БИЗНЕС – ОМБУДСМЕН ИНСТИТУТЫ
Кәсіпкерлердің отыз пайыздан астамы өз құқықтарының қорғалу деңгейінің төмендігін алға тартуда. ҚР Бас прокуратурасының мәліметінше, 2013 жылы кәсіпкерлердің құқықтарының аяқасты болуының он бір мың дәйегі тіркелді. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының деректеріне сүйенсек, өткен жылы 6 000 бизнес субъектісінен шағым түскен.
Бизнес қауымдастықтың мүддесін қорғауға ықпал ететін құралдардың бірі – бизнес-омбудсмен институты. Оның құзыреті мен өкілеттіліктері ҚР «ҚКП туралы» заңының 5-1 бөлімінде анық көрсетілген.Бизнес-омбудсмен институты өз қызметі барысында кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ететін шараларды жүзеге асыруға,арыз-шағымдарды қараған кезде объективті және әділ шешімдер қабылдап,кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауғабағытталған заңдарға қарама-қайшы әрекеттерге бармауы тиіс.
Бизнес-қауымдастықтың құқықтарын қорғауға міндетті өкілетті адам сотқа дейінгі тергеу амалдарын реттеу, сол сияқты кәсіпкердің құқығын қорғау үшін сотқа арыздану құқығына ие. Бұдан бөлек, отандық кәсіпкерлердің құқықтарын шет елде қорғауға міндетті.
Бизнес-омбудсмен институты әлемнің көптеген елдерінде кең таралып, табысты еңбек етіп келеді. Айталық, АҚШ пен Кореяда бұл жүйе 1996 жылдан бастап, ал, Австралияда 2013 жылдан бері қызмет етуде. Қазақстанда аталмыш институт 2005 жылы «Атамекен» одағы пайда болғалы бері қалыптаса бастады.
Айта кету керек, қазір Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасы жанында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғайтын Кеңес қызмет етіп, прокуратурамен бірлесе отырып бизнестің құқықтары мен мүдделерін қорғау жұмыстарын жүзеге асыруда. Биылғы бірінші жартыжылдықта кәсіпкерлер Палатасында 253 арыз қаралған болса, олардың 120-сы арызданушы бизнес өкілдерінің пайдасына шешілді.
Асылбек ЖӘКИЕВ,
Атырау облыстық кәсіпкерлер Палатасының директоры.