Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде 1 мыңға жуық ваканттық орын ұсынылды
Бүгін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұйымдастыруымен жұмыссыз жүрген азаматтар және «Теңізшевройл» ЖШС-нің Келешек кеңею жобасынан босатылған қызметкерлері үшін бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Оған 34 ірі кәсіпорын қатысты. Бұл туралы басқарма басшысы Азамат Мәмбетов мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қымзеті
Ұсынылған ваканттық бос жұмыс орындар тізімінде техникалық құбырларды монтаждау және жөндеу слесарі, электрик, құбырмонтаждаушы, дәнекерлеуші, көлік жөндеу, электрмонтаждаушы, бақылау және өлшеу аспаптарын монтаждаушы, жүргізуші, жүк тасушы, жол жұмысшысы, оператор, дефектоскопист, экскаватор, бульдозер машинисі, аспаз, аспаз көмекшісі мамандықтары бар. Сонымен қатар, инженерлік позициялар бойынша 387 вакансия ұсынылды.
— Жұмыспен қамтудың белсенді шараларының бірі – бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткізу. Есепті кезеңге облыс бойынша 3 330 адамның және 239 жұмыс берушілердің қатысуымен 26 бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері өткізілді, оның нәтижесімен 592 адам тұрақты жұмыспен қамтылды, жұмысқа орналастыру шаралары жалғасуда және жәрмеңке барысында барлық адамдарға кеңестер беріліп, жұмыспен қамту саласында енгізілген өзгерістермен, әлеуметтік қолдау шараларымен таныстырылды. Енді, жыл аяғына дейін тағы да 10 жәрмеңке өткізу жоспарда бар. Бұдан бөлек, жұмыссыз жүрген азаматтар бос вакансияларды «Электронды еңбек биржасы» порталынан қарап, электронды нұсқада түйіндемесін қалдыруға болады – деді, А.Мәмбетов.
Жәрмеңкеге қатысқан азаматтардың жұмыспен қамтылуы басқарма бақылауында болады.