Жарнама
Саясат

БИЗНЕС-ФОРУМ НЕНІ КӨЗДЕЙДІ?

19-20 қаңтарда Астанаға Катар елінің әміршісі ресми сапармен келмек. Бұл – оның былтырғы жылы таққа отырғаннан бері шетелге алғашқы сапарларының бірі. Мәртебелі мейман Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, саяси-экономикалық және инвестициялық бағытты нығайту жолдарын талқыламақ. Бірқатар маңызды құжаттарға қол қою да көзделіп отыр.
20-22 қаңтарда Қоршаған ортаны қорғау министрі Н.Қаппаровтың басшылығымен қазақстандық делегация Абу-дабиде өтетін саммитке қатыспақ. Оған жүзден астам елдің өкілдері қатысады деп күтілуде. Маңызды шарада еліміз «Жасыл экономика» жобасын ұсынбақ.
Ресми өкіл Алтай Әбибуллаевтың айтуынша, Қазақстанда 1,5 миллион шағын және орта кәсіпкерлік нысаны тіркелген, оның ішінде 850 мыңы белсенді жұмыс істеуде. Еңбекке қабілетті 2 миллионнан астам қазақстандық осы салада табысты қызмет атқарып жүр екен.
Күн тәртібіндегі мәселеге қатысты Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» партиясының кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі үйлестірушісі Айгүл Соловьева баяндады. Халық қалаулысы партияның бизнесті өркендетуге бағытталған жұмыстарына тоқталды. «Партия өзінің сайлауалды платформасында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша нақты міндеттер белгіледі. Кураторлық институты құрылды. Бұл – бірнеше бағытты қарастыратын жаңа құрылым. Сайлауалды платформада берілген партияның барлық уәделерінің қалай орындалып жатқандығын біз индикаторлар жүйесі арқылы бағалайтын боламыз. Атап айтқанда, біз осындай индикаторлардың үш деңгейін айқындадық. Яғни, енді ішкі жалпы өнім құрылымында кәсіпкерліктің үлесі анықталады, бұған дейін қолданылып келген бағдарламаларға ұсыныстар енгізуге мүмкіндік береді. Партияның мемлекеттік органдардың қызметін және бизнесті дамыту өлшемдерін бағалауына мүмкіндік беретін өте маңызды құжаттар әзірленді, — деген депутат Мемлекет басшысы осы мақсатта нақты тапсырмалар жүктегенін атап көрсетті.
Одан әрі брифингте «Ғалымдардың Еуразиялық экономикалық клубы» қауымдастығы мен Еуразиялық бизнес-форумның ұйымдастыру комитетінің өкілдері Өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Еуразия бизнес-форумын ұйымдастыру комитетінің төрағасы Қуаныш Дәуітов аталмыш шараға әзірлік жұмыстары бес айдан бері жүргізіліп жатқандығын, әлі де сондай мезгілге жалғасатынын жеткізді. Оған қоса Кедендік Одаққа мүше елдердің басшылары Алматыда өтетін Еуразиялық бизнес форумға қатысуға шақырылғанын хабарлады. «Бұған дейін тағы да бір пысықтау кездесуі болмақ», — деді Қ.Дәуітов. Еуразия бизнес форумы Алматыда осы жылдың 17-18-сәуірінде өтетінін және мамыр айында Елордада Астана экономикалық форумы ретінде өз жалғасын табатынын жеткізді.

Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button