Жарнама
Саясат

ДАРЫНДЫ ҰРПАҚ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ

— Облыс мектептерінің, колледждерінің материалдық-техникалық жағдайы артып келе жатыр. Жаңа нысандар іске қосылуда. Назарбаев зияткерлік мектебі, мұнай мамандарын дайындайтын орталық жұмыс жасай бастады. Жастардың шетелде оқу мүмкіндігін Елбасы «Болашақ» бағдарламасы арқылы жүзеге асырып келеді. Жас ұрпақтың алаңсыз білім алуы үшін біздің елде барлық жағдай жасалған, — деді облыс әкімінің орынбасары Ш.Мұқан.- 2013-2014 оқу жылында облыс бойынша 506 оқушы түрлі деңгейдегі өнер-білім байқауларына қатысты. Өткен жылы 59 оқушы алдына жан салмаса, биыл 16 оқушы халықаралық жарыстардан, 14 оқушы республикалық олимпиадалардан орын алды. Бұл жетістік — мұғалім еңбегінің жемісі. Ата-аналардың үлгілі тәрбиесі.
Форум барысында халықаралық байқауларда үздік танылған дарынды оқушылар мен ұстаздарға облыс әкімінің арнайы сыйлығы табыс етілді. Олардың қатарында облыстық Ж.Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға арналған лицей оқушылары Ерасыл Жәрдемов, Гүлсат Бақтығали, облыстық қазақ-түрік лицейінің оқушылары Ерғабыл Батырбек, Бекарыс Нұртай, ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназия оқушысы Нұрсәуле Нудиева, облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернат оқушылары Жәрдем Мұратбек пен Альфия Ситалиевалар бар. Ал озық шәкірт тәрбиелеген ұстаздар қатарында облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернат мұғалімі Айгүл Зұлхарнаева, облыстық Ж.Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға арналған лицей мұғалімдері Галина Иодко, Гүлайым Иманова, қазақ-түрік лицейінің мұғалімдері Эльбрус Пириев, Энес Атлан, ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназия мұғалімі Гүлмарал Абиловалар бар. Арнайы сыйлықпен облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегерлері де марапатталды.
Форум қатысушыларын Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясының директоры Долорес Тасқарина, педагогика ғылымдарының кандидаты, ұлағатты ұстаз Нұрзила Сәрсенова, Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы Атырау музыка колледжінің студенті Нариман Мұхтарұлы құттықтап, алғыстарын жеткізді. Форум үндеуін Ж.Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға арналған лицей оқушысы Ерасыл Жәрдемов оқыды. «Біз біліміміз бен тәлім-тәрбиемізді Отанымыз – Қазақстан Республикасының гүлдене беруіне арнаймыз. Кең-байтақ еліміздің аты асқақтай беруі үшін күш-жігерімізді жұмсаймыз. Қазақ елінің әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекет болуына жастық жалынмен, сарқылмас күш-қуатпен еңбек етуге барлық жастарды шақырамын. Туған өлкеміздің шынайы патриоттары болып, оның келешегі үшін шексіз қызмет ететін боламыз»,- делінген Үндеуде.
Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театры бұл күні дарынды шәкірттер мен ұлағатты ұстаздардың, ардақты ата-аналардың ақ тілегіне толды. Білім мен ғылым шыңына шығуды көздеген дарынды жастардың шығармашылық жұмыстарынан көрме ұйымдастырылды. Қарап тұрып көзің тояды, көңілің марқаяды. Көп қатарлы сәулет кешендері, заманға сай аялдама түрлері, энергия үнемдейтін құрылыстар, ұялы телефонға қажетті күн батареясы, шығармашылық коллекциялар, мұның бәрін біздің өңірдің өнерлі өрендері жасаған.
Қазақ-түрік лицейінің оқушысы Әмірбек Орынғали «Экологиялық таза үй» жобасын жасапты. «Бұл үйде тұратын болсаңыз, ешқандай коммуналдық төлем төлемейсіз. Мен экологиялық таза ауаны сақтай отырып, үйді жылытатын, суытатын жаңа технология ойлап таптым», — дейді жанары жарқыраған жеткіншек.
«Үміт еткен көзімнің нұры-балам», — деп алаш баласының алғашқы ұстазы Ыбырай Алтынсарин текке айтпаса керек. Шындығында, әр бала талантты. Тек біз соны тап басып тани біліп, бұлақ көзін аша алсақ игі. Облыстық білім беру басқармасы ұйымдастырған бұл форум енді жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін болады.

Бақытгүл БАБАШ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button