Болат ПАЛЫМБЕТОВ, мемлекет қайраткері: «Атырау – қарызды жапқан алғашқы облыс»

whatsapp image 2021 12 14 at 10.20.43 Саясат

Атыраудағы биік-биік ғимараттар мен тақтайдай тегіс көшелер,  ажары келіскен ауылдар бірер жылда пайда болған жоқ. Бұл – Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық реформаларының нәтижесі, бүгінгі ел әлеуетінің айқын көрінісі. Ал, тұрмыстың түзеліп, аймақ экономикасының дамуында көптеген адамдардың сіңірген еңбегі бар.

Солардың бірі, Тәуелсіздіктің тәй басқан тұсында бірнеше жыл облыс  әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған көрнекті мемлекет қайраткері – Болат ПАЛЫМБЕТОВ. Мұнайлы мекеннің ми балшыққа батқан тұсында билікті тізгіндеген бірегей тұлғамен сұхбаттасудың сәті түсті.

Реформаторлар тобы

– Болат Әбілқасымұлы, Тәуелсіздіктің алғашқы 10 жыл-дығында Атырау облысы басшыларының бірі болдыңыз. Бүгінгі жетістіктердің іргетасы сол уақытта қаланғаны белгілі. Сындарлы кезеңде сынақтан қалай өттіңіздер?

– Сұрағыңызды түсіндім. Иә, Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары болып 1999 жылдың көктемінде тағайындалдым. Бұл қызметке мені сол кездегі аймақ басшысы Иманғали Тасмағамбетов шақырған еді. Шынымды айтсам, бұл ұсыныс мен үшін тосын жайт болған. Ол кезде Алматыдағы Қазақстан халық жинақ банкі төрағасының орынбасары қызметіндемін. Басқа қалаға, басқа салаға, әсіресе, әлемдік, азиаттық дағдарыстан, Ресейдің дефолтынан кейін бәрін тастап, бару оңай болған жоқ. Шешім қабылдау қиынға түсті.

Дегенмен, Иманғали Нұрғалиұлының «маған сауатты экономист керек, сенің шамаң келеді!» деген бір ауыз сөзі қамшы болып, бірлесіп қызмет атқаруға келісімімді бердім.

Сол тұстағы Атырау аяқ алып жүргісіз балшық, сүреңсіз қала еді. Көшелерде, қуыс-қуыста тау болып үйіліп жатқан қоқысты көргенде, аңтарылып қалғаным да рас.

…Атырау облысының орталығы мені осылай қарсы алды.

Сол кездегі облыс әкімінің өз кабинетінде тұрып, терезеден сыртқа көз тастап: «Болат, егер екеуміз бүгін қоқысты тазаламасақ, біз де ертең оған үйреніп кетеміз» дегені әлі есімде. Оның туған жері үшін қаншалықты қынжылып тұрғанын, жағдайдың жанына қатты батқанын байқадым.

Шыны керек, бізде уақыт аз болатын. Өйткені барлық проблемаларды тез арада шешу керек еді. Алдымен қаланы қоқыстан шұғыл тазарту мәселесі қолға алынды. Экологиялық жағдайға байланысты облыс әкімі төтенше жағдай жариялады. Бұл қала мен облыстың барлық кәсіпорын-мекемелерін қаланы қоқыстан тазартуға жұмылдыруға көмектесті. Орталықтан тонналаған қоқыс шығарылды. Ол енді бір сұмдық жағдай еді!..

Екіншіден, облыс бюджетін жасақтау қажет болды. Кіріс және шығыс бөлігін, облыс экономикасын, өнеркәсіпті, салық, кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығын, инвестициялық базаны және басқаларды жолға қою қажет еді. Уақыттың тапшылығынан бұл мәселелер мүмкіндігінше тез қолға алынды. Облыста мықты, үйлесімді команда құрылды. Оның құрамында Нұрпейіс Мақашев, Рашиля Мүрсәлиева, Дүйсенбай Тұрғанов, Тауфик Каримов, Айман Әбдіқадірова және басқалары өздеріне артылған міндетті атқаруға шұғыл кірісті. Бұл тәжірибелі, өз ісінің мамандары мен жас реформаторлар тобы болатын. Олар жауапкершілікті өз мойындарына алудан қорыққан жоқ. Себебі, облыс әкімі толық сенім білдірген еді. Бұл мұнай бағасы барреліне 15 доллардан төмен болған, облыстық бюджет 10 миллиард теңгеден аз, қаржы тапшы кез еді ғой.

