ЕЛ ДАМУЫНДАҒЫ ЕЛЕУЛІ КЕЗЕҢ
Осынау уақыт ішінде мәслихаттар қоғамның қозғаушы күшіне айналды. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңдерде де, егемен елімізді үш мәрте айналып өткен қаржы дағдарыстарында да қоғамды түрлі толқулардан сақтандыруда өкілетті орган шешуші рөл атқарды. Себебі, депутаттар ел мүддесін бірінші кезекке қоя отырып, бұқараға қажетті бағдарламаларды дер кезінде қабылдай білді. Нәтижесінде, тұтас облыстың әлеуметтік ахуалы көтеріліп, инфрақұрылымы жақсарды, экономикалық мүмкіндіктері артты.
Экономикалық тұрғыдан алғанда, Жылыой ауданы облыстың күретамыры іспеттес. Сондықтан, бірнеше кезеңді артқа тастаған Жылыой аудандық мәслихаты депутаттарының сапалық құрамына мақсатты түрде үнемі өзгерістердің енгізіліп отыратынын атап өткім келеді. Олардың арасында техника, ауыл шаруашылығы, заңгерлік, медициналық және қаржы-экономикалық саласының мамандары бар. Сала мамандарының түрлілігі өз кезегінде аудан үшін нәтижелі бағдарламалардың қабылдануына оң әсер етеді.
Бүгінде құрылғанына жиырма жыл толып отырған мәслихаттар өкілеттілігінің Қазақстан қоғамын демократияландыру барысында айтарлықтай кеңейе түскендігін атап өткім келеді. Өйткені, «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңда айқындалған мүмкіндіктер өкілетті органның жаңа тынысын ашты. Соның ішінде село, округ, кенттік деңгейдегі әкімдерді тікелей мәслихат арқылы сайлау жүйесінің қолданысқа енгізілуі, өкілетті органның қоғамдағы рөлі мен беделін айтарлықтай арттыра түсті. Бұл жаңалық мәслихаттардың әкімдердің қызметіне қатысты бақылау функцияларының күшейе түсуіне де оң ықпал етті.
Бұрындары мәслихат депутаттары әкімге сенімсіздікті өз құрамының үштен екісі арқылы білдіруге құқылы болса, ендігі жерде жергілікті атқарушы билік басшысына сенімсіздікті сәл ғана басым дауыспен білдіріп, оны қызметінен босату туралы мәселені жоғарғы тұрған әкімнің алдына қоя алады. Сондай-ақ, депутаттардың өкілеттік мерзімінің төрт жылдан бес жылға дейін ұлғайтылуы, сайып келгенде өкілетті органның саяси рөлін күрт жоғарылатты. Мұның барлығы еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік дамуында шешуші рөл атқаратын мәслихаттарға үлкен жауапкершілік жүктейді. Әлемнің ең озық отыздығына ену арқылы болашақтың барысына айналуды көздеп отырған елімізді ұлы мұраттарға жетелеуде мәслихаттардың зор күш жұмсарына сенемін.
Сағымбай БЕКТІЛЕУОВ,
Жылыой аудандық мәслихат аппаратының басшысы, мемлекеттік қызмет
саласының ардагері.