Жарнама
Саясат

БОС ЖЕР КІМДЕРГЕ ҚАЙТАРЫЛМАҚ?

ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ӨТКЕН ЖЫЛҒЫ ХАЛЫҚҚА ЖОЛДАУЫНДА ЕЛІМІЗ БОЙЫНША ПАЙДАЛАНЫЛМАЙ ЖАТҚАН 5 МЛН. ГЕКТАРДАН АСТАМ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖЕРІН МЕМЛЕКЕТ МЕНШІГІНЕ ҚАЙТАРУ ТУРАЛЫ ҮКІМЕТКЕ ТАПСЫРМА БЕРГЕН ЕДІ. ЖОЛДАУДА ЖҮКТЕЛГЕН ОСЫ МІНДЕТТІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ІС-ШАРАЛАРДЫҢ ОРЫНДАЛЫСЫН БАҚЫЛАУ МАҚСАТЫНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ЖАНЫНАН «ЖЕР АМАНАТЫ» КОМИССИЯСЫ ҚҰРЫЛДЫ. ЖАҚЫНДА ПАРТИЯНЫҢ АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНДА КОМИССИЯНЫҢ КЕЗЕКТІ МӘЖІЛІСІ ӨТТІ. ОҒАН ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ ДЕПУТАТЫ НӘСІП ШАЛАБАЕВА ТӨРАҒАЛЫҚ ЕТТІ.

Күн тәртібіндегі мәселеге орай комиссия мүшесі, жұмысшы тобының жетекшісі Роман Мақсотовтың хабарламасы тыңдалды.

– Біздің басты міндетіміз – бос жатқан жайылымдық, заңсыз жеке меншікке өткен жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтаруға көмектесу және оның ауыл тұрғындарына қолжетімді болуын қамтамасыз ету. Бұл дегеніңіз – жерді күштеп тартып алу емес, оны мақсатты игерілуіне, тиімділігіне қол жеткізу, кәдеге жаратылуына ықпал етіп, мүмкіндік жасау, — деді ол.

Мемлекетке қайтарумен іс бітпейді

Роман Зұлхарнайұлының айтуынша, бүгінгі таңда облыстағы жалпы жер қоры – 11,9 млн. гектарға жуық. Оның 3 млн. гектардан астамын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер құраса, соның 2,86 млн. гектардан көбі жайылымдық алқап. Тек былтыр ғана облыста 13 конкурс өтіп, жалпы аумағы 181,13 мың гектар болатын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер немесе 263 телім айналымға енгізілген. Ал, биылғы жылдың алғашқы жартысында ұйымдастырылған 7 конкурстың қорытындысында аумағы 40 мың гектардан асатын 110 учаске айналымға қосылыпты.

Былтыр ауыл шаруашылығы мақсатына беріліп, игерілмей қалған 201,9 мың гектарға тарта жер анықталған. Оның бір бөлігі тиісті жұмыстардың нәтижесінде өз мақсатында қайта игеріле бастаса, 87 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылды, қалғанын жергілікті атқарушы органдар арқылы қазынаға қайтарудың қарекеті жасалуда. Биылғы бес айда игерілмеген 64,5 мың гектар шамасындағы жердің үштен біріне жуығы мемлекет меншігіне қайтарылған. Аумағы 41,5 гектарды құрайтын 55 жер телімі де азаматтардың өз еркімен мемлекетке алынған. Бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасуда.

– Десек те, бүгінгі уақыт пен талап пайдаланылмастан жатқан жерді мемлекеттің иелігіне қайтарумен шектелмейтінін, жұмысты одан әрі өрістету керектігін меңзеп отыр. Әсіресе, қазір шаруашылық құрылымдарымен жеке қожалықтар үшін тапшылық етіп отырған жайылымдық жердің проблемасын түпкілікті шешуде мұның жеткіліксіз екені айтпаса да түсінікті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыста 2021 жылдан бастап жерді қашықтықтан зондтау космомониторинг жүйесі іске қосылып, көлемі 2329 мың гектар болатын 2884 ауылшаруашылығына бөлінген жайылымдық жер цифрландырылды. Осы әдістің көмегімен облыста пайдаланылмаған 251,3 мың гектар жайылымдық жер немесе 500-ге жуық учаске анықталғанын айтқанымыз ләзім. Бірақ, «бар шаруа мұнымен бітті, проблема шешілді» деп түйіндеу де қисынсыз. Жасалатын жұмыс көп, түйінін тарқатар проблема жеткілікті, — деп сабақтады одан әрі сөзін Роман Мақсотов.

Мысалы, облыстық жер қатынастары басқармасынан қалалық, аудандық бөлімдердің теңгеріміне алынғанымен, мақсатты игерілмеген, тиімсіз пайдаланылып отырған жер телімі осыған дейін анықталғаннан әлдеқайда көп екен. Оны ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі деректер базасы арқылы Жер ресурстарын басқару департаменті жүргізген зерделеу жұмыстарының нәтижесі айқындап берді. Бұл көрсеткіштер сәйкесінше 209,4 гектарлық 539 және 383,6 гектарлық 302 учаске.

Мамандардың түсіндіруінше, осы жерлер түбегейлі жайылымға берілген күннің өзінде мал санына шаққандағы қамту жүктемесінің бекітілген нормадан төмен екенін көрсетеді. Биылғы маусым айындағы Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен жер ресурстарын басқару департаменті облыста өз мақсатына пайдаланылмай отырған 70-тен астам жер учаскесін тексеруді бастап кетті. Салалық министрліктің бұйрығымен бекітілген жайылым мәселесін реттейтін нормативтік құжатта атап көрсетілгендей, бір бас малға есептелген жайылым алаңының нормасы: мүйізді ірі қараға – 18, ұсақ қара малға – 3,6, жылқыға – 22, түйеге – 25 гектар. Өкініштісі, бұл талап барлық өңірде мүлтіксіз орындалып отырған жоқ.

Қазір Атырау қаласына қарасты 6 ауылдық округте жалпы көлемі 181356 гектар жайылым алқабы болса, соның ішінен жеткіліктісі – көлемі 41 мың гектарлық Кеңөзек ауылдық округінің жайылымдық жері екен. Ал, басқаларында нормаға сәйкес келу үшін жайылымның аумағын 44,3 мың гектар жермен толықтыру қажет. Бұл қажеттілік бұған дейін қанағаттандырылмағандықтан, қалаға қарайтын Еркінқала, Дамбы, Атырау ауылдық округтеріндегі жергілікті шаруагерлер мен тұрғындар шабындық және жайылымдық жерді ерекше қорғалатын «Ақжайық» табиғи мемлекеттік резерватының аумағынан алып, жан бағып отыр.

Жылыой ауданындағы 1200-дей тұрғыны бар Майкөмген ауылдық округінде малдың саны жыл санап артып келеді. Соған байланысты, жайылым да тарылып бара жатқан жай бар. Индер ауданының Елтай, Бөдене, Көктоғай ауылдық округтерінде де осындай проблема орын алған. Малды өңірлердің бірінен саналатын Исатай ауданында бүгінде анықталған 12,9 мың гектар жерді негізгі мақсатына пайдалану үшін 20 жер учаскесінің иесіне жазбаша хабарлама берілген. Қиғаш бойындағы Құрманғазы ауданында соңғы жылдары төрт түліктің саны еселеп өсіп, жалпы аумағы 906 гектардан астам жайылымға мұқтаждық туындапты. Оған қоса, космомониторинг арқылы берілген жерді игермеген 71 тұлға анықталып, жинақталған құжаттар облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне жолданған. Дәл осындай жағдай Қызылқоға, Мақат және Махамбет аудандарына да тән екен

Қоршалған жер қиындық туғызады

Айрықша тоқталар жайт, Махамбет ауданының бірнеше ауылдық округінде жайылымдықтың жетіспейтіні жөніндегі мәселе жиі көтеріліп жүр. Тіпті, каналдардың бойындағы ауыл шаруашылығы мақсатына берілген жер телімін суару-суландыру жүйесінің қорғалатын аймағына дейін қоршап алып, кіріп-шығу жолын жауып тастаған фактілер де кездесіпті. Өкінішке қарай, 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін мораторий жариялануы себепті, бұған кінәлілерді жауапкершілікке тартып, тиісті шарасын алу мүмкін болмай тұр.

Комиссия мәжілісінде күн тәртібіндегі өзекті мәселе төңірегінде облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің бөлім басшысы Жәнібек Абдолкәрімов, облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Назкен Өтешова да дерек-дәйектерін келтіріп, ой-пікірлерімен бөлісті. Олар да жерді пайдалану мәселесі, әсіресе, атакәсіптен нәсібін айырып отырған ауылдағы ағайынның жанайқайына айналған жайылымдық пен шабындық жайына жеңіл қарауға болмайтынын баса айтты. Ол үшін әлі де болса тұрғындар арасында жүргізілетін түсінік жұмыстарын жетілдіріп, жерге қатысты түрлі шаралар мен ресімдердің ашықтығын тезірек қамтамасыз ету алға тартылды.

Қысқасы, қашан да елдің игілігіне, халықтың қажетіне қызмет қылып, кәдесіне жарап келген, бар байлықтың, береке мен ырыздықтың бастауы саналатын, атабабаның аманаты болып табылатын жерге қатысты мәселеде кім-кімнің де қылдай қиянат жасауға қақы жоқ. Осыны естен шығармаған абзал.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button