Істің барлығы кезең-кезеңмен жасалды: облыс бюджеті нақтыланды, қоқыс жиналды, жолдар салынып, облысты газдандыру бағдарламасы қабылданды. Ауыл шаруашылығы өндірушілеріне көмек көрсету қолға алынып, әлеуметтік жәрдемақылар тағайындалды. Сол кезде теңгені алғаш көрген адамдар да болғаны есімде. Мектептер, ауруханалар, балабақшалардың құрылысы қарқынды жүре бастады. «Сақалды» құрылыстарға да жан бітті. Облыс кәсіпкерлерін біріктіре алдық. Бұл істе туған жерінің нағыз патриоты Әлия Бекқожиеваның үлкен еңбегін айтқан жөн.

Біз сол кездегі әлемдік дағдарысқа қарамастан, аймақты қалпына келтіруге көп еңбек сіңірдік. Өйткені өз күшімізге ғана сенген болатынбыз. Сол қиын кезеңнен лайықты өттік деп ойлаймын. Әрине, бұған мен емес, жергілікті халық өз бағасын береді.

Атыраудағы алғашқы ай

Бүгінгі Атырау мен бұрынғы Атырауды салыстыра алмаймыз. Шаһардың лас-қоқыстан тазарып, сәулеті келіскен шырайлы қалаға айналуының өзі Тәуелсіздік жылдарындағы еселі еңбектің жемісі. Атыраудағы алғашқы жұмыс күнін қалай бастадыңыз, есіңізге түсіріп көрсеңіз…

– Алғашқы жұмыс күнімді ешқашан ұмытпайтын шығармын. Өйткені әкімдікке кіреберісте мені топ әйел күтіп алған болатын. Олар балаларға берілетін және басқа да әлеуметтік төлемдерді төлеуді шұғыл талап етті. Менің жергілікті адам емес екенімді, сондықтан, бұл жақта ұзақ тұрақтамайтынымды айтқанын да жасыра алмаймын. Олар экономика, қаржы мәселелеріне жетекшілік ететінімді білетін.

Мен бір айға жуық уақыт бойы құрылыс алаңдарына барып, содан соң қызмет орныма жаяу келетінмін. Күнде таңертең олармен кездесіп, амандасатынмын. Бірақ, біраз уақыт өткен соң олардың тарапынан қатаң талаптың, жөнсіз тиісудің азая бастағанын байқадым. Кейбіреуі біздің жұмысымыздың нәтижесі көрініп жатқанын айтып қуантып та қойды, бірақ қайткен күнде де әлеуметтік төлемдерді тез төлеу керектігімізді талап ететін. Оларға әрдайым бұл бағытта жұмыс істеп жатқанымызды, сәл шыдамдылық таныту керектігін түсіндіретінмін.

Бір күні таңертең мені ешкім қарсы алған жоқ. Дағдыланып қалғандықтан, жан-жағыма қарап қоямын.Содан күндер өз ретімен өтіп жатты…

Бірде бір әйел маған жүгіріп келіп: «Болат, сен біздің айтқанымызға ренжіме. Жағдайымыз шыныменен қиын болатын. Сіздер біздің проблемамызды тез шешеді деп күткен жоқпыз. Жарайсыңдар!» деді. Бұл біздің жұмысымызға берілген алғашқы және шынайы баға еді. Бірауыз жылы сөз шабыт беріп, жұмыс істеуге деген құлшынысымызды арттырды. Еңбектің нәтижесін көру де бір бақыт қой…

Бизнестің бірінші белесі

– Сол кезеңдегі көңіл-күйі пәс атыраулықтарды алаңдатқан негізгі мәселе қандай еді? Аудандардың ахуалы ше?

– Жол, инфрақұрылым, шағын және орта бизнесті дамыту сияқты ортақ проблемалары бар аудандардың жағдайы аянышты болатын. Сондықтан ахуалды оңалту мақсатында экономиканың құрылыс, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнесті дамыту секілді салаларына басымдық берілді. Осы мақсатта инвесторлар тарту қажет еді. Мәселелерді шешу үшін біз бюрократиялық кедергілерді жоюды алғы кезекке қойдық.

Егер адам өз бизнесін ашқысы келсе, шамамен 40-50 қол жинау керек екен. Өзіңіз елестетіп көріңізші. Кәсіп бастауға кедергілер тым көп. Сондықтан, бизнесті дамыту үшін барлық жағдай жасалды. Газдандыру бағдарламасы қолға алынды. Арзан, табиғи отынға қол жеткен соң  шағын және орта бизнес те көтеріле бастады. Біреу жылыжай, біреу техникалық қызмет көрсету станциясын және басқа кәсіптер ашылды.

Ауыл шаруашылығының өндірушілері үшін «Агросервис» компаниясы құрылды. Ол біздің фермерлерімізді азық-түлікпен, техникамен қамтамасыз ету үшін қажет еді. Мұның бәрі лизингке, жаңа нарықтық жағдайларға сәйкес берілді. Индердің байлығын ел игілігіне айналдыру мақсатында инвесторлар тартылып, құрылыс материалдарын шығаратын зауыт салынды. Бұл әлемдік KNAUF неміс компаниясының жобасы еді. Чех жабдықтарымен құс фабрикасы тұрғызылғаны есімде. Әрине, жоспарда көптеген тамаша жобалар болды, соның ішінде бекіре тұқымдас фермалар, т.б.

Атырау бірегей облыс қой, шамамен 6-7 балық аулайтын совхоз, колхоздары болатын. Сондықтан балық өнеркәсібіндегі мамандардың, мүмкіндігін облыс игілігі үшін пайдалану қажет деп шештік. Әр балық аулайтын ауылда бірнеше бекіре тұқымдас балық аулау компаниясын құру идеясы туындады. Иә, «егер біздің бұл жоспарымыз жүзеге асқанда, бүгін нәтижесін көрер ме едік» деп ойлаймын кейде. Өйткені уылдырықтың бағасы мұнайға қарағанда әлдеқайда қымбат.

Ауылдық жерлерге көбірек көңіл бөле бастадық. Барлық аудандарды аралап, проблемаларына қанық болдық. Ал, ол аз емес еді. Біз барлық жерде жол, әлеуметтік нысандар сала бастадық және бизнес үшін жер алу рәсімдерін айтарлықтай жеңілдеттік. Аудан әкімдеріне көбірек еркіндік берілді, олар да аудандарға әлеуметтік инвестициялар тартуға тиісті болатын.

Шындықтың шырағданы

Атырауға алғаш қызметке келгеніңізде бір топ әйелдің әкімдік алдынан кетпегені, күнде шағымданатыны туралы айтып қалдыңыз. Сол жылдары облыста отбасы институтын нығайту, қоғамдағы әйел адамдардың ролін арттыру бағытында нендей істер қолға алынды?

– Әйел адамдар балаларға берілетін және басқа да әлеуметтік төлемдердің уақытында берілуін талап еткен еді. Бұл шешілуі тиіс мәселе болатын. Біз ол міндетті абыройлы атқардық.

Қарызды жапқан алғашқы облыс

Атырауды «қара алтынның» қазаны, бай аймақ деп санайды. Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында да осындай пікір болып па еді?

– Әрине, Атырау Қазақстанның мұнайлы астанасы болып табылады және оған деген көзқарас қашан да өзгеше еді. Сол қиын-қыстау жылдары Атырау әлеуметтік төлемдер бойынша барлық қарыздарды жапқан алғашқы облыс болды.

Жас, тәуелсіз Қазақстанның «Шеврон» әлемдік компаниясымен арада жасаған келісімін  сенсациялық деуге болады. Бұл шынымен де – «Ғасыр жобасы». Оның артынан басқа Батыс компаниялары да елге келе бастады. Бүгінде Атырау қаласы мүлдем өзгерген. Бір қарағанда, Жайық өзені арқылы өтетін кең даңғылдар мен жаңа көпірлер, заманауи ауруханалар мен мектептер, көп қабатты кеңселер мен бес жұлдызды қонақ үйлер… Дегенмен, қала құрылысына қатысты айтатын пікірім де бар.  Менің ойымша, шаһардағы ғимараттар жүйесіз салынып кеткендей. Көптеген көшелер әлі де кеңейтуді қажет етеді. Көп қабатты үйлер тым көп. Болашақта автокөлік кептелісі туындауы әбден мүмкін.

Кеңес заманында биік үйлер болған жоқ. Осыған байланысты облыста лифт шаруашылығы мен қоқыс құбыры мәселесі туындамады. Ал, үйлерге қызмет көрсету перспективалары мен тұрғындардың мәдениеті туралы алдын ала ойлану қажет. Жалпы, қаланы Жайық өзенін жағалай салу керек еді деп есептеймін.

Бірегей жоба

 – Тәуелсіздік алған жас мемлекеттің әр қадамы маңызды. Бұл тұрғыдан Тұңғыш Президенттің қабылдаған шешімдерін де атап көрсеткен жөн. Тұрғындардың әл-ауқатын арттыруда «сананы селт еткізген саяси реформа» деп қайсысын атар едіңіз?

– Атырау облысы туралы айтып отырғандықтан, Теңіз кен орнын игеру Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы инвестициялық жобасы болғанын атап айтқан жөн. «Шеврон» әлемдік компаниясымен келісім – ел тарихындағы елеулі сәт.

Елбасы батыстың ірі инвесторын тарту туралы шешім қабылдады. Бұл жаңа жұмыс орындары, салық және елдің имиджі, қаражатты қауіпсіз инвестициялауға жол ашты.

Бастысы, бүгінде Тәуелсіздігінің 30 жылдығын тойлап жатқан еліміз ертеңгі күнге үлкен үмітпен қарап отыр. Бұл алдағы күндердің бүгінгіден де жақсы боларын аңғартады.

Әңгімеңізге бек рақмет!

Сұхбаттасқан: Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз