ЧЕХ КӘСІПКЕРЛЕРІН ҚЫЗЫҚТЫРҒАН АЙМАҚ
Алдымен аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов чех делегациясының басшысы, Чехия-Ортаазиялық сауда палатасының президенті Иржи Неставал мен осы құрылымның Директорлар кеңесінің төрағасы Мартин Войтехты қабылдады. Әңгіме барысында облыс әкімі меймандарға мұнайлы мекенде шетелдік инвесторларға туғызылып отырған қолайлы жағдайды баяндады.
Бұл Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша жасалып отыр. Мәселен, чех компанияларының осында туризмді дамытуға үлес қосуына болады. Бұл сала Чехияда экономиканың басты салаларының бірінен саналады. Праганың өзінде қонақтарды қызықтыратын байырғы ескерткіштер жеткілікті, ал Карлова Вары курортының даңқы әлемге әйгілі. Бізде де туризмге сұранып тұрған орындар баршылық. Тек әзірге сол мүмкіндікті толық пайдалана алмай отырмыз. Жасыратыны жоқ, осы орайда инвестиция тартылмай жатыр.
Чех компаниялары – көлік құрастырудың да шеберлері. Осы елдің «Шкодасы» Атырау жолдарында шарлап жүр. Сонымен қатар, бірлесіп мұнай-химия саласына технология жеткізуге, машина жасауды жетілдіруге, құрылыс индустриясын дамытуға, өңдеу өнеркәсібін өркендетуге, баламалы энергия көздерін жасақтауға, т.б. мүмкіндік бар. Сондықтан, облыс әкімі чех компанияларын Атырауға келуге, осындағы өндіріске инвестиция салуға шақырды.
Рас, биылғы қаңтар-сәуірде Чехия мен Атырау облысының арасындағы тауар айналымы 6,5 млн. долларды құрап, алдыңғы уақытпен бағамдағанда 5,7 есе артыпты. Әйтсе де, соның дені чех елінен келген түрлі босалқы бөлшектерді құрапты. Демек, мұнайлы мекеннің мүмкіндігі чехтық әріптестер тарапынан әлі толық пайдаланылмай жатыр. Аймақ басшысы осы олқылықтың орнын толтыруды ұсынды.
Кейін жылы жүздесу жергілікті басқармалар мен кәсіпорындар басшыларының қатысуымен жалғасты. Чех делегациясының жетекшісі Иржи Неставал облыс әкімімен болған кездесуден үлкен әсер алғандығын жасырмады. Сондай-ақ ол Қазақстанда шетелдік инвесторларға Елбасы тарапынан туғызылып отырған қолайлы жағдайға разылығын айтты. Өзімен бірге келген компания өкілдерінің осында жұмыс жасауға мүмкіндігі барын жеткізді.
Жалпы, облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Лариса Жұмағалиеваның айтуынша, өткен жылы өңірдің негізгі капиталына бір триллион теңгеден аса инвестиция тартылыпты. Соның 400 млрд. теңгесі шетелдік компаниялардың үлесі екен. Бүгінде мұнайлы мекен әлемнің елуден аса елімен қарым-қатынаста. Алдыңғы жылмен салыстырғанда шетелдіктермен бірлесіп құрылған кәсіпорындар саны 2,5 есеге артыпты. Атыраудағы төрт өндіріс ошағында чех капиталының үлесі бар.
Әйтсе де, мүмкіндік шегі бұл емес. Өңірдегі 210 гектарлық индустриялық аймақ қазіргі заман талаптарына сай жұмыс жасай алатын кәсіпорындарды күтіп тұр. Мұнда барлық инфрақұрылымды қалыптастыру — жергілікті атқарушы биліктің міндеті. Инвесторларға кәсіпорындарын орналастырып, еркін қызмет істеуге болады. Бұдан басқа Елбасы Жарлығымен құрылған көлемі 3476 гектарлық арнайы экономикалық аймақ та бар. Мұнда жұмыс жасайтын компанияларға салықтық, кедендік, т.б. кешенді жеңілдіктер қарастырылған.
Кездесу соңында Атырау аймақтық кәсіпкерлер мен Чехия-Ортаазиялық сауда палаталары басшылары өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Ал, кеше Атырау аймақтық кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек Жәкиев чех мамандарымен кездесіп, екіжақты тиімді әңгіме өрбітті.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ.