CЕНАТОРЛАРДЫҢ САПАРЫ
«КТК-К» компаниясының демеушілігімен салынған жаңа мектеп залында өткен жиында сөз алған сенатор Қайрат Ищанов үстіміздегі жылдың өткен он айы ішінде халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздейтін 65 Заң қабылданғанын, алдағы жылға қабылданған республикалық бюджеттің 43 пайызы әлеуметтік салаға жұмсалатынын жағымды жаңалық ретінде жеткізді. Ал, сенатор Сәрсенбай Еңсегенов «Қазақстан-2050» стратегиясының түпкі мақсаты – мәңгілік ел болу екенін жеткізді.
Сұрақ-жауап түрінде жалғасқан жиында мектеп мұғалімі Гүлмира Сүндетова «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасқан жастарға мемлекет тарапынан жеңілдікпен берілетін мақсатты несие қаржы үй сатып алуға жетпейтінін айтып, қаражат мөлшерін ұлғайту жөнінде өтініш айтты. Ауылдық балабақша меңгерушісі С.Жаманғараева тұрғындар саны екі мыңға жетпейтін ауылдардағы бұған дейін жұмыс жасап тұрған «Қазпочта» АҚ бөлімшелері жаппай жабылып жатқандығына қынжылыс білдіріп, газет-журналға жазылу, зейнетақы, жәрдемақы тарату жұмыстарының қиындап тұрғанын айтты. Бұл орайда сенатор Сәрсенбай Еңсегенов бұл мәселенің бұған дейін де қозғалып, өзінің ұсынысы бойынша Үкімет отырысында қаралғандығынан хабардар етті. Соның нәтижесінде жабылуға шақ қалған бірнеше байланыс бөлімшелерінің жыл аяғына дейін алаңсыз жұмыс жасауларына қол жеткізген. Алға қарай бұл өзекті мәселені оңтайлы шешудің амалдары қарастырылуда. Белгіленген бағдарламаға сәйкес халық қалаулылары бұдан соң аудан орталығындағы кәсіпкерлік нысандарды аралап көрді.
Аудан кәсіпкерлерін қолдау мақсатында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы және өзге де қаржы институттары арқылы 2013 жылдың өткен он айында 260,0 миллион теңге несие берілді. Солардың бірі кәсібін жаңа бастаған Рафаэль Салауатов 9 млн. теңге жеңілдетілген несие алып, «Рауан» дизайн бюро орталығын ашып, күні бүгін жеті адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Осы жаңа жұмыс орнында болған халық қалаулылары билборд, баннер, басқа да баспа өнімдерін шығарумен айналысып отырған кәсіпкерге әкімшілік тарапынан қолдау көрсету керектігін шегелеп айтты. Сондай-ақ, депутаттар тобы «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынған жаңа емхананы аралап көрді. Қымбат бағаға сатып алынған медициналық жабдықтармен жұмыс жасай алатын білікті мамандарды жұмысқа тартып, тұрмыстық жағдай туғызу жөнінде ұсыныстарын айтты. Сапар соңында халық қалаулылары аудан активімен кездесті.
Нұрым ЕРҒАЛИЕВ,
Махамбет ауданы.