономия құруды талап етумен келеді. Бірақ, жер жоқ жерде ұлт та, болашақ та болмайды емес пе? Сондықтан, ұлан-байтақ жерімізді бағалай білейік дегім келеді. Екіншіден, әр адам өз мамандығының кәсіби шебері болуға ұмтылса, әке мен ана толыққанды отбасын құрып, балаларын ұлтының патриоты, білімдар азаматы етіп тәрбиелеп шығарса, еліміздің іргетасы берік болар еді. Және де біздің өмір сүру образымыз, қоғамдық санамыз түбегейлі өзгеруі керек. Ендігі жерде біз барлық жетістіктің тек таза еңбек жағдайында ғана келетінін түйсінуге тиіспіз.

– Елдің болашағы неде деп білесіз? Сіздіңше, бізге отандық экономиканың қай саласын дамытқан тиімді?

– Әлемдік деңгейде әлден тапшылық туғызып отырған ауыл шаруашылығы саласын және энергия көздерін дамытуға күш салу қажет. Бүгінде энергияның балама көздерін толық пайдаланып отырған мемлекеттер бар. Мәселен, Германия –  осындай мемлекет. Бізге осы Германияның тәжірибесін қолданысқа енгізіп алсақ та жаман болмас еді. Сондай-ақ, ауыз су қорларын көбейтуге тиіспіз. Еліміздің геология саласында зерттеліп, зерделенбей жатқан қазба байлықтар қоры өте көп. Ғылымның еш назарынсыз жатқан жерасты су қорлары да жеткілікті. Сол мүмкіндіктерді мейлінше пайдаланатын кез жетті. Және де мемлекетіміз экономиканы әртараптандыру процесін ұдайы жүргізіп отыруы тиіс. Бизнес саласы әлі де болса қолдауды қажет етеді. Мүмкін, кәсібін жаңадан бастаушыларға көзделген нысанын іске қосу үшін инженерлік инфрақұрылымын тегін өткізіп беру де керек болар. Бизнеске осындай нақты қолдау механизмдері қажет.

– Сіздіңше, Елбасы Жолдауында айрықша назар аударылған мүмкіндігі шектеулі азаматтарға «кедергісіз қоғам» құруды неден бастаған жөн? Мүмкін, оларды еңбекке араластыру үшін жұмыс берушілерге мемлекет тарапынан қандайма бір жеңілдік қаралуы керек те шығар?

–  Әр бағдарлама, ең алдымен, нақты зерттеуден бастау алады. Біріншіден, қоғамдағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың санын, сапасын анықтау керек. Біздің ондай азаматтарымыздың арасында бизнесі өркендеп, толыққанды жағдайда өмір сүріп жатқандары да, үй-жайды былай қойғанда, күнделікті дәрі-дәрмегіне мұқтаж болып жүргендері де бар. Тұрақты жұмысқа зәрулері қаншама?! Сондықтан, Үкімет осындай мұқтаж жандардың қандай жұмыс көздеріне бейім екендігін, оларға нақты не ұсына алатынын анықтап алуы қажет. Осындайда түрлі әлеуметтік зерттеулер жүргізу де артық болмас еді.  Және де оларға баспана, жұмыс, жүріп-тұруына, емделуіне қажетті құрал-жабдықтар, емдеу орталықтарына жолдамалар, дәрі-дәрмек, жәрдемақы дегендеріңіз – міндетті түрде керек дүниелер. Демек, мұндай көмектердің біржолғы күйінде қалып қоймауы үшін біз заң шығарушы орган ретінде ұзақ мерзімді заң қабылдауға тиіспіз. Бастысы, аялы алақанды қажет ететін азаматтарымыз Үкімет тарапынан қашанда қолдауда, қорғауда болатынын сезінуі керек.

Оның үстіне, біздің алдымызда халықтың, жұмыс берушілердің, яғни тұтас қоғамның санасын өзгерту міндеті тұр. Әсіресе, жұмыс берушілеріміз өмірде кемтар азаматтардың бар екендігін, олардың да қоғамның толыққанды мүшесі екендігін, олар қашанда жанашырлықты, қолдауды қажет ететіндігін түйсінуі керек. Осындайда мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту деңгейіне қарай мекемелерді бағалау механизмін енгізсек те артық болмас еді.

–  Бізге керегі дені сау ұлт қой. Бұл жайында Елбасы дәстүрлі Жолдауларында үнемі айтып та келеді. Осы орайда, әңгіме барысын Ақмола облысының Калачи елді мекенінде пайда болған белгісіз ауру жайына бұрсақ. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, адамдар жүріп бара жатып кенеттен қалың ұйқыға түсіп кететін көрінеді. Енді ол жерді мекендейтіндерге мемлекет тарапынан қандайма бір көмек қарастыру жайы қалай болып жатыр?

– Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі бұл жағдайдан толық хабардар. Бүгінде министрлік тарапынан шұғыл комиссия құрылып, жұмыс істеуде. Аталмыш ауыл азаматтары зерттелу үстінде. Расымен де, бұл біздің ғалымдарымыз үшін түсініксіз құбылыс болып отыр. Белгісіз аурудың шығу себебі негізінен экологиялық мәселелерге байланысты болуы мүмкін. Енді біз зерттеу нәтижелері шыққан соң ғана көмек жөнінде әңгіме қозғай аламыз. Әзірге пәлен деп тон пішу қиын.

– Дені сау ұлт дегеннен шығады ғой, біраз уақыт бұрын Еуразия бірінші арнасының «Аналитика» бағдарламасы Алматыда салынып жатқан АҚШ-тың құпия зертханасының 2015 жылы есік ашатынын хабарлады. 100 миллион долларға бағаланған зертханада әлемдегі ең қауіпті әрі белгісіз вирустар мен ауру көздері зерттелетін көрінеді. Қазақстан ғылымының әлеуеті мұндай зерттеулерге қаншалықты дайын? Және біздің қауіпсіздігімізге кім кепілдік бере алады?

– Мұндай зертхана біздің мемлекетіміз үшін қаншалықты тиімді? Ғылымымызға нендей серпіліс әкеледі? Үкімет мұндай шешімге осы жағынан келіп отырса керек. Зертхана елімізде орналасқан жағдайда, ол міндетті түрде ғылымға пайда әкелуі керек. Қауіпті ауруларға қарсы вакцина табылып жатса, бұл, әрине, үлкен жетістік болар еді.

– Кеден Одағынан бастау алған көршілес елдермен әріптестік өткен аптада ресми түрде Бірыңғай экономикалық Одаққа ұласты. Осы орайда пікіріңізді біле отырсақ…

– Кей саясаттанушылар осы Еуразиялық кеңістік мәселесіне келгенде  «біз бостандығымызды тапсырамыз» деп шуылдап жүр ғой. Меніңше, бұл бос сөз. Екіншіден, қазір қай мемлекет болмасын, темір жол, энергетика мәселелерінде бәрібір белгілі бір дәрежеде біріне-бірі тәуелді. Үшіншіден, Қазақстанның мұхитқа шығатын жолы жоқ. Төртіншіден, энергетика, ауыз су мәселесі бізде түбегейлі шешімін таппаған. Осындай көп мәселенің ортасында отырған еліміз үшін үлкен әлемге шығу маңызды. Біз кім арқылы үлкен экономикалық қозғалыстарға қосыламыз? Әрине, ол – біз үшін әзірге Ресей. Дейтұрғанмен, Одаққа қосылдық екен деп, арқаны кеңге салуға болмайды. Біздің алдымызда шағын және орта бизнесті дамыту міндеті тұр. Осы салада елімізде сексен пайыз өнім шығаратындар легі пайда болса, экономикалық көрсеткіштегі өсу деңгейіміз жаман болмас еді. 

Сұхбаттасқан

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз