«Бізге өзгеріс керек»
Республикалық референдумның мәнін, әр дауыстың маңызды екенін кеңінен түсіндіру мақсатында Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлыбек Ожаев Атырау облысына сапары барысында аудандарды аралап, бірнеше басқосулар өткізді. Кезекті кездесу «Шаңырақ» балалар ауылында ұйымдастырылды.
Еңбек ұжымымен кездескен мәжілісмен маңызды науқанға қатысу, оның аясында орын алатын өзгерістер, заңда көзделген толықтырулар туралы кеңінен айтып өтті.
«Бүгінгі күннің өзінде мұнайшылармен, яғни, «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының ұжымымен, спортшылармен, білім саласы қызметкерлерімен кездестік. Мақсат біреу – республикалық референдумның мән-маңызын түсіндіру» деген Нұрлыбек Жұмахметұлы балалар тәрбиесімен тікелей айналысып отырған ұжымның еңбегін де айрықша атап, арнайы келгенін жеткізді.
«Бала – болашағымыз. Бүгін жүзеге асатын өзгерістер ертең сол жастардың еншісіне қалмақ. Білімді, өмір соқпақтарына шыдайтын, бәсекелестікке иммунитеттері қалыптасқан бала тәрбиелеудегі еңбектеріңіз зор. Сондықтан, ұрпақ тәрбиесіндегі ұстаздар, тәрбиеші-аналар ролінің маңызды екенін естен шығармаймыз. Сіздер республикалық референдумға белсенді қатысып, балаларға үлгі болсаңыздар, олар да маңызды науқанның мәнін түсініп, бойларында патриоттық сезім қалыптасады» деді Парламент Мәжілісінің депутаты.
«Қазіргі мақсат – екінші Республика межесіне шығу. Политологтарда екінші, үшінші республика деп жалғаса беретін ұғымдар бар. Осы терминді терең түсіне алып жүрміз бе? Тәуелсіз Қазақстанның тарихы бірінші белес болса, енді бізді екінші деңгей күтіп тұр. Өркениетті елдер дамуына қарасақ, бұл кеңінен белең алған үрдіс екенін байқаймыз. Мәселен, Франция бесінші республика сатысында. Бұл не? Бізге не береді? Қарапайым тілмен түсіндірсек, мемлекеттік басқару жүйесінің жаңғыруы, түлеуі, модернизациялануы. Трансформация жолындамыз, демек өзгеріс керек. Ол заңдық жүйеге де қатысты орын алуы керек болды. Яғни, реформа қажеттілігі туындады.
Мемлекет басшысы Үндеу, Жолдауларында саяси дамудың жаңа моделіне көшу қажеттігін ұдайы айтып келеді. Кейін референдум өткізу туралы ұсынысын жеткізді. Ендігі миссиямыз – өз дауысымыздың маңызды екенін сезініп, референдумға белсенді қатысу» деген Нұрлыбек Жұмахметұлы тақырыпты терең түсіндіріп, ой-пікірлерімен бөлісті.
Ел көлемінде 80-ге жуық балалар үйі болса, Атыраудағы «Шаңырақ» ауылы – бірегей жоба. Директоры Гүлсара Ботатаева өзге өңірлердің озық үлгілерін жинақтап, топтастырғанын айтып, нысанды таныстырып өтті. Жасалған жұмыстардың ауқымды, жобаларының да жаңашыл екенін атаған мәжілісмен ұжымға сәттілік тіледі.
Гүлжан ТАСБОЛАТҚЫЗЫ