Жарнама
Саясат

БОЛАШАҚТЫҢ БАЙЫПТЫ БАҒДАРЫ

Сонымен қатар, бүкіл әлем жаңа сындармен және қатерлермен бетпе-бет келіп, жаһандық қаржы-экономикалық дағдарысы салдарынан әлемдік экономиканың айыға қоймаған кезеңінде, геосаяси дағдарыс пен жетекші державалардың санкциялық саясаты қосымша кедергілер келтіріп отырған шақта Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының кеңейтілген мәжілісінде «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауын ұсынуы асқан білімдарлықтың, болжампаздықтың, аңғарымпаздықтың айқын айғағы екендігі даусыз.

Осы тұрғыда Елбасы бүгінгі таңда алдымызда тұрған сын-қатерлерге жауап бере отырып, Қазақстанның «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын жариялады. Бұл саясат контрциклдық сипатқа ие болатындығын және біздің экономикамыздағы құрылымдық реформаларды жалғастыруға мүмкіндік беретіндігін атап өтті.

Жолдауда әлеуметтік саланы дамыту жөнінде он бір инновациялық идеяға баса назар аударылды.  «Үйі жоқтың күйі жоқ» демекші, баспанасыз жүрген тұрғындарды үймен қамтамасыз етудің жолдарын Елбасы осы Жолдауда нақтылап берді. «Арендалық баспана құрылысы тұрғысындағы қадамдарды қайта қарастыру керек. Бізде қолжетімді баспана бойынша көптеген әдістер бар. Елімізде тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесі, ипотека, арендалық бағыттар қамтылған. Енді бізге басқа қырынан қарау керек. Мемлекет әлеуметтік арендалық баспана салып, оны халыққа сатып алу құқығымен ұзақ мерзімге жалға беретін болады. Қазіргі кезде қолданыстағы жүйе қомақты қаржыны талап етеді. Бастапқыжарнанытөлеткізеді, содан кейін банктер кіріптарлық пайыздарды бекітеді, яғни оның деңгейі 20 пайызға жетеді. Адамдар оны төлеуге қауқарсыз және проблемалар туындайды. Бұл бағдарламалар қалады, олар дәулетті адамдар үшін қалыпты. Ал, жаңа бағыттағы бағдарламаны жас отбасылар үшін және баспанаға зәру азаматтарға жасап жатырмыз,- деп ойын түйіндеді. Әрине, бұл әдіс, әсіресе жастар үшін, әлеуметтік жағдайы орта отбасылары үшін өте қолайлы болар еді. Осы жүйе күшіне енсе, баспана ешбір делдалсыз, мейлінше төмен пайызбен (әрі кетсе 1-2 пайыздан аспауы керек) беріліп, үйді сатып алу құны төмендетіліп, бастапқы жарнаға тыйым салынар еді. Бұдан артық қандай қолайлы жағдай керек.

Ел басқару тұрғысынан өзімізге ұқсатып жүрген Малайзияның тәжірибесін пайдалануға да болады. Ол елде қымбат ғимарат салуға тілек білдірген ұлттық және шетелдік компанияларға жер бөлгенде қосымша арзан үй салуды міндеттейді. Осы үйлерді қала басшылығы тұрмысы төмен отбасыларына тегін беретін көрінеді.

Елімізде білім, ғылым, экономиканы дамытуға ерекше ден қойылған және Қазақстан өз толеранттылығының арқасында бүгінде бәсекеге қабілетті әлем таныған мемлекеттердің қатарында. Мемлекетіміздің Орталық Азия елдерінен ерекшелігі сол, дамудың 2050 жылға дейінгі стратегиясының жоспарланып, жүйелі іске асырылуында.

Жолдаудың тағы бір көңілге қонымды жағы – уақытша қиындықтар әлеуметтік саланың кең қанат жаюына кері әсерін тигізбейді. Қайта зейнетақы, шәкіртақы, жәрдемақы толықтай қамтамасыз етілетін болады.

Жолдаудағы білім беру саласы қызметкерлерінің көңілінен шыққан тұс: біріншіден, апаттық мектептер мен үш ауысымда оқу мәселесін шешуге бағытталған міндет; екіншіден, балабақшалардағы орын тапшылығын қысқартуға нақты іс-шаралардың бағытталуы; үшіншіден, маман даярлау және ғылым мен экономика салаларының байланысын қамтамасыз ететін жоғары оқу орындарының анықталуы; төртіншіден, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жаңғырту  жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағыттталған зор мүмкіндік деп білемін.

Елбасы «Нұрлы Жол» халыққа Жолдауында: «Біздің қазіргі жастар 90-жылдардағы дағдарысты, ел басына түскен ауыртпалықты айтарлықтай сезе қойған жоқ. Тәуелсіздік жолындағы халқымыздың қажырлы еңбегінің арқасында Қазақстанның дүниеге танылғанын біле ме екен? Олар заман осылай өркениетті болуы керек деп ойлайтын шығар. Бәлкім, бұл жақсы да шығар, жастарымыздың бақытты, болашағы үшін күресіп жатқанымыз жоқ па?» деген сөздері бізді де толғандырады. Университетіміздің әрбір оқытушысы (әрине, оның ішінде өзім де бармын) жас ұрпақтың қазақстандық патриотизмін дамытуда, оларды елжандылыққа, адами құндылыққа тәрбиелеп, елі үшін қызмет етуге үйретуде Елбасы Жолдауын басшылыққа алады деп сенемін.

1980-жылдардың басында Үндістанның бұрынғы премьер-министрі Индира Ганди шетелдік журналистке сұхбат беріп отырып, «Үндістанда шешімін табуға тиісті 683 миллион проблема бар»,-деген көрінеді. Түсініктірек тілмен айтсақ, «Үндістанның әрбір тұрғыны мен үшін бір-бір проблема» деп отыр.   Біздің еліміздің Президенті де әрбір қазақстандық азаматқа жолбасшы болатындай, жанашырлық танытатындай, әрі жауапкершілік жүктейтіндей Жолдауды ұсынып отыр. Сондықтан, Елбасының биылғы қараша айындағы Жолдауынан оның еліміздің табысты боларына, халықтың күш-қуатына, даналығына және ұлы тарихи мақсатына деген сенімділігін айқын аңғарамыз.                                               

 

Айдар   САБЫРОВ,

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік

университеті педагогика

және психология

   кафедрасының доценті.

 

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button