«Бұл – саяси мәні зор бастама»
Осыдан біраз уақыт бұрын, яғни, 16 наурызда «ADAL» партиясы «AMANAT» партиясына қосылу туралы шешім қабылдады. Ал бүгін бұл мәселе онлайн өткен «AMANAT» партиясының кезектен тыс ХХІІІ съезінде талқыланды. Сонымен қатар, саяси кеңес құрамына өзгерістер енгізілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев партия төрағасы лауазымын босату туралы шешім қабылдады. «Мен бұған дейін партия төрағасы лауазымынан босап, ұйым қатарынан шығатынымды айттым. Осы ұйғарымды жүзеге асыратын кез келді. Бүгіннен бастап «AMANAT» партиясының төрағасы ретінде өкілеттігімді тоқтатып, партиядан шығу туралы шешім қабылдадым. Бұл қадамның символдық мәні бар. Осы орайда Президент сайлауында маған сенім артып, қолдағандарыңыз үшін баршаңызға алғысымды айтқым келеді. Сондай-ақ партия тізгінін сеніп тапсырғандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін» деді мемлекет басшысы. Бұл лауазымға съезд делегаттарының бірауыздан қолдауы нәтижесінде Ерлан Қошановтың кандидатурасы бекітілді.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы партиялардың бірігуіне қатысты да пікірін білдірді. «Жаңа Қазақстанды құрамыз десек – елге жанашыр, қоғамдық саяси күштердің бәрі жұмылуы керек. Бұл ретте партиялардың өзара тіл табысып, саяси жүйені дамытуы аса маңызды. Сондықтан «ADAL» партиясының бастамасын қолдап, онымен біріккен жөн деп санаймын» деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ADAL» өз жақтастары бар, қалыптасқан партия екенін ерекше атады.
Бұл қадамның қазіргідей, саяси бәсеке артып келе жатқан кезде мәні айрықша. Өйткені, қос партияның қосылуы, идеялар мен жаңа көзқарастардың біріктірілуі мемлекет дамуына өзіндік үлес қосады.
Назерке КУСЕСОВА,
«AMANAT» партиясы саяси кеңесінің мүшесі
Фото: Atr.kz