БОЛАШАҚҚА ДЕГЕН СЕНІМДІ ҚАДАМ
Елбасы бұл жолғы Жолдауда да мемлекеттік тіл мәселесі, геосаясаттағы Қазақстанның рөлін арттыру, жаһандану үрдісінде бәсекелестікке қабілетті отыз мемлекеттің қатарына кіру сияқты көкейтесті мәселелерді көтерді.
Алдағы 15-17 жыл біздің ел үшін қарыштап дамуға мүмкіндік беретін жылдар болмақ. Осы мүмкіндікті жіберіп алмау үшін Мемлекет басшысы қадап-қадап айқындап берген бағыт-бағдарды іске асыру – барша қазақстандықтардың ортақ міндеті.
Президент биылғы Жолдауында ата-бабаларымыз аңсаған елдің болашағын «Мәңгілік Ел» деп атады. «Адамзат тарихында өшпес із қалдырып кеткен, Еуразия құрлығындағы халықтардың тағдырына орасан әсер еткен» заманында көктүріктер ел болуды халық ретінде қалыптасудың, мемлекет ретінде мығымданудың, ұлт күйінде ұйысудың биік белесі деп білген. Осының бәрін біржолата бекіту үшін сол заманның өзінде басқа қонған бақыттың баяндылығын білдіретін философиялық категория – «Мәңгілік Ел» ұғымын ойлап тапқан. Соны тасқа қашап тұрып, «Мингу ел» деп жазып кеткен. Ежелгі түркілерден тараған барша халыққа бірдей түсінікті сөздер.
Мұсылмандыққа бет бұрған ағайындар тұрмақ, тарихтың талайымен басқа діндерді ұстанатын сахалар, тувалар, марийлер де ет жүректі елжірететін «Ел» сөзінен екі елі ажырамай, өз елдерін Саха Эл, Эл Тыва, Марий Эл атаумен келеді. Солардың ішінде марийлер Марий Эл атауын ресми алып та үлгерді. Демек, Ел – ұлы ұғым. Халық болып құралу, мемлекет құра алу, дербес тұра алу, ұлт болуға бет бұра алу – осының бәрі Ел болудың белестері.
Бүгінгі күні сол белестердің бірінен-біріне абыроймен асып келеміз. «Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық» деген Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдаудағы осы сөзі бастаған жолымыздың ұзаққа жеткізетінін білдіреді. Елбасымыздың бұл сөздерінен әрбір қазақстандық қуат алады деп есептеймін. Біз тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел ретінде алға жылжуға үлес қосып, Мәңгілік Елдің іргетасын нығайта береміз.
Батыржан МАНСҰРОВ,
ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі,
«Иманғали» орталық мешітінің бас имамы.