ЭКОНОМИКАЛЫҚ ПРОГРЕСС ЖОЛЫНДАҒЫ БАТЫЛ ҚАДАМ
Жаңа экономикалық саясаттың басы бағыттары туралы кеңінен түсіндірген облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов елді біріктіруші партияның 2013-2014 жылдары атқарған жұмыстарының, Сайлауалды тұғырнаманың бағыттары мен партиялық жобалардың орындалысы туралы баяндады.
— «Қазақстан – 2050» Стратегиясын іске асыру – партия филиалдарының алдында тұрған жауапты міндет. Партия Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының XV съезінде партия дамуындағы жаңа кезеңге бетбұрыс бастауы болатын «Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында!» Саяси Доктринасын қабылдау арқылы алда атқарылатын басты міндеттерді айқындап берді.
Елбасы, партия Төрағасы алғашқы рет «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жария етті. Экономикалық дағдарыс алдында тұрған әлем елдері түрлі қиындықтарға тап болуда. Қазақстан осы сыннан абыроймен шығу үшін Елбасымыз Жаңа экономикалық саясаттың негізгі ұстанымдарын жариялады. Сондай-ақ, партия филиалдарына партияның идеологиялық тұғырнамасын іске асыру және атқарушы органдардың жұмыстарына қоғамдық бақылауды күшейтуді тапсырды. Партияның 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі бағдарламасы бекітілді.
Қазіргі күні партия жұмыстың жаңа түріне көшті. Негізгі акцент нақты сайлаушыларға бағытталып отыр. Мақсат – олардың қызығушылықтары мен проблемаларын шешу, — деді партияның облыстық филиалының төрағасы, облыс басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы.
Партия Сайлауалды тұғырнамасын іске асыру бағытында ағымдағы жылдың есептік кезеңінде жалпы өңірлік өнімнің көлемі 2 трлн. теңгені құраған. Индустриялдық даму саласында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Атап айтсақ, Индустрияландыру картасы шеңберінде 5 000-нан астам жұмыс орнын құрумен және жалпы құны 1,6 трлн. теңгені құрайтын 42 инвестициялық жоба іске асырылуда. Олардың ішінен 2 131 жұмыс орнын құрумен және жалпы құны 68 млрд. теңгені құрайтын 28 жоба іске қосылды. Сондай-ақ, облыс басшысы ағымдағы жылы облыста агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға 7 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінгендігін айтты.
— Партия өзінің негізгі басымдықтарының бірі ретінде барлық деңгейде сапалы білім беруді дамытуды айқындайды. Балабақшадан университетке дейін сапалы білім беру еліміздің барлық жерінде қолжетімді болады.
Сайлауалды тұғырнаманың «Білім және ғылым» бағыты бойынша облыстағы 11 мектепті жаңа ғимараттармен алмастыру үшін қаржыландыру көздері анықталды, оның ішінде үшеуі пайдалануға берілді, екеуінің құрылысы биыл аяқталады. Білім беру саласындағы 6 нысанның құрылыс жұмыстары өзге қаражат көздерінен басталады. Облыста «Балапан» бағдарламасы аясында 12 балабақша құрылысы салынуда.
Бүгінгі күні облыста 22 жекеменшік балабақша жұмыс жасайды. Қазіргі уақытта 1-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту деңгейі 52,1 пайыздан 53,5 пайызға, 3-6 жастағы балаларды қамту – 76,9 пайыздан 79,2 пайызға өсті.
Партия таяудағы бес жылға арналған өз жұмысында ұлт денсаулығын нығайтуға бағдар ұстайтын болады. Біздің жұмысымыздың басты көрсеткішін жалпы өлімді кем дегенде 15 пайызға азайтудан және өмір сүрудің орташа ұзақтығын 70 жасқа дейін өсіруден көреміз. Осы орайда облыста бір жыл ішінде жалпы өлім 9 пайызға, ана өлімі көрсеткіші 4 есеге, сәби шетінеуі 12,7 пайызға төмендеді, — дей келе облыстық партия филиалының төрағасы бұдан басқа да әлеуметтік бағытта атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Сонымен қатар, биыл тұрғындардың жеке сұрақтары бойынша бес рет қоғамдық қабылдау өткізіп, 25 тұрғынның өтініштері бойынша нақты шешімдер қабылданған. Қоғамдық қабылдау бөлмелерінде 550 рет сала басшыларының қабылдаулары өткізілді, өткен жылмен салыстырғанда ол екі есеге артқанын жеткізді.
— Көп ретте тұрғындардан үйге мұқтаждық, жер беру жөніндегі ұсыныстар жиі түседі. Әр әрекет заң шеңберінде жүзеге асу керектігін үнемі айтып келемін. Тіпті, реніш білдіріп кететіндер де бар. Партияның 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі бағдарламасында да осы мәселе тағы да анық көрсетілген. Халық заңсыз ештеңеге қол жеткізе алмайтындығын түсінуі керек. Сонда ғана біз алға қарай өсеміз, өрлейміз, — деп облыс басшысы ерекше ескертті.
«Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ҰК» АҚ төрағасының орынбасары Нұржан Мұхамбетқалиев «Нұр Отан» партиясының XV съезінде жаңа Саяси Доктрина талқыланып, тексеру комиссиясының жаңа Ережесіне және Қазақстан Республикасы заңнамаларына сай қаржы саласына қатаң партиялық бақылау жасауға қойылған талаптармен таныстырды.
Ал, Жылыой ауданының әкімі, партияның аудандық филиалының төрағасы Мақсым Ізбасов Елбасы Жолдауда барлық деңгейдегі әкімдерге үлкен жауапкершілік жүктегенін ерекше атап өтті.
— Табыс қашан да оңайлықпен келмейді. Ол талмай еңбек етуді, үлкен ізденісті, даналықты талап етеді. Атырау десе егіз ұғымдай қатар жүретін Құлсары қаласы да моноқалаларды дамыту бағдарламасына енді. Қала экономикасын әртараптандыру мақсатында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға 271,4 миллион теңге қаржы бөлініп, 14 жоба қаржыландырылды. Биыл барлық ауылдық елді мекендерде «Ақ бұлақ» бағдарламасымен ауыз су жүйесі жұмыстары жүргізілуде. Адам денсаулығын жақсарту бағытында Майкөмген селосында заман талабына сай дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Үш ауысымды мектептерді жою мақсатында 624 орындық жаңа мектеп ашылса, 140 орындық «Айналайын» және 280 орындық «Құлыншақ» балабақшалары бүлдіршіндерге есігін айқара ашты. Аумақта атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының үнемі бақылауында, — деді Жылыой ауданы әкімі Мақсым Ізбасов.
Елбасы Жолдауына жастар да қолдау білдіруде. Жастармен, соның ішінде ауыл жастарымен жұмыс жүргізуде «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты өз мүмкіндігіне қарай қызмет атқаруда.
Қазіргі уақытта «Жас Отан» жастар қанаты еліміз бойынша негізгі үш жобаның төңірегінде жастармен тығыз байланыста жұмыс жасап келеді.
— «Жастар – Отанға!» жобасының аясында облыстық партия филиалының төрағасы, облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қолдауымен қала маңындағы ауылдар жастарының ең көп жиналатын орталығы «Дина» базарынан арнайы «Кеңес орталығы» ашылып, биылғы жылдың қаңтар айынан бері келушілерге тегін кеңес беру жұмысын жүргізуде. Орталыққа Атырау қалалық Жұмыспен қамту орталығының, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасының мамандары мен «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Атырау филиалының және «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының мамандары келіп халыққа өз салалары бойынша кеңес береді, — деді «Жас Отан» ЖҚ Атырау облысы бойынша хатшысының орынбасары Қатима Тұсаева.
Ал, «Сәтті қадам» – алғашқы екі жоба секілді партиялық жобалардың қатарына кірген республикалық кең көлемдегі ірі жоба. Мақсаты – жоғары оқу орнын жаңадан бітірген жастардың өз мамандықтары бойынша екі-үш ай көлемінде арнайы іс-тәжірибеден өтуіне жол ашу. Облыстық «Жас Отан» жастар қанаты осы мақсатта өңіріміздегі 9 мемлекеттік және өндірістік мекемелермен арнайы меморандумға отырды.
— Елбасы, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында жариялаған биылғы Жолдауы біз үшін өте маңызды және әсерлі. Өйткені, біз осы уақытқа дейін, Елбасымыз атап өткендей, артық азап пен қиыншылықты, соғыс пен жанжалды көргеніміз жоқ. Ендігі біздің міндетіміз – еліміздегі тыныштық пен татулықтың, ұлтаралық бірлік пен берекенің шаңырағын шайқалтпай, Тәуелсіз мемлекетіміздегі барлық жақсылықтарды жан-жақты жастар арасында насихаттау, — деді «Жас Отан» жастар қанатының белсенді мүшесі.
Конференцияға арнайы қатысқан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Нұрлан Әбдіров атыраулықтардың белсенділіктеріне тәнті болды.
— Жолдау жарияланған күннен соң іле-шала мұндай үлкен жиында бас қосып, құжатта көрсетілген межеге қалай қол жеткізуге болатыны жөнінде өз пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңызды ортаға салып жатырсыздар. Бұл да атыраулықтардың алға қарай ұмтылысын аңғартады. Аталған Жолдауда жаңа экономикалық саясат әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылу жолындағы қарышты қадам, экономиканың таяу жылдардағы өсуінің кепілі, Қазақстан үшін өмір желісі екендігі нақтыланды. Жолдауда партия мүшелеріне де салмақты міндеттер тапсырылды.
Жемқорлық жайлаған елдің болашағы бұлыңғыр болатыны сөзсіз. Өткен саяси кеңесте партияның «2015-2025 жылдарға арналған жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы» бекітіліп, бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуы, жасалған жұмыстағы тазалықты бақылауға қатаң партиялық тексеру жүргізілетініне Елбасы сенім білдірді. Сондықтан, барлық жұмыс заң аясында атқарылуы тиіс. Пәтермен қамту да солай. Егер алға қарай ұмтылғымыз келсе, осыны басты назарда ұстау керек. Әр азамат «елім маған емес, мен еліме не бердім?» деген сауалды көкейінен тастамаса, алар асуымыз биік болатыны кәміл», — деді Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Мәжитұлы.
Елбасы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауын жүзеге асыруда «Нұр Отан» партиясының рөлін жоғары бағалады. Жаңа экономикалық саясат, ең алдымен, халықтың бірлігі мен ұлтаралық ынтымағын қажет етеді. Сондықтан, партияның облыстық филиалының мүшелері Жолдауды іске асыруда күш біріктіріп, үлкен жауапкершілікпен қарайтындарына сендірді.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.