ЕЛ АБЫРОЙЫ – ӨЗ МЕРЕЙІМІЗ
Жуырда Астана қаласында өткен «Мәңгілік ел – Болашағы Біртұтас ел» республикалық патриоттар форумына қатыса отырып, талап пен ерік-жігер болса, биік шыңдарды да бағындыруға болатынына тағы да көз жеткіздім.
Жиынға Атырау облысынан қатысқан форум делегаттары қатарында болу мен үшін үлкен бақыт деп есептеймін. Өйткені, бұл жүрегі Отаным деп соғатын, осы отансүйгіштік сезімдерін ісімен дәлелдеп келе жатқан азаматтардың бас қосқан жиыны болды. Олардың мінберден сөйлеген сөздері, ой-толғамдары кез келгенімізді бейжай қалдырмады. Әсіресе, қатерлі ісік ауруларымен күресу мақсатындағы зерттеулерге 2 миллион АҚШ долларын бөлген 25 жастағы бағдарламашы, атыраулық жерлесіміз, Атырау қазақ-түрік лицейінің түлегі Асхат Мырзабаевтың сөзін тыңдап, кеудемді мақтаныш сезімі кернеді.
Форум аясында, сонымен қатар, «Жыл патриоты» атты жыл сайынғы байқаудың салтанатты қорытындысы шығарылды. Байқауда ерлік көрсеткен, сондай-ақ, Отанға деген сүйіспеншілігін күнделікті еңбегімен, нақты істерімен дәлелдей білген қазақстандықтар жеті аталым бойынша марапатталды.
«Менің елім» аталымында ғарышкер Айдын Айымбетов, «Ел бірлігі» аталымында «Динар — Электромаш» ЖШС (Ақтөбе облысы) іс басқарушысы Сергей Вишняк, КСРО және ҚР Халық әртісі Бибігүл Төлегенова «Руханият шыңы» аталымында, «Нұрлы жол» аталымында «Казлегпром – Алматы» ЖШС бас директоры Айбек Бектұрғанов, «Ерен еңбегі үшін» аталымында «Темірлан» ЖШС директоры Ерлан Әлин және «Ерлік» номинациясында суға кеткен екі сыныптасын құтқарған мектеп оқушысы Никита Тюкин, «Ана жүрегі» аталымында белгілі боксшы Геннадий Головкиннің анасы Елизавета Головкина марапатталды.
Форумнан кейін мен де «еліме барымша еңбегімді сіңіріп, халқыма пайдамды әлі де тигізуім керек» деген ой түйдім.
Әлем, Азия чемпионаттарында шеберлік пен рух таразыға түскен сәттерде қарсыласты жеңіп, еліміздің Әнұраны орындалып, көк байрағымыз аспанда қалықтағанда әр спортшы еріксіз көзіне жас алады. Бұл — туған жерге деген сүйіспеншіліктің, қуаныштың, ел үшін мақтаныштың белгісі. Патриот үшін нағыз бақыт осы сәт болмақ. Барша қазақстандық жастарды елі үшін аянбай еңбек етуге, спортпен батыл шұғылдануға, сөйтіп, Ұлы Дала елінің абыройын асқақтатуға шақырамын!
Абзал ДҮСІПОВ,
кикбокстен әлем және Азия чемпионы, форум делегаты.