
Дипломатия – бейбіт ықпалдастықтың басты құралы
Қазақстанда 2 шілдеде Дипломатиялық қызмет күні аталып өтеді. Атаулы күн қарсаңында елдің сыртқы саясатындағы өзекті бағыттар мен халықаралық байланыстардың бүгіні мен болашағы жөнінде «Астана» Дипломатиялық клубының президенті Қайырболат Сахметовпен арнайы сұхбат құрдық. Әңгіме барысында клубтың бастамалары, жастарды дипломатияға баулу, экономикалық әріптестікті кеңейту және Қазақстанның әлемдік аренадағы орны туралы кеңінен сөз болды.
– Қайырболат мырза, Қазақстанның қазіргі сыртқы саясатындағы басым бағыттар қандай және бұл бағытта дипломатиялық клуб қандай қолдау көрсетіп отыр?
– Бүгінде Қазақстанның сыртқы саясатындағы басты басымдық – елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтау. Қазіргі халықаралық ахуалды ескерсек, бұл ұстаным ерекше маңызға ие. Қазақстан әрқашан көрші және шет мемлекеттермен орнаған достық қарым-қатынастарды одан әрі нығайтып келеді. Өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту және инвестиция тарту бағытында да белсенді бастамалар көтеріп отыр.
«Астана» дипломатиялық клубы осы мақсаттарға қолдау көрсетіп, дипломатиялық корпус өкілдері, мемлекеттік басқару органдары, іскерлік орта, қоғам қайраткерлері және шығармашылық интеллигенция арасында диалог пен серіктестікті нығайту алаңы ретінде жұмыс істейді. Біздің қызметіміз елдің сыртқы саясатына үндес, түрлі елдер өкілдерінің бір-бірін түсінуіне, өзара құрмет пен сенімінің артуына ықпал етеміз.
Сондай-ақ, бізде Дипломатиялық мектеп аясында білім беру жобаларын жүзеге асырып, елшілерге дәрістер, елшіліктерге бару, дипломатиялық корпус қатысатын спорттық және мәдени шаралар өткіземіз. Мұның бәрі елдің халықаралық аренадағы жағымды бейнесін қалыптастыруға және нығайтуға бағытталған.
– Қазақстанда аккредиттелген елшіліктермен қандай бірлескен жұмыс жүріп жатыр?
– Елде аккредиттелген елшіліктермен бірлесе отырып, біз тұрақты түрде бизнес-миссиялар ұйымдастырамыз. Отандық кәсіпкерлер алыс және жақын шетелдерге барып, заманға лайықты технологиялармен танысады, жаңа іскерлік бағыттарды зерттеп, өз бизнесінің көкжиегін кеңейтеді. Мұндай сапарлардың нәтижесінде өзара тиімді келісім-шарттар жасалып, екіжақты экономикалық ынтымақтастық дамиды.
Осындай өзара байланыс спорттық дипломатияда да көрініс табуда. Клуб ұйымдастыратын спорттық іс-шаралар мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып, бейресми әрі сенімді диалог орнатуға және салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал етеді.
– Сіздің ойыңызша, қазіргі заманғы дипломат қандай қасиеттерге ие болуы керек?
– Менің ойымша, қазіргі заманғы дипломат аналитикалық ойлау қабілетіне, күйзеліс жағдайларына төтеп беру икеміне, жоғары еңбекқорлыққа ие болуы тиіс. Келіссөз жүргізе біліп, күрделі халықаралық мәселелерді талдай алуы және оларды шешуге арналған тиімді стратегияларды жасай білуі қажет.
Маңызды қасиеттердің бірі – өз еліне адалдық және оның ұлттық мүдделерін халықаралық аренада қорғай білу.
– Жастардың дипломатия саласына қызығушылығы қандай және оны дамыту үшін клуб қандай шаралар атқарады?
– Дипломатия саласындағы жұмыс жастар арасында әрқашан ерекше қызығушылық туғызып келеді. Оны арттыра түсіп, одан әрі қолдау мақсатында «Астана» клубы тұрақты түрде дәрістер ұйымдастырып отыр. Бұл дәрістерге Қазақстанда аккредиттелген шетел елшілері спикер ретінде қатысып, өз қызметі, дипломатиялық күнделікті өмір және жеке тәжірибелерімен бөліседі.
Жастар арасындағы дипломатиялық қызметке деген қызығушылықтың жоғары екенін байқағандықтан, бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастырып, болашақ дипломаттарды қолдауға күш саламыз.
– Халықаралық қатынастардағы дипломатияның ролі мен Қазақстанның әлемдік аренадағы орнын қалай бағалайсыз?
– Халықаралық қатынастар жүйесінде дипломатияны негізгі, шешуші күштердің бірі деп айтуға болады. Қазақстан өзара қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеу, ұлттар арасындағы татулық пен диалогты нығайту ісіндегі белсенділігі арқылы беделді дипломатиялық ортада зор құрмет пен мойындауға ие.
Отандық дипломатия халықаралық аренада еліміздің ұлттық мүддесін қорғай отырып, Ресей, Қытай, Еуропа және АҚШ сияқты ірі державалар арасындағы маңызды байланыстырушы буын ретінде жемісті жұмыс жүргізіп келеді.
– «Астана» Дипломатиялық клубы алдағы жылдары қандай жаңа бағыттар мен жобаларға басымдық бермек?
– Алдағы кезеңде клубтың негізгі басымдықтарының бірі – экономикалық дипломатияны дамыту және Қазақстан өңірлерімен өзара іс-қимылды күшейту. Елдің инвестициялық саясатын қолдау мақсатында біз салалық іс-шаралар, бизнес-форумдар, шетелдік инвесторлар және дипломаттармен кездесулер ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.
Әсіресе Атырау облысына ерекше назар аудармақпыз. Бұл өңір мұнай-химия, энергетика және логистика салаларындағы әлеуеті арқылы инвестиция тарту үшін өте перспективалы аймақ. Өңірлік және халықаралық ынтымақтастықты дамыту арқылы Қазақстанның экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге және сапалы инвестициялар тартуға нақты жол ашылады деп сенеміз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Алмас ҚАБДОЛ