Жарнама
Саясат

ЧУВАШ ҚЫЗЫНЫҢ БАҚЫТЫ

Атырау аймағында да діні, тілі бөлек болса да, отбасын құрып, ортақ тіл табысып бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп жатқан жандар аз емес. Солардың бірі – Индер ауданына қарасты Аққала ауылындағы чуваш ұлтының өкілі Анастасия  Васильеваның жанұясы көпге үлгі болып отыр.

Башкирияда туып-өскен Анастасия Моисеевна бір кездері қызмет бабымен  Қазақстанның Қарағанды облысына ат басын тіреп, Балқаш стансасында теміржолшы қызметін атқарады. Сол аймақта Атырау өңірінің тұрғыны – Әзмұхан Абдрахмановпен дәм-тұздары жарасып, бас қосады. 1957 жылы туған жері Индер ауданының Аққала  ауылына көшіп келген Әзмұхан аға жұбайымен бірге бірден еңбек майданына араласып кетеді. Әсіресе, отанасы жат жерді жатырқамай, қызу еңбектің ортасынан табылған. Екі ұлттың мәдениетін дамыта отырып, қазақтың салт-дәстүрін берік ұстанған.

Шаңырағына келген қонаққа иіліп сәлем салып, алдына бар дәмін ұсынып, күлімдеп қарсы алатын Анастасия апай: «Отбасын құру – адам өміріндегі ең маңызды қадам. Сондықтан, бұл іске байыппен қарған жөн. Мен қазақ отбасына келін боламын дегенде ата-анам алғашында толқығанымен, қазақ халқының дархандығын жетік білетін олар рұқсатын беріп, өз өмірден көрген-түйгендерін үйретті. Жаныңдағы жарыңның еңсесін түсірме, салт-дәстүрін сақта. Кешірімді болсаң ғана қиындықтарға төтеп бересің. Қазақы мінезді бол» деп анам ақыл үйреткен» дейді. Сөйтіп, қазақ жанұясында отбасының кілтін таба білген чуваш келін төрт ұл мен сегіз қызды дүниеге әкеліп, отағасы Әзмұхан аға  екеуі әрқайсысын оқытып, жетілдірді. Бүгінгі күні олардан 14 немере, бір шөбере, 17 жиен мен олардан өрген 29 жиеншарын көріп отырған ақжаулықты ана.

Сонау қиын-қыстау заманда алғаш еңбек жолын теміржолшы болып бастаған Анастасия апай Атырау өңіріне келгенде егінші болып қызмет етті. ОтағасыӘзмұхан Абдрахманов тракторшы болды. Олар қолдарынан не келсе соның бәріне еңбектеніп, өз күштерімен өмір сүрді.

Адамның сезімі ешқандай заңдылыққа, ұлтқа қарамайды. Бұл жөнінде әңгіме өрбіткен Анастасия Моисеевна: «Әрине, отбасы болған соң түсініспеушілік болмай тұрмайды. Соның бәрін аса төзімділікпен жеңе білу керек. Кейбіреулер менен ас мәзірі мен діни мерекелер немесе салт дәстүр, ұстанымға байланысты қиындықтар болған жоқ па деп сұрап жатады. Мен оларға кез келген мәселенің барлығын шешуге болады деп жауап берумен келемін. Бірлесіп, ақылдасып шешеміз. Тіліміз, дініміз басқа болғанымен, біз бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп, екі жақтың да салт-дәстүрлерін тең дәрежеде ұстанамыз» деген ол ата-анасынан алған тәрбиенің арқасында осындай күнге жетіп отырғанын баса айтты.

«Қайынатам ертеректе қайтыс болған. Шаңыраққа келін болып түскенде мені енем ерекше қарсы алғаны сонша, шаңырағымыз бір гүлмен толығып жатыр» деп ешқашан ұлтың басқа деп бөле-жара қараған емес. Содан да шығар ылғи көңілім көтеріңкі, өзімді өз елімде, өз бауырларымның арасында жүргендей сезініп, қазақ отбасына тез сіңісіп кеттім» дейді Настя апай. Рая есімді қызы Ресейдің Саратов облысы, Болокова қаласының тұрғыны Виктор Малышовпен отбасын құрады. Орыс өкілімен бас қосқан Рая Абдрахманованың Валентина есімді қызы украин жігітіне тұрмысқа шығады. Ал, қалған балалары қазақ ұлты өкілдерімен отасқан. Осылайша, қазақ, орыс, украин ұлт өкілдерімен құдандалы болып, көп ұлтты отбасының дәнекеріне айналған 78 жастағы Настя апай үшін бар байлығы оның балалары мен одан тараған ұрпақтары екенін баса айтады.

Бір кездері егін бригадасында егінші, звено жетекшісі болып жұмыс  жасаған биязы мінезді  апай маңдай тердің арқасында озат егінші атанып қана қоймай, сол кездегі аудандық, ауылдық кеңестің депутаты атанып, ел сенімін ақтаған. Бүгін «Алтын алқалы», алтын құрсақты ананың еңбегінің арқасында алған бірнеше медальдары да бар. Осындай тәлімі мол әжей зейнет  жасына шықса да қарап отырмай, үйде көрпе-көпшік тігіп,  қыз жасауын жасап, қолынан келетін өнерін ұрпақтарына  үйретуде.

Адами қасиеттерді жоғары бағалап, татулықты берік отбасының басты қағидасы санайтын  Настя апай: «Елімізде әлемнің түкпірінен жиылған қанша ұлт бір шаңырақ астында, бір үзім нанды бөліп жеп мәнді де мағыналы ғұмыр кешуде. Бастысы,  елімізде тыныштық, бейбітшілік болсын. Қашанда ел іргесі тыныш, халықтың қарны тоқ, уайымы жоқ болғай! Әр отбасында шаттық, құт-береке болсын»  деп ақ тілегін жолдайды ол.

 

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА,

Индер ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